Әлеумет

«Жұлдызайда» жұлдызы жанды

«Жұлдызайда» жұлдызы жанды

Елімізге танымал «Жұлдызай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Жұлдызай-2022» ұлттық инклюзивті ойындарының республикалық кезеңі өтті.

Балалар жылы аясында өткен байқауда облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернатының ұлағатты ұстазы Құрмангелді Тапелов баптаған талантты оқушылар да бақтарын сынады. Біздің шәкірттеріміз аталған байқауда асық ату ұлттық спорт түрінен ерекше көзге түсіп, мергендіктерін танытты. Нәтижесінде 7-сынып оқушысы Жангелді Бақытжанұлы І орынды иеленіп, «Жұлдызайдың» жеңімпазы атанды. 8-сынып оқушылары Данияр Құрмансейіт ІІ, Абунасыр Самарқан ІІІ орыннан көрінді. Осы жарысқа жеткіншектеріміздің барып қайтуын қолдаған, демеушілік танытқан Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығының директоры Саят Бегалиев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Бақытхан Әлімхановтың жанашырлығы шәкірттерімізге дем бергені рас. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Жұлдызай» қоғамдық қорының өкілдері кубок, медаль және дипломдармен марапаттады. Осылайша облыс мерейін тасытқан бұл жеткіншектер ертеңінен үлкен үміт күттіреді.

Ырысхан КӘРІБАЕВА, облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернаты директорының орынбасары