Қоғам

Пештен шығатын өрт пешенеден емес шығар...

Пештен шығатын өрт пешенеден емес шығар...

«Маугли» атты мультфильмді («Джунгли кітабы» ертегісі) көрмеген адам жоқ шығар. Мультфильм басталып жатқанда Мауглиді қорғаушысы Багира адамдар арасына апармақшы болып, оны маймылдар тобыры ұрлап әкететіні есте болар. Сонда маймылдар Маугли арқылы адамдардың қолындағы «қызыл гүлге» (от) қол жеткізуге барын салады. Ал ертегі желісіндегі аю, қасқыр, қара пума, жылан сынды ақылды хайуанаттар маймылдардың көксегені от екенін сезіп, от қауіпті болғандықтан бұл ойдың жүзеге асуына қарсы болады.

Біздің айтпағымыз, оттан аңдар ғана емес, адамдар да өлердей қорқуы керек. Себебі отты пайдалануда адамдардың оған аса сақтықпен қарамай, салғырттыққа жол беруінің соңы орны толмас өкінішке ұласатыны ақиқат. Адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізіп, қоршаған ортаға орасан зақым келтіретін өрттің шығуы немқұрайдылықтан. Баланың отпен ойнауына жол берумен қатар, жеке тұрғын үй секторындағы жылыту пештерінің ақауы да тілсіз жаудың шығуына басты себеп. Өткен жылдың осы кезеңінде өңірдегі жеке тұрғын үйлерден 325 өрт шығып, шығын 19 миллион теңгеге жеткен. 5 адам жарақат алса, 14 адам қаза тапқан. Биыл да он айдың ішінде жеке тұрғын үйлерде 428 өрт тіркелген. Шығыны 79 миллион теңгені құрап, 5 адам жарақаттанса, 2 адам қаза тапты. Тараз қаласында орын алған өрт оқиғаларының да дені жеке үйлерге қатысты болып отыр. Жалпы Тараз қаласында жеке тұрғын үйлердің 93,5 пайызы табиғи газға қосылса, қала аумағына қарасты алқаптардағы 6 306 тұрғын үйдің 3 355-і табиғи газ пайдаланады. Ал газға қосылмаған, яғни көмір пайдаланатын 2 951 тұрғын үй бар екен. Мұны сөз етуімізге тұрғындардың пеш жағуда қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп болып отыр. – Жылыту маусымында өрттің шығуына және адамдардың опат болуына жылыту жүйелері мен қондырғылары, әсіресе жанатын қабырғалардан, қалқандардан, жабындылардан бөлінбей, мұржасында жарығы бар пешті жағу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылуы себеп болуда. Сонымен қатар бұзылған электр жабдықтарын, электроқұралдарын және қолдан жасалған электр қондырғыларын қолдану және электр жүйесіне түсетін шамадан тыс жүктеме де өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына ықпал етуде. Жасалған саралау-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, жалпы өрт оқиғаларының 80 пайыздан астамы тұрғын алқаптарында орын алып жатады. Ал оның негізгі себебі – пеш жылыту жүйесін, электр жабдықтарын орнату және пайдалану, шылым шегу және балалардың отпен ойнауы сияқты өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, – дейді Тараз қалалық төтенше жағдай басқармасының бас маманы Дархан Калдырбек. Осы мекеменің аға инженері Мейрбек Дүйсембаев тұрғын үй секторында газдан улану оқиғалары да бүгінгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын айтады. Ол жылу беру маусымы кезеңінде азаматтар екі есе қырағылық танытуы қажеттігін сөз етті. – Жеке және көпқабатты үйлерде профилактикалық жұмыстарды күшейту үшін Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері үйлерді күнделікті аралауда. Іс-шара барысында ТЖ қызметкерлері жылыту пештерін, электр жабдықтарын орнату және пайдалану, отпен жұмыс істеу кезінде, соның ішінде темекі тарту, газ аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындарға сертификатталған электр жылытқыштарды ғана пайдалануға, үйлердегі электр сымдарын тек білікті мамандарға жөндетуге, жылыту пештерін уақытында тексеріп, алдын алу шараларын жүргізуге және жас балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға кеңес беруде. Сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдары туралы ойланып, жылыту құралдарын қараусыз қалдырмауға, мұржаларды уақытылы тазалап тұруға шақыру да біздің басты міндетіміздің бірі, – дейді ол. Жеке тұрғын үйлерде улы газдың әсерінен орын алатын қайғылы жағдайлар аз емес. Улы газ негізінде кез келген ағаш, көмір іспетті отынды, газды, керосинді тұтынғанда пайда болатыны анық. Сол үшін әркім от жаққанда оның бықсып, өшіп қалмайтынына, пеш мұржасының бүтіндігіне, құбырлар мен қабырғадағы құдықтардың тазалығына мән бергені абзал.

Шолпан ОРАЗБАЕВА, журналист