ПЕДАГОГТАР КӨРМЕДЕН КӨП НӘРСЕ ТҮЙІП ҚАЙТТЫ
ПЕДАГОГТАР КӨРМЕДЕН КӨП НӘРСЕ ТҮЙІП ҚАЙТТЫ
«Өркениет пен ізгілік бастауы – білімде» тақырыбындағы көрме аясында конференция да өтті. Конференцияға облысымыздағы мектеп директорлары, мұғалімдер және жоғары оқу орындарының IV курс студенттері қатысты. Жиынды алғы сөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев: – «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық нақылы. Келешектің кемелдігі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне байланысты. Жасөспірімдерді білімді де әдепті, кішіпейіл де мәдениетті етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Бұл – мемлекетіміздің негізгі ұстанымы. Қазақстанның жарқын болашағы жастармен қалыптасып, дамитыны сөзсіз. Баршаларыңыздың игілікті істеріңізге педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілеймін, – деді. Өзінің тың тәжірибесімен бөліскен «Ustaz.Pro» мекемесінің академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев: – Алғаш жас маман болып мектепке жұмысқа кіргенімде сабағыма қатысқан оқу ісінің меңгерушісі біраз ескертпелер айтқан. Ескертпелерінің барлығын түзеп, әбден тыңғылықты дайындалған сабағыма тағы қатысқанында да сын айтты. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Қанша дайындалсам да ескертпе айту тоқтамаған соң меңгерушіден мұғалімнің қандай болуы керектігіне байланысты заң талабы немесе нақты қағида бар-жоғын сұрадым. Әрине, ондай жазбаша қағида жоқ. Сол сәттен бастап «Балаларға жан-жақты білім, тәрбие бере алатын заманауи ұстаз қандай болу керек?» деген сұрақпен көп іздендім. Тіпті шетелдік педагогтардың ғылыми конференцияларына қатыстым. Сондағы ұққаным – ұстаз алдындағы әр баланың жүрегіне жол тауып, жақсы қарым-қатынаста болса ғана айтқанын санасына сіңіре алады екен. Осы жолдағы үздіксіз ізденістен талмаңыздар! – деп, әлемдік деңгейде жиған тәжірибелерімен бөлісті. «Білім саласындағы трендтер» тақырыбында өз тәжірибесімен бөліскен «Ustaz.Pro» мекемесінің бас директоры Ернар Сарбасов: – Білім беру саласында қызмет еткендіктен білімін үнемі жетілдіріп отыратын ұстаздардың жетістігін зерттеу қызықтырды. Сондықтан әлем бойынша орта біліммен тоқтап қалған және бакалавр, магистратурада оқыған мамандардың өмірлік ұстанымдары мен табыстарындағы айырмашылықты зерттедім. Зерттеуімнің нәтижесінде өз біліктілігін тоқтаусыз арттырып отыратын мамандардың табысы қаржы жағынан да, жұмыстағы жетістігімен де ілгері болатынына көзім жетті. Сондай-ақ шетелдік ғалымдардың зерттеуінше, жоғары білім алған адамдар көбіне спортпен шұғылданып, өз денсаулығын күтіп, мемлекеттің шығынын да азайтады екен. Мұнан бөлек қылмыс жасайтындардың арасында жоғары білімділер өте аз кездесетін көрінеді, – деді. Педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңаша тенденцияларын айқындау, сындарлы идеяларды талқылау, отандық білім мен ғылымды тиімді дамытуға серпін беруді көздеген конференцияда өзге де тәжірибелі мамандар өз ойларымен бөлісті. Облыс әкімдігі білім басқармасының қолдауымен өткен көрме барысында қаламыздағы дарынды ер балалар мен қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейлерінің білім алушылары дайындаған инновациялық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА