Қоғам

Алқабилер ауқымды істерге араласуда

Алқабилер ауқымды істерге араласуда

Алқабилердің қатысуымен іс жүргізу 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап заңдық тұрғыда сот тәжірибесіне енгізілді. Содан бері құқықтық институтты жақтаушылар мен даттаушылар дауы өз өзектілігін жойған емес.

Еліміздің сот тәжірибесінде он бес жылдан астам уақыт қолданыста болғанымен, алқабилердің қатысуымен жүргізілетін қылмыстық істер саны бүгінгі күні едәуір азайып, сот жүйесінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, республикамыздың соттарында алқабилердің қатысуымен 2010 жылы 270, 2011 жылы 339, 2012 жылы 289, 2013 жылы 198, 2014 жылы 65, 2015 жылы 42, 2016 жылы 47, 2017 жылы 72, 2018 жылы 44 қылмыстық іс қаралған екен. Негізі алқабилердің қатысуымен қаралатын сот бір судья мен он алқаби құрамында әрекет етіп, «Іс-әрекеттің орын алғандығы дәлелденді ме?», «Оны сотталушының жасағаны дәлелденді ме?», «Сол іс-әрекеттің жасалуына сотталушы кінәлі ме?» деген үш негізгі сұрақ пен қосымша қойылған жеке сұрақтарды жасырын және жазбаша дауыс беру арқылы (Қылмыстық процессуалдық кодекстің 656-бабы) «құқықтық факт» пен Қылмыстық процессуалдық кодекстің 390-бабы, 1-бөлігінің 5), 6), 7), 8), 14)-тармақтарында көзделген мәселелерді, яғни «құқықтың өзін» ашық дауыс беру арқылы кеңесу бөлмесінде шешеді. Сол арқылы алқабилер сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екендігін анықтап, оған қолданылатын жазаның түрі мен мөлшерін де бірге айқындайды. Сонымен қатар осы біздің үлгі бойынша, судья тек сотталушының іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз өзі айқындап, Қылмыстық процессуалдық кодекстің 390-бабы, 1-бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 15), 16), 17), 18)-тармақтарында және бесінші бөлігінде көзделген мәселелерді де алқабилерден бөлек, өзі дербес шешеді. Алайда алқабилер сотының классикалық (англо-саксондық) үлгісін жақтаушылар аралас үлгі бойынша алқабилердің қатысуымен сот қаралған кезде төрағалық етуші судьяның беделі алқабилер алдында басым түсіп, кеңесу бөлмесінде алқабилерді іс бойынша өзінің қалыптасқан көзқарасына сендіріп, алқабилер кесімі айыптау үкіміне негіз болуы әбден мүмкін деген күдік келтіруде. Осы себептен және алқабилер институтын дамыту үшін еліміз алқабилер сотының классикалық үлгісіне (АҚШ, Ұлыбритания және Ресейде қолданылады) өтуі қажет деген пікірді алға тартатындар көп. Өйткені классикалық үлгі бойынша, алқабилер сотталушының кінәлі, не кінәсіздігі туралы мәселені іс бойынша кәсіби судьяның қатысуынсыз өздері жеке-дара кесім шығару арқылы шешеді. Біздің ойымызша, қазақстандық үлгіге сай кеңесу бөлмесінде кәсіби судья алқабилерді өз жағына иландыруы мүмкін деген күмән негізсіз. Өйткені қазіргі ақпараттық технология жоғары дамыған қоғамда алқаби ретінде танылып, таңдалған әрбір кандидат – тәуелсіз, өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезіне алатын және азаматтық көзқарасы қалыптасқан тұлға. Сондықтан да оған кімнің де болса ықпал етуі екіталай. Сондай-ақ заң талабына сай, әрбір алқаби өз міндеттерін адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердің мән-жайын назарға алуға, істі өзінің ішкі нанымы мен ар-ожданы бойынша шешуге ант береді. Тіпті заңдағы жаңа өзгерістерге сай, алқабилерге бүкіл сот талқылауы барысында іс бойынша процестің басқа да қатысушыларымен бірге төрағалық етушінің де заңда белгіленген тәртіптен бөлек қарым-қатынас жасауына нақты тыйым салынған. Осыған сәйкес алқабилерді өзіне сендіріп, олардың болашақ шешіміне төрағалық етуші судьяның әсер етуі мүмкін деген күмәнді жаңсақ ойдан қалыптасқан, дәлелсіз пікір деп санауға болады. Себебі жалғыз судьяның іс бойынша барлық алқабиді өз дегеніне көндіріп, сол арқылы айыптау үкімін шығаруы мүмкін емес жағдай. 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы №292-VI Қазақстан Республикасының Заңымен қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке тұлғаның құқығын қорғауды күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені баршамызға мәлім. Соның ішінде Қылмыстық процессуалдық кодекстің алқабилерге қатысты бөлігіне де біршама өзгерістер енгізілді. Бірақ қылмыстық құқықбұзушылықтар құрамдарын алқабилер қатысатын соттың қарауына жатқызу туралы ережелер қолданысқа тек 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін болады. Аталған жаңа өзгерістерге сай 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, сотталушылардың өтінішхаты бойынша, оларға қатысты қаралатын аса ауыр қылмыстар туралы іс санаттары алқабилердің қатысуымен қаралуға жататын болды. Яғни алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің соттылығы бұрынғыға қарағанда едәуір кеңейтілді. Осыған сәйкес бұл өзгерістер алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің толқынын қайта көтерер деген мол сенімдеміз. Себебі тәжірибе көрсеткендей, 2013 жылы алқабилер сотымен қаралатын істер соттылығы өзгертіліп, қылмыс санаттары қысқартылғандықтан алқабилермен қаралатын қылмыстық істер саны да күрт азайып, бәсеңдеген. Ал 2015 жылы (2015 жылғы 31 қазандағы №378-V ҚР Заңымен) алқабилер сотының соттылығы төрт қылмыс құрамының нақты жекелеген бөліктерімен (125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстармен толықтырылса да аталған қылмыс құрамдары аз жасалатын болғандықтан, 2018 жылы бұл қосылған төрт құрам бойынша бірде-бір қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралмаған екен. Осылайша сот тәжірибесінде орын алған аз мөлшердегі соттылық салдары алқабилер сотының біртіндеп, яғни аз қолданылуына әкеп соқтырғанын аңғаруға болады. Демек, 2023 жылы алқабилердің қатысуымен қаралатын істер саны қайта артуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Сол себептен де алқабилердің қатысуымен қаралатын істер соттылығын кеңейту – дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп білеміз. Себебі аса ауыр қылмыс жасаған барлық сотталушылардың өздеріне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы құқықтарын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беріледі.

Ләззат ИЛЬЯСОВА, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы