Руханият

Адамдық пен білім диқаншысы

Адамдық пен білім диқаншысы

2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізе бастады. Қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жас ұрпақты адамгершілік-патриоттық бағытта тәрбиелеуді көздеген акция аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында биыл түрлі форматта ақпараттық, көпшілік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 

Атап айтсақ, кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Еліміздің бостандығын аңсаған қайраткер» тақырыбында кеш өтті. Кешке М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев, Тараз қаласындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лаура Дәулетова, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі кітапханасының меңгерушісі, сержант Ақнұр Джалишева, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Перизат Маханова қатысып, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы кеңінен насихаттады. Сонымен қатар Жамбыл политехникалық жоғары колледжімен бірлесіп «Ахмет Байтұрсынұлы – адамдық пен білім диқаншысы» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырылды. Аталған жиынға «Аg jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші-сазгер Сәрсенбек Бәкір, сондай-ақ колледж оқытушылары мен студент жастар қатысты. Кеш қонақтары ұлы ғалымның ғылыми еңбектері мен әдеби мұралары, сондай-ақ өмір жолы туралы сөз сөйлеп, жастар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Кітапхана қызметкері А.Байтұрсынұлының кітаптары мен шығармаларына тоқталып, кітап көрмесін таныстырды.

Жазира БАЗАРБАЕВА, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі