Қоғам

Тәуекелдер картасы сыбайластыққа жол бермейді

Тәуекелдер картасы сыбайластыққа жол бермейді

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасын әзірлеген болатын.

Агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Даурен Омаров облыста сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспегенін айта келе, бұл картада әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі айқындалғанын атап өтті. – Қазіргі таңда агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі – осы тәуекелдер картасы. Облысымызда картаға жол, инфрақұрылым, экономика және қаржы, олигополия, жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй салалары енгізілген. Аталған сұрақтар өңір тұрғындарын жиі мазалайды. Сондықтан бұл мәселеде жергілікті атқарушы орган мен жұртшылықтың күш-жігерін, мүмкіндіктерін біріктіру өте маңызды, – дейді Дәурен Даниярбекұлы. Облыс әкімінің қолдауымен өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуде құқық қорғау саласы мен жергілікті мемлекеттік аппараттың күш-жігері бірігуде. Бастысы – бюджет есебінен салынып жатқан объектілердің сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы. Қазіргі таңда осы тәуекелдер картасы аясында аумақтық департамент тарапынан бірқатар жұмыстар бастау алған. Бұл жайлы Дәурен Омаров: – Мәселен, ауызсумен қамтамасыз ету және суару мәселелерін шешу үшін «Раис» каналын реконструкциялау кезіндегі қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу, «Барысхан» массивіндегі үйлерді ауызсумен қамтамасыз ететін су құбырларындағы ақауларды жою бойынша шаралар қолға алынды. Жол құрылысы саласында 15 объектінің (сомасы 144 миллион теңге) орташа жөндеу жұмыстары кезінде үстеме шығыстар көрсету, сметалық пайданы асыра бағалау тәрізді деректер мен мердігер мекемелердің сапасыз жұмыстары анықталды. Жалпы мұндай тәсіл жемқорлыққа қарсы күресті әлсіретпейді. Керісінше, алдын ала жұмыс істеу арқылы тиімді әрекет етуге бағыттайды. Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке ұсынылған бастамамыз қолдау тапты. Атап айтқанда, әкімдіктердің жауапты тұлғалары (тапсырыс беруші) кез келген жол төсенділерін салу бойынша жұмысты бастамас алдында көше тұрғындары арасынан комиссия құру, ал облыстық деңгейдегі жолдарда аудандық қоғамдық кеңес мүшелері және сол жолға жақын ауылдардағы ақсақалдар кеңесі қатарынан да комиссия құру туралы. Сол комиссияға жол төсенділерінің қалыңдығы, астындағы материалдың қандай болу қажеттілігі, битум төселімі және т.б. тетіктері түсіндіріледі. Тұрғындардың өзі күнде жүретін жолының сапасына жіті мән береді деп ойлаймыз. Өз кезегінде мемлекеттік органдарға деген сыни ескертпелерден тыйылуға да мүмкіндік береді. Сонымен бірге департамент ауылшаруашы­лық тауар өндірушілерімен кездесіп, сауалнама жүргізді. Шаруалардың жауаптарынан жер тапшылығы мәселесі бар екені анықталды. Және жерге қатысты конкурстардың өткендігін тек аудан әкімдерінің есептерінен еститіндігі белгілі болды. Осы орайда конкурстың ашықтығын және бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін жерді нақты өз жобаларын іске асыра алмай жүрген шаруаларға беру мақсатында конкурсты тек жылына екі рет (нақты айларды көрсете отырып) өткізуді, оған дейін бос жерлер туралы ақпаратты жер бөлімдерінде стендке және әкімдік сайтында жариялауды заңнамалық тұрғыда бекіту туралы ұсыныс берілді. Бұл өз кезегінде шаруалардың бос жерлер туралы ақпаратты білуге ықпалын тигізеді, әрі қарай конкурсқа дейін нақты белгілеген жерге конкурстық құжаттамаларын, бизнес жобаларын дайындауға, кейбір кезде несиелік құжаттамаларын да әзірлеуге мүмкіндік береді. Сол сияқты заңнамалық өзгерістерді қажет ететін басқа да мәселелер зерделенуде, – деді. Сонымен қатар мониторинг аясында тұрғын үй қатынастары саласында ЖАО-ның құрылымдық бөлімшелері тарапынан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамада көзделген кезекте тұрғандардың тізімдерін өзектендіру бойынша іс-шаралар жүргізілмейтіні, кезектен шығаруға жататын 5 725-тен астам адамның кезекте тұрғаны анықталыпты. Аталған мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мониторинг нәтижелері жолданған. Департаменттің араласуы нәтижесінде кезектен 1 075 адам алыныпты. Қалған 4 650 адамды кезектен шығару бойынша іс-шаралар жүргізілуде екен.

Айжан ӨЗБЕКОВА