Руханият

КҮЛӘШ- АҚЫННЫҢ АНАСЫ

КҮЛӘШ- АҚЫННЫҢ АНАСЫ

Болмысы бөлек – Бекзада

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Күләш Ахметованың шығармашылығы туралы Әбділда Тәжібаев: «Күләш жырлары мені қатты қуантты», десе, Қадыр Мырзалиев: «Күләш Ахметова – көп ақынның бірі емес. Ол өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын», деп баға берді. Ақынның туындылары өмірінен дерек береді. Қуатты қалам иесінің қуанышы да, мұңы да өлеңге айналуы заңдылық. Осы ретте оның ана туралы өлеңдерінің орны ерекше. «Мұң», «Ана», «Шілтер», «Сол тілектен көгердік біз», «Перзенттік парыз», «Ақпан айы», «Керек еді», тағы басқа туындыларынан анасының қайсарлығы мен адамгершілігі, ақыл-парасаты мен кең жүректігі көрінеді. Орыс әдебиетінде Л.Толстой, Ф.Достоевский, И.Тургенов, М.Горькийдің шығармаларындағы ана бейнесі әр алуан қырларымен суреттеледі. Қазақ аналары мен әйелдерінің асқақ та қайсар, ақылды да мейірімді тұлғалары Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Б.Майлиннің «Раушан коммунист», «Күлпаш», М.Әуезовтің «Абай жолы», «Қорғансыздың күні», М.Мағауиннің «Аласапыран», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармаларынан айқын танылады. Өлеңнің жазылуында ішкі себеп, тарих болады. Күләш ақынның ана тақырыбындағы өлеңдерінің жазылу сырын білу үшін әр жылдардағы сұхбаттарын қарастырдық. Ақынның үйіне барып, анасы туралы сөйлесудің сәті түсті. Күләштің анасы Бекзада талдырмаш, нәзік әйел болғанмен, мінезі салмақты адам еді. Жасынан тағдыр тауқыметін тартып, өмірдің қатал сынағынан өтсе де балаларының алдында жас төгіп, егілген емес. Ақынның еске алуында – көзі тұңғиық мұхит тәрізді болатын. Оның көзінен мұңның табы сезілетін. Кеш болса шам жарығымен жазу үстеліндегі қағаздарға шұқшиып, әлденелер жазып жатады. Шаруадан қолы қалт етсе шілтер тоқып, кесте тігеді. Жұмыстан шаршап келген күндері де үй ішіне көктем шуағын сыйлауға тырысады. Мұндайда кешкі астан соң шағын қоржын тамда кәдімгідей «концерт» қойылатын. «Наманганның алмасы» әні әуелегенде Күләш ортаға шығып, майыса билейді. Қол соғып, қошемет танытқан сайын «кішкентай биші» көйлегінің етегі желпілдеп шабыттана түсетін. Сол бір әдемі кезді ақын кейін былай еске алады: Біздің үйден жұрт жаңалық табатын, Әкем елге хабар беріп жаңа, тың. Әңгіме айтып отыратын Түзетіп, Москваның уақытымен сағатын. Біздің үйді сондай қызық үй дейтін, Ешкім бізде үнсіздікті сүймейтін. Кешкі шайдың соңы – концерт, балалар «Наманганның алмасына» билейтін. Анасы Бекзада да өнерден құралақан емес еді. Қолына мандолинасын алып, нәзік саусақтарымен шерте жөнелетін. Мәз-мейрам балалардың биі қыза түседі. ...Бекзада ананың жүрек түкпірінде «мұң» болуының себебі бар-ды. Ертеректе Талас өзенінің бойында, Үшарал ауылында атырапқа «түйелі бай» деген атпен белгілі болған дәулетті кісі өмір кешкен. Атақты байдың Бәзілбек, Нарымбет, Назымбет, Әлімбек атты төрт ұлы болыпты. Ағайынды төрт жігіт сән-салтанатымен серілік құрып, ел назарына ілігеді. Олар түске дейін ақ атқа мініп, ақ камзол, ақ шалбар кисе, түстен кейін қара атқа мініп, қара камзол, қара шалбар киеді екен. Бекзада 1924 жылы серілердің кенжесі Әлімбектің шаңырағында дүние есігін ашады. Соңынан Ханзада есімді сіңлісі ерген. «Айнакөл», «Ақкөл», «Билікөлде» аққу ұшып, қаз қонған мамыражай заман еді ғой ол. ХХ ғасырдың 20-жылдары зорлық-зомбылыққа толы кәмпескелеу саясаты басталғанда, алғашқылардың бірі болып Әлімбектің шаңырағы күйретіледі. Белсенділер үйді тонап, малды айдап, бір-ақ күнде тақыр кедейге айналады. Әулеттегі ересек адамдардың бірі айдалып, бірі қамауға алынып, тоз-тозын шығарады. Белсенділер Бекзаданың әке-шешесін де алып кетеді. Бұл 1929 жыл еді. Үйде кішкентай сіңлісімен бес жастан енді асқан Бекзада қалады. Қараусыз қалған бүлдіршіндерді туысқан әпкесі Ханшайым Таразға әкеліп, жетімдер үйіне өткізеді. Олардың байдың ұрпақтары екенін білдіруге болмайтын. Сондықтан ататектерін Құдайбергенова деп жаздырады. Тағдырдың теперіші мұнымен де аяқталмайды. Бекзаданы Таразда қалдырады да, Ханзаданы зорлықпен ажыратып, Шымкент жақтағы балалар үйіне жөнелтеді. Тірі жетімге балалар үйінде қамқорлық жасалғанмен, бәрібір отбасы жылуы жетпейтін. Көз алдында жендеттер ұстап әкеткен аяулы анасы мен әкесін, шырылдап жылап кеткен сіңлісін сағынып, күтумен болады. Таразда Бекзададан көз жазбай жүрген жалғыз туысы – Ханшайым әпкесі. Ара-тұра балалар үйіне келіп тұратын. Бірде Ханшайым Бекзадаға әкесі Әлімбектің тірі екенін айтады. Қыздың білгені, түрмеден босатылды ма, әлде қашып құтылды ма – әйтеуір әкесі тірі. Анасы Ақтолқыннан хабар жоқ. Аштықтан титықтаған бейбақ әке елден бой тасалап, әрең жүрген көрінеді. Көп ұзамай ол Ханшайым әпкесінің көмегімен әкесімен қауышады. Әкесінің бас бостандығы жоқ екен. Әкелі-балалы шерменделер тек жасырын кездеседі. Әкесінің оны өзімен алып кетсе, асырай алмайтыны анық. Бүкіл елде бір үзім нан табу қиямет-қайым. Оқушы Бекзада өзіндегі аз мүмкіндікті пайдаланып, әкесін аштықтан құтқаруды ойлайды. Сөйтіп, асханаға барған сайын өзіне берілген нан мен қантты тығып, бөлмесіне алып келетінді шығарды. Ешкім жоқта нанды майдалап турап, кептіреді. Әкесі келгенде өз аузынан жырымдаған нан мен қантты береді. Әке байғұс араға күндер салып, балалар үйін төңіректейді. Тұла бойы тұңғышын көріп, мейірімін қандырса, аштықтан талған өзегін жалғайды. Алайда бұл кездесулер ұзаққа созылмады. Бірде қанша күткенмен әкесі келмеді. Содан соң мүлдем көре алмады. 1941 жылы орта мектепті бітірген Бекзада Тараз қаласындағы мұғалімдер курсына оқуға түскен. Кейін сұрастырып жүріп, сіңлісі Ханзаданы тауып алады. Бұл кезде олардың бірін-бірі көрмегеніне он жылдан асқан. Оқуды аяқтаған Бекзаданы Тараздың іргесіндегі Головачевкаға ауылдық кеңес төрағасының хатшысы етіп жібереді. 1942 жылы Қызылшарық ауылына қызметке ауыстырады. Осы күндері Молша жалғыз ұлы Ділдәсін ертіп, ауылына төркіндеп келген. Ұлын әскерден алып қалуға қамданып жүрген ана жақындарының үйінде тұрып жатқан Бекзаданы көреді. Шашын иық тұсынан қиған, талдырмаш, нәзік қыз Молшаның көзіне жылы ұшырайды. Ол мәймөңкелеп, көп сөйлегенді ұнатпайтын, тік мінезді адам еді, бір күні ойындағысын ашық айтты. – Қызым, айналайын! Жатқа қимайтын бала екенсің. Менің де сен қатарлас ұлым бар. Сені үйіміздің бір адамы, қызым ретінде көру мен үшін үлкен бақыт болар еді... Маған келін болсаң қайтеді?! – деді. – Мен сізге қалай келін боламын, балаңызды көрген жоқпын ғой, – дейді қыз күлімсіреп. Молша ұлы Ділдәсін таныстырады. Сымбатты жігіт қызға ұнайды. Ділдә сөзі мен ісі үйлесім тапқан кәдімгі сахна әртісі секілді. Дауысы диктор Левитанның дауысы тәрізді ашық. Бұл кезде Ханзада сіңлісі тұрмысқа шыққан. Сөйтіп, Молша ана Бекзада мен Ділдәны үйлендірді. Соғыс аяқталды. 1946 жылдың сәуірінде Бекзада мен Ділдәнің тұңғыштары өмірге келді. Көрші Ұлтай шеше кіндігін кесті. Балаға жақсы ат қою – ата-ананың борышы. Тағдырмен тайталаса жүріп, бақытқа қол жеткізген шаңыраққа құт болып қосылған қызға ерекше ат іздеген. Радиодан бұл кезде бұлбұл көмей әнші Күләш Байсейітованың әндері берілетін. 24 жасында Кеңес Одағын дүркіретіп, атағы аспандаған әншідей болу барлық қазақтың арманы еді. Дүние есігін ашқан сәбиге Күләш есімі берілді.

«Анасыз көңіл дерті – ерек...»

Ақынның анасы туралы шындықты жаңғыртуымыз – өлең табиғатын тереңірек тануымызға жол ашады. «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Күләш ақынның туындыларының дүниеге келуінің ақиқаттарын былайғы оқырман біле бермеуі мүмкін. Ақын мұраты өлеңнің өзегіне айналған аяулы тұлғаның жүрек түкпіріндегі жарқын бейнесін оқырманына сезім-сырларымен жеткізу болса керек. «Теңіздің дәмі – тамшысынан» дегендей, оның ана тақырыбындағы өлеңдерінен тұтас Күләш поэзиясының ерекшеліктерін, өзіндік стиль-өрнектерін аңғаруға болады. Анасына арналған лирикаларынан асылынан ерте айырылған адамның терең мұңы көрініс береді. Ол тым сезімтал еді. Бала кезіндегі жүрекке түскен мұң арада жылдар өтсе де еш айықпаған. Сағынышы жылдар бойына еселеніп артып отырған. Өйткені мына өмірде ана алақанын, мейірімін айырбастайтын басқа құдірет жоқ екен. Оған ақынның «Мұң» атты өлеңі дәлел. «Сен кеттің, апа, кешікпей, Сездім мен өмір салмағын. Бауырым жылап бесікте Жатты, мен жұбата алмадым. Анасыз көңіл дерті – ерек, Сезіндім өмір дауылын...» – деп жырлайды. Алаңсыз бала көңіл өмірдің тек қана қуаныштан емес, жан-жүрегіңді жаншыр қайғыдан да тұратынын алғаш анасының мезгілсіз қайтыс болуымен сезінген тәрізді. «Өмір дауылының» соғуын, мейірімсіздігін білген. Тағдырдың ауыр салмағына қайраның жоқ. Поэзия – өнер. Сондықтан оған көркемдік тән. Арнау өлең қарапайымдылығымен, бірақ ақын көңіл күйін шынайы, бейнелі жеткізуімен ерекшеленеді. «Өмір дауылы» метафорасы өлең табиғатына сіңісіп кеткен. Ақынның жүрегі нәзік, жаны сұлу. Қашанда ізгілікті, мейірімділікті аңсайды. Өмірдің қызығы мен қуанышын, жетістіктері мен жеңістерін сағынышқа айналған ана бейнесімен байланыстырады. Ана құрсағын жарып шығып, мына дүниеге келмесе мұның бірі де болмас еді. Сондықтан Күләш ақынның пайымында бар қуанышы мен қиындығының басында асыл анасы тұрады. «Ана» туралы өлеңінде: «Қамыққанымда, тарыққанымда, (а) Думан тойлардан жалыққанымда.(а) Қараңғы түнім мен жарық таңымда,(а) Сен шықпадың есімнен, Ана. (б) Гүл алғанымда, қуанғанымда, (а) Өзенге барып су алғанымда. (а) Жылағанымда, жұбанғанымда, (а) Сен шықпадың есімнен, Ана», (б) – деп тебіренеді. Ана бейнесі ақын көңілінде мәңгі бірге. Адамның ойын, қиял-арманын тұсаулайтын күш жоқ. Ендеше асыл ана бейнесі ақынның бүкіл ғұмырында жан-жүрегінде болуы табиғи заңдылық. Ол атақты да, танымал да болмауы мүмкін. Күләш ақынның анасы Бекзада тағдыр тауқыметін ерте тартқанмен, қарапайым ғана жан. Бірақ ақын үшін ең асыл, ең құрметті адам. Сондықтан да Күләш ақын мезгіл-мезгіл ана тақырыбына қайта оралып, өлең-жырлар циклін жасайды. «Ана» өлеңінде ырғақ поэтикалық қуатқа ие. Еспе қайталаулар өлеңнің әуезділігін, ішкі үндестігін күшейткен. Ақын дәстүрлі өлең ұйқасына өзіндік жаңалық (а,а,а,б) әкеледі. Мұндай ұйқас басқа ақындардың шығармаларында бар болар. Бірақ Күләш ақын түршілдікке бармай, өлең ырғағы мен әуезділігін туындының ішкі табиғатынан өрбіткен. Ақынның «Шілтер» деген өлеңі – әдемі лирика. Анасы тоқыған шілтер – ақынның ең қадірлі бұйымы. Өйткені бұл бұйымда ана саусағының табы бар. Көз жанарын тауысып тоқыған кесте жіпте анасының ісмерлігі ғана емес, өмірге деген сүйіспеншілігі, ынтызарлығы жатқандай. Осы кестені үлкен үмітпен тоқып еді-ау. Бүгін міне, ананың қызына қалдырған асыл аманатындай сандық түбінде жатыр. Анасының көзі, анадан қалған ескерткіш. Ақын жүрегі қалай тебіренбесін. Түн ұйқысын бұзып, өлең жолдары тіл ұшына келеді. Мазасыз күй кешеді. Бұл ой мен сезім тек сыртқа шығып, ақын тыншу таппаса, өзге жол жоқ. Ақын жылы төсектен тұрып кетіп, үстел басына отырады. Өзі де ана, ұл мен қыз өсіріп отыр. Сөйте отырып, асыл анасын іздейді, сағынады. «Жаратқан Ие, мезгілсіз баланы анасынан айыра көрме. Бала анасыз жетім қалмасын. Ана мезгілсіз баласынан айырылып аңырамасын. Жер-жаһанға тыныштық тілеп, бар адам бақытты өмір сүрсін» деп, ақын қолына қаламын алады. «Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән, Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң. Жырларымды көп адамдар тыңдаған, Ана, сен ғой естімедің ешқашан. Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған, Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам. Heгe адамды сақтау қиын зат құрлы?! – Дейді менің бота көңілім боздаған...» Шілтер – символ, өмір бейнесі. Адам өлгенмен, оның жақсы ісі өлмейді. Шілтер – өмір жалғастығының белгісі. Ана мезгілсіз өмірден озғанмен, ол перзент көңілінде, ұрпақ жадында сақталады. Ал ақынның жөні басқаша. Бекзада ана бейнесі Күләш ақынның өлеңдерімен көпшілік оқырманға жол тартқан. Ананың балаға сүйіспеншілігі, баланың анаға махаббаты – мәңгілік тақырып. «Шілтер» өлеңінің сезімдік әсері күшті. Ақын өлеңінің шынайылығы жаныңды тербейді. Ақынның ана тақырыбындағы өлеңдері бір тақырыпқа арналғанмен, бірін-бірі қайталамайды. Әр өлең тың толқыныстан туындаған. «Перзенттік парыз» деген өлеңінде өз басындағы жетімдіктің зарын ешкімге тілемейді. Табиғаттың түлеуі, жасаруы кім-кімге де ой салады. Табиғаттың тамаша көрінісімен адам қуанады, қанаттанады. Бірақ кейде көңілдің терең түкпіріндегі мұңды да қозғап өтеді. «Бар дүние елжіреп тұрғанменен, Мейіріміндей өзіңнің қайда бірақ» деуі – ақын көңілінің шындығы. Ойсыз, мұңсыз ақын болмайды. Ой мен мұң – өлеңнің қозғаушы күші. «Ақпан айы» өлеңі – элегия. Ақын мұңымен қосыла мұңданасың. Тағдыр-жазмыштың қаталдығына мойынсынасың. «Қалайша іздемейін, жоқтамайын? Қарасам, Мұңаяды бақта қайың. Аппақ қарын төсейді жүрегіме Ақпан айы – Өзіңнің кеткен айың... Адамдар, қанаттарым олар менің, Солар барда кем көңіл толар дедім. Бақытсызбын демейін, апа, бірақ сен болсаң бақыттырақ болар ма едім?... Ақ шанамен ақ қарда кеткен едің, Содан бері ақпанды жек көремін!». Ақын көңіл сырын табиғатпен бірлікте жырлайды. Ақпан айының қаншалық өзіндік сұлулығы болғанмен, ақын бұл айды жек көремін дейді. Жек көру себебі де белгілі. Ақын өлеңіндегі ерекшелік – сезімі мен көңіл күйін әсірелемей, табиғи жеткізеді. Дыбыс үндестігі (аллитерация – қ,қ, ассонанс – а,а) өлең жолдарының әуезділігін арттырған. «Бақытсызбын демейін, апа, бірақ сен болсаң бақыттырақ болар ма едім?..» деп өзіндік ой түйеді. Ақын өлеңдерінің тілі көркем. Түрлі троп түрлерін орнымен қолданады. «Қараңғы түнім», «жарық таңым», «бота көңіл», «аппақ қар», «ақ шана» эпитеттері, «мейіріміндей» теңеу, «адамдар, қанаттарым» метафора орнымен қолданылса, «жүгіреді жылдар», «бота көңілім боздаған», «шақырып айна бұлақ», «бар дүние елжіреп тұрғанменен», «мұңаяды бақта қайың», «аппақ қарын төсейді жүрегіме» деген өлең жолдарында жансыз табиғат құбылысы адамға тән жандандырыла, құлпырта суреттелген. Ақынның өмірге құштарлығын арттырған ананың балаға, баланың анаға деген шексіз сүйіспеншілігі болар. Күләш ақын ұлы Жарқын мен қызы Жазираға жырларын арнайды. Бұл ақын туындыларына жаңа екпін, тың мазмұн әкелген. «Ботақандарым! Кішкентай сүйкімділерім! Көкірегімді иіскеп, Бұзыңдар ұйқымды менің. Ересектерден көңілім қалған кездерде Сендерге қарап, кеудемде күй тынды керім», – деп аналық сезімін ақтарады. Өзі көрмеген қызықты, балалық қуанышты балаларының көруін тілейді. Аналық махаббатын балаларына мейлінше көп беруге тырысып, аймалап, еркелетеді. Бұл аналық сезім күллі анаға ортақ. Жалқыны жырлаумен жалпының ой-сезімін, асыл арманын, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін айту ақынның азаматтық болмысын аша түседі. Баланың бақытын көру, шат-шадыман күлкісін есту қай анаға болмасын үлкен қуаныш. Ана мен бала арасындағы шынайы сезімді көркем жырлау ақын поэзиясының өзіндік қыры іспетті. Ана – мәңгілік тақырып. Ананы жырламаған әлемде ақын жоқ шығар. Ана – өмір бастауы. Оның бойындағы мейірімділік пен жан шуағы, ұрпақ тәрбиесіндегі орны әрқашан жырлана бермек. Жас өскінге ана тағылымы дәріптеле бермек. Бұл ыңғайда ақын К.Ахметованың өлеңдерінің орны бөлек.

Гүлбайра ТЕЛБАЕВА, Төле би атындағы №8 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Алима БЕКБОСЫН, 7-сынып оқушысы, Тараз қаласы