Білім

Барлық бала бақытты болуға лайықты

Барлық бала бақытты болуға лайықты

Жуырда Тараз қаласында «Балалардың құқықтарын іске асырудың өзекті мәселелері» атты республикалық кеңейтілген отырыс өтті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге білім беру ұйымдарының басшылары, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қамқоршылық кеңестерінің мүшелері қатысты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Басқосуда әлеуметтік маңызы бар мәселелер қозғалды. Мәселен, Қызылорда облыстық білім басқармасы балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова «Өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды әлеуметтік қолдау мәселелеріндегі жаңа тәсілдері» туралы айтса, «Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды әлеуметтік-құқықтық қорғау» тақырыбында облыстық білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының басшысы Айжан Дүкенбайқызы тың ойларымен және отбасылармен жұмыс жасау тәжірибесімен бөлісті. Кеңейтілген отырысқа қатысушылар мен спикерлер қиын жағдайда қалған балалар мен отбасыларға көмек көрсету орталықтарының жаңаланған тәсілдерін ортаға салып, талқылады. Сонымен қатар «Балалар үйін бітіргеннен кейінгі өмір» тақырыбында аталған орталықтың түлектері пікір білдірді. Жиын соңында қатысушылар өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының қызметімен танысып, олардың жұмыс барысын және нәтижелерін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Кездесу нәтижесінде балалар мен отбасыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарының жұмысын жандандыру, балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар қабылданды.

Аяулым ЖАМАНҚАРА