ШАҒЫН АУЫЛДАР АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛУДА
ШАҒЫН АУЫЛДАР АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛУДА
Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Сеңгірбай ауылының тұрғындары ұзақ жылдардан бері жерқұдық арқылы сапасыз ауызсу тұтынып келеді. 36 ауласы бар Әулиекөл ауылының тұрғындарының да ауызсудың азабын тартып жүргеніне көп болды. Тұрғындар пайдаланатын ауызсудың сапасы нашар. Аудан басшысы аталған ауылдарға арнайы барып, жеке модульдік қондырғыларды орнату арқылы ауызсумен қамту жүйесінің жұмыстарын көрді. Бүгінде жоспарлы жұмыстар аяқталуға жақын. Қондырғылары орнатылып, сырты қоршалған нысандар жыл соңында пайдалануға беріледі. – Мемлекетіміз ауыл-аймақтың әлеуетін көтеру үшін кешенді жоспарларды қолға алуда. Елді мекендерді жер көлемі мен халық санына қарай алалау жоқ. Бұдан бөлек Көлқайнар мен Құмсуат ауылдары да тіршілік нәріне қол жеткізетін болады. Жұмыстар аймақ басшысының назарында. Ел игілігі үшін қолға алынған жұмыстар сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек, – деді Ерлан Қыдыралыұлы мердігер компания өкілдеріне. Өз кезегінде Әулиекөл ауылының тұрғыны Әбутәліп Сейілханов көпшілік атынан облыс басшылығына риясыз алғысын жеткізді. – Әулиекөл ауылына қоныс аударып келгелі сапалы ауызсудың дәмін татқан емеспіз. Амалсыздан жерқұдықтағы суды пайдаланып келеміз. Қала маңынан тасып ішетін тұрғындар да бар. Мінекей, бұл мәселе де өз шешімін тапқан сияқты. Арнайы сүзгілері де орнатылуда. Тіршілік нәрі 76 метр тереңдіктен шығарылмақ. Ат төбеліндей ауылға назар аударып отырған басшыларға алғысымызды айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсеновтің айтуынша, аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауызсумен (71,4 пайыз) немесе өңір тұрғындарының 88,8 пайызы (76 028 адам) қамтылған. – Бүгінде 12 елді мекен ауызсумен қамтылмай отыр. Биыл Бесағаш пен Түрксіб елді мекенінде ауызсу құбырының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Тағы 4 шағын елді мекен суды тазартудың жеке модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауызсумен қамтылады. Олар – Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар ауылдары. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауызсумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетеді, – дейді М.Үсенов. Сондай-ақ аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сапарының соңында Қаракемер ауылында құрылысы жүріп жатқан ауызсу құбырының жай-күйін көріп, жауаптыларға халық қажеті үшін қолға алынған игіліктердің сапалы жасалуын қадағалау керектігін ескертті.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы