Оңалту жұмысы жалғасуда
Оңалту жұмысы жалғасуда
Брифинг барысында «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Асхат Олжабай ағымдағы жылдың екінші тоқсанында облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы мекемесінің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде жүзеге асырылған жобаның қорытындысымен таныстырды. – Облысымызға белгілі 10 дінтанушы-теологтардан құрылған топ өкілдері облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелеріне барып, радикалды діни идеологияға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Дінтанушылар пулының жетекшісі ретінде «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Жарбол Болатұлы тағайындалды. ҚАЖД мекемелерінде жеке және жалпы кездесулер, ақпараттық түсіндірулерді жүзеге асыратын дінтанушы мамандарға жоба аясында ай сайын 60 000 теңге көлемінде жалақы төленді, – деді Асхат Олжабай. Оның сөзінше, Тараз қаласындағы түзету мекемелеріне елімізге танымал теолог, психолог, тарихшы және дінтанушы мамандар жиналып, кездесулер өткізген. Жалпы саны 400-ді құрайтын кездесулер оң нәтижесін берген. 6 сотталушы райынан қайтып, радикалды діни ағымнан шыққан. – Жоба аясында атқарылған жұмыстардың ақпараттандырылуы да күн тәртібінен түскен жоқ. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде, ақпараттық агенттіктерде және газет беттерінде жарық көріп отырды. Республикадан келген және тұрақты түрде қаламызда жұмыс істеп жүрген мамандардың анықтамалары, мінездемелері, түзелушілердің психологиялық және теологиялық портреттері жабық ақпарат болып саналады. Сондықтан олар жариялануға жатпайды. Анықталған барлық жайттар, ақпараттар тікелей тапсырыс берушіге қағаз нұсқада өткізілді, – деді А.Олжабай. Айта кету керек, аталмыш жоба алғашқы рет жүзеге асырылып отырған жоқ. Радикалды діни ағыммен күресу жұмыстары әрі қарай да жалғасын табады.
Аяулым ЖАМАНҚАРА