Жаңалықтар

Қазақстанда АЭС салынса, оны кім басқарады

Қазақстанда АЭС салынса, оны кім басқарады

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин Қазақстанға АЭС салынған жағдайда оны басқарудың екі нұсқасы қарастырылып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Басқару мәселесіне келсек, әлемдік тәжірибеде АЭС секілді үлкен жобаларды іске асырғанда келісімшарттың әртүрлі нұсқаларын қолданады. Мысалы, жобаның ең танымал нұсқасы - EPC-келісімшарт («толық аяқталған»). Соңғы уақытта атом энергетикасындағы ірі жобалардың жаңа схемалары белсенді қолданыла бастады: жеке капитал басты рөл атқаратын ВОО (build-own-operate) және ВООТ (build-own-operate-transfer). Басқару моделі мен қаржыландыру көзі болашақ жұмыс аясында анықталады», - деп жазылған ҚазАқпарат сауалына жолданған жауапта. Бұл жердегі «ВОО-келісімшарт» (build-own-operate) нұсқасын «Салу-Пайдалану/Басқару/Тапсыру» деп аударуға болады. Халықаралық тәжірибеде мұндай концессия шарты бойынша, АЭС жобасына қаржыны мемлекет те беруі мүмкін, мердігер компания да салуы мүмкін. Біздің жағдайда қаржыны компания салуы керек. Нысан салынып біткен соң компанияға оны пайдалану құқығы беріледі. Бірақ иелік ету құқығы мемлекеттің өзінде қалады. Мердігер компания АЭС салуға жұмсаған шығынын тұтыншулардан алған қаражаттың есебінен қайтарып болған кезде нысанды пайдалану құқығы да мемлекетке өтеді. Ал «ВООТ-келісімшарт» (build-own-operate-transfer) нұсқасын «Салу-Иелік ету-Пайдалану/Басқару-Тапсыру» деп аударуға болады. Мұнда жеке сектордағы компания реактор жобасын қаржыландырып, жобалауға және стансаны салып, жалға берілетін АЭС қызметі үшін тұтынушылардан ақы жинауға франшиза алады. Соның есебінен жалға алу ақысын төлеп отырады. Яғни, келісімшарттағы мерзім біткенше АЭС-ті қолдану, иелік ету құқығы түгелдей тапсырысты орындаушы компанияда болады. Ал мерзім біткен соң оны мемлекетке тапсырады. Бұл жерде де мемлекет АЭС-ке тапсырыс бергенімен оны өзі қаржыландырмайды. Яғни, компания қаржыны өзі табуы керек. Концессия шарты бойынша, құрылысқа кеткен шығынын қайтарғанша нысан компанияның иелігінде болады.