Көнеден жеткен деректерде көп сыр бар
Көнеден жеткен деректерде көп сыр бар
Қазақ жерінде ежелгі дәуірден бастап Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы сияқты мемлекеттер, орта ғасырларда Түркі, Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Қыпшақ тағы басқа моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңдерде Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай ордасы сияқты мемлекеттер болды. Ал Қазақ хандығының құрылуы «жаңа мемлекеттік жүйенің» басталуы болды. Қазақ халқы қалыптасуға бет бұрған кезеңде халықтың тұрақты өмірі мен тіршілігін, атамекеннің тұтастығын, дамуға деген талпынысын қамтамасыз ете алатын жалғыз фактор – мемлекет тұтастығы еді. Мұндай қоғамдық сұранысты дер кезінде түсінген Керей мен Жәнібек сұлтандар болды. Қазақ хандығы ежелден Орта Азияны мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ құраған қазақ халқының бірігуі арқылы ХV ғасырдың орта шенінде құрылды. 1457 жылы Әбілқайыр хан Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Ойраттар Әбілқайырмен аса ауыр шарт жасасып, Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілқайыр өз ұлысында қатал тәртіп шараларын орнатуға кірісті. Бұл халықтың оған деген өшпенділігін күшейтті. Оған қарсы күресті Керей мен Жәнібек сұлтандар басқарды. Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды. Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдар) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін оларды құшақ жая қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Әбілхайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады. Олар осылай күшін нығайтты. Басында елден қашып, олардан бөлініп қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» (қашақ) деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды. 1462 жылы Есенбұға қайтыс болғаннан кейін Моғолстандағы билік дағдарысы қазақ сұлтандарына өздері иемденіп отырған Жетісу жерінде өзінше дара саяси бірлестік құруға қолайлы жағдай туғызды. Қазақ хандарының ешкімге тәуелді болмай, жеке-дара билік ете бастаған кезеңін «Тарих-и Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати шамамен 1465-1466 жылдар деп жазған. Осы 1465 жылдан бастап есептесек, 2015 жылы қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толған болатын. Оны республикалық деңгейде атап өттік. ХV ғасырдың аяғында Керей хан мен Жәнібек хан, кейін Бұрындық хан және Қасым хан (ХVI ғасырдың басы) қазақтың ру-тайпалары мекендеген Сарысу, Сырдария өзендерінің, Арал теңізінің маңында, Қаратау етегінің едәуір бөлігінде өзінің жеке үстемдігін орнатты. Қазақ хандығының қай жылы, қандай жағдайда құрылғаны жайлы дерек бізге Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-и Рашиди» еңбегі арқылы жетті. Кейін В.В.Радлов, Н.А.Аристов, И.И.Крафт, В.В.Бартольд, А.П.Чулошников, Г.Е.Грумм-Гржимайло жалғастырды. Ш.Құдайбердіұлы зерттеу барысында ауыз әдебиетінің мәліметтерін қосып, тақырыптың аясын кеңейтті. Сондай-ақ Мұхамеджан Тынышбаев Қазақ хандығының құрылуын Алтын Орданың күйреуінен бастап, көптеген қосымша деректермен толықтырды. Әрине, әр аңыздың астарында ақиқат бар екені белгілі. Осындай аңыздарды жинақтап, ақиқатына жетіп, Қазақ хандығының құрылуын әлі де зерттей түсу керек болар. Ш.Құдайбердіұлы мен М.Тынышпаев та ел аузынан естіген аңыздарға сүйенсе керек.
Айдын НАВАНОВ, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының маманы