Руханият

ҰЛТЫНА ТҰТҚА БОЛҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТЫНА ТҰТҚА БОЛҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

Ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқына берілген сый, әр адамның санасына жағылған жарық шам секілді. Хат танымаған қазақ халқына әліппе әзірлеп, сауатын ашқан тұлғаның халық арасында мәртебесі жоғары. Ғалымның «Ұлт ұстазы» атануы да бекерден-бекер емес. Өз халқын жанымен сүйіп, жарық сәулеге жол ашқан ойшыл перзентіне деген шексіз құрметі бұл.

Биыл ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Жуырда ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Президент аталған музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «Ахмет Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті» залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық жәдігер жинақталған екен. Ғалым дәл осы үйде 1934-1937 жылдары қызы Шолпанмен бірге тұрғаны бүгінгі жас ұрпақ үшін, тарих үшін маңызды. Музей үйі 1998 жылы ғалымның туғанына 125 жыл толған мерейтойы кезінде ашылыпты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнан кейін Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Жиналған көпшіліктің алдында сөз сөйлеп: «Қадірлі қауым! Бүгінгі күннің маңызы зор. Ұлт ұстазы, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлына Алматыда ескерткіш ашылғаны – баршамыздың мерейлі қуанышымыз. Қазақ халқының білімге көзін ашқан биік тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те лайықты», деп, ғалымның атқарып кеткен еңбегін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегі ерен. Ол осыдан тура 150 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Алаш арысының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып келеді. Тарихи тұлғасы мен арқалаған жүгі, көрген азабы ешбір ханның, ешбір батырдың, ешбір бидің, ешбір ғұламаның тұлғасымен салыстыруға келмейтін екі алыптың бірі Әлихан Бөкейхан болса, екіншісі – Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тарихының ең бір шешуші кезеңінде қатар өмір сүрген қос арыстың маңайына топтасқан ұлт элитасы халқын ұлтсыздандыру нөпірінен аман алып шығу үшін өткел болып төселді. Бәрінің басы бәйгеге тігіліп, бәрінің әулеті қуғынға ұшырады. Абай Құнанбайұлы туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазып, ойшылға қазақ жазба әдебиетінің төрін ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының өзіне «Қазақтың бас ғалымы» деген атақ берсе жарасады. Оған қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, қазақ әліпбиі мен емлесін ғылыми дәйекпен ретке келтіріп, қазақ тілінің лексикалық қоры мен синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға күш салған ғылыми еңбектері мен алғашқы оқулықтар дәлел. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын түсіну үшін Байтұрсын әулетінің арғы-бергі тарихына көз салса жетіп жатыр. Әкесі мен ағаларының нақақ қудалануы жүрегіне шоқ болып түскен Алаш арысы 1937 жылы атылғанға дейін ұлт ұпайын түгендеп өтті. Бұған да оның цензура мен плагиаттан бүгінге әупіріммен аман жеткен ғылыми еңбектері, әлі күнге дейін табылмай келе жатқан құнды дүниелерінің даңқ-дақпырты дәлел. Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады. Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытты. Қазақ халқына Ахмет Байтұрсынұлы деген есім – өте қымбат, аса қастерлі. Неге дейсіз ғой? Қазақ халқының білімге алғаш көзін ашқан ұстаздың бірі – Ахмет. Әліппе, тіл білімі бойынша ғылыми кітаптар жазып, жас әдебиетшілердің көзін ашқан – Ахмет. Халқының көзін ашып қана қоймай, санасын, ұлттық болмысын оятып, рух сыйлаған – Ахмет. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы түсірілген көп сериялы фильмдер де оның жүрегін, халқым деп соққан көңіл күйін, айналасындағы зиялы қауымға адалдығын дөп басып, дәл береді. Ахмет не ойласа да терең ойлайды. Бар арманы – халқының көзін ашып, оятып кету болды. Сол жолда, сол ниеті үшін жазаланып, абақтыға да қамалды. Абақтыда жатып, ғылыми еңбектер, өзінің халқына қажетті кітаптар жазды. Не деген қайсарлық, не деген еңбекшілдік десеңізші. Отанына адал берілген, халқын құрметтеген тұлға нағыз осындай болса керек. Байтұрсынов әлемі – нұрлы жарық әлем. Ахметтің қазақ халқына сіңірген еңбегі – бұл күнде құнды тарих. Ал оның есімі ұрпақтан ұрпаққа ұстаздардың ұстазы, Ұлт ұстазы ретінде жаңғырып, барша халқымыз тарапынан айтыла беретіні анық.

Оралхан ДӘУІТ