Қазақ хандығының құрылуы: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
Қазақ хандығының құрылуы: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
Керей мен Жәнібек сұлтандар туралы бірінші аңызға зер салсақ. «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмда қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты. Той тарқаған соң Керей хан мен Жәнібек сұлтан жаз жайлауы Қозыбасыға қарай көшіп бара жатқанда Бас Ақтөбеге шығады. Төбе басында тұрып, олар шығысқа бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріпті. Сонда Жәнібек сұлтан: «Алла Тағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар. Қаласаңыз біріне сіз, екіншісіне мен қоныстанып, қала салайық», деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, Алла Тағала сәтін салған күні батысқа – Түркістанға жол жүруіміз керек», депті». Осы аңызға сенсек Керей хан мен Жәнібек сұлтан Шудың бойында ширек ғасырдай мекендепті. Олар қоныс тепкен Шәрі мен Қойшыман осы төңіректегі үлкен қалалардың қатарына қосылған екен. Бір-бірімен іргелес өмір сүрген олар күнде бесінде Бас Ақтөбеде бас қосып, батқан күннің артынан батысқа – Түркістан жаққа телміре қарап, атажұрттың келелі мәселелерін, ел бірлігін, Түркістанға қайта оралар күнді бір Алладан тілейді екен. Екінші аңыз – «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (бұл жерде Ұланбелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр – М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Шудың бойына шаһар салдырыпты (бұл жерде Шәрі мен Қойшыман қалалары сөз болып отыр – М.Е.), олардың жаз жайлауы – Балқаштың жағасы, Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, ал қыстауы – Шудың бойы мен Мойынқұмның құмы екен. Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей Хан тауына жерленіпті. Керей ханның дүниеден қайтқанына екі жыл толғанда, оның ұрпақтары мен Жәнібек сұлтан Сырға қайта көшіпті. Бұл кезде Жәнібек Шу мен Сырға және Арқаға белгілі батыр әрі ақылды, ел құрметіне бөленген сұлтан екен. Шәрі қаласы туралы аңызға келсек, ертеректе Хан тауын қалмақ ханы мекендепті. Оның мың сан қолы Хан тауынан Жамбыл тауына дейінгі аралықта, сексеуілді далада шоғырланыпты. Хан ордасында отырып-ақ Хан тауында, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл тауында, Бас, Орта, Аяқ Ақтөбелерде, Ыстөбеде тұрған қарауылдары арқылы мыңбасылардан хабар алып, оларға жарлық беріп отырады екен. Бір жылы көктемде қалмақ ханы батыстағы, үлкен өзен жағасындағы қалаларды (Сырдың бойындағы қалаларды – М.Е.) шабуға асығыс аттанатын болыпты. Қолының оң қанатына Жамбыл тауының етегіндегі Жыланды бұлаққа, сол қанатына Хан тауының етегіндегі Жыланды сайға, орталық бөлігін Бас Ақтөбеге жиналуға жарлық беріп, түменбасыларын ордаға шақырады. Уәделі уақытта ордаға оң және сол қанаттағы түменбасылары келеді. Ал орталық бөліктегі түменбасы келмейді. Түн ортасында Бас Ақтөбеден келген түменбасы ханның аяғын құшып тұрып, шәрілік қазақтардың Бас, Орта, Аяқ Ақтөбелердегі күзет мұнараларын бұзып, Мойынқұмға сіңіп кеткенін, ал қуғыншылардың оларға жете алмай кері қайтып келгенін хабарлапты. Ызаланған қалмақ ханы Шәрі қаласын өртеп, халқын қырып тастапты». Ұлы көштің бағыты туралы аңыздар да аз емес. Бірінші аңыз: Ақсүмбеліктер айтып жүрген бір аңызда осыдан бірнеше жүз жыл бұрын Көккесене деген жерде жоңғарлармен болған шайқаста Сығанақты билеген хан жеңіліп, көп адам қырылыпты. Ол кезде қоңыраттар Қаратаудың күнгейі мен теріскейін мекендейді екен. Сол жылғы қара күзде Сырдың бойы мен Қаратауды мекендеген қоңырат, арғын, қыпшақтардың бірқатар бөлігі Керей мен Жәнібек бастаған көшке ілесіп, Майшы, Жайылма асулары арқылы Шуға, Шуды жағалап Таласқа, Ұланбел арқылы Хан тауына жетіпті. Келесі жылғы көктемде көштің жалғасы Жамантас, Тұрлан асуларымен теріскейге, Мойынқұмды кесіп өтіп, Шуға, осы өзенді жағалап барып Хан тауына жеткенде үлкен көшке қосылған екен. Екінші аңыз: «Осыдан бірнеше жүз жыл бұрын, бір жылы ел Арқадан Сырға түсіп жатқан қара күзде көштің соңында қалған бірнеше ауыл Майшы асуынан асып, Егіндібұлақ әулиені жанай өтіп, Сасықбұлақтың қарауыл мұнарасынан өтіп, Тақиятөбеге жеткенде Бестам, Мортық жақтан тауға қарай көшіп келе жатқан үлкен көш көрінеді. Күн кеш қарайған шақта Сырдан көшіп келе жатқан ел Тақиятөбеге жетеді. Қымыз, қымыран ішіп, шөл басқан екі көштің ақсақалдары мен батырлары Тақиятөбенің түбінде кеңес өткізеді. Кеңесте Сырдан келе жатқан көштің қариясы бұл көштің дені Сырдарияның бойындағы Асанас, Ақтөбе, Нәнсай, Бестам, Мортық, Күйеутамнан шығып, Керей мен Жәнібек сұлтандардың үлы көшіне ілескен ел екенін айтыпты. Арқадан шыққан жаңа күннің шапағы Сауысқандық асуына төгіліп тұрғанда көштің алды асудан асып бара жатты. Сол кезде Қарамұрын жактан суыт келе жатқан 4-5 атты адам Тақиятөбеде тұрғандарға келіп сәлем беріп: «О, ағайын, бірнеше ауыл таңсәріде Жалғызағаштың бұлағынан үдере көшіп, Қаратаудың теріскей бетімен Созаққа бет алды», депті. Үшінші аңыз: «Ертеде Арыстың жағасында Шарапкент деген үлкен қала болыпты. Оны қаланың жан-жағындағы биікте тұрған қарауылдар күндіз-түні күзетеді екен. Бірде күн кешкірген шақта Жаскешу төбеде тұрған қарауыл Састөбе жақтағы белден асып келе жатқан қалың көшті көріп, Шарапкентке хабар беріпті. Көштің Мырзаның шөлінен (Мырзашөл – Е.М.) шығып, Шуға, яғни Керей бастаған көшке қосылуға бара жатқан ел екенін естіген хан көшбасшыға сый-құрмет көрсетіпті. Арыстың жағасына түнеп шыққан көшті ертесіне хан бастаған қол Құлан, Күйік арқылы Қаратаудан асырып, Мойынқұмды кесіп өтіп, Хан тауына баратын төте жолмен жіберіпті. Енді осы аңыздардағы Қазақ хандығына тікелей қатысы бар тарихи жерлерге, археологиялық ескерткіштерге тоқталсақ. Тұлпарсаз – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм мен Қарабөгет ауылының аралығындағы кең алқапты алып жатқан Шу өзенінің оң жағасындағы саз. Аңыз бойынша, ертеде Көкшеханның тұяғы кетілген, тұлпары байланған осы жерді Тұлпарсаз деп атапты. Тұлпарсаз – 1458 жылы Керейді хан сайлаған тарихи жер. Қозыбасы – Шу мен Талас өзендерін, Балқашты жағалай отырған қалың ел Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары аралығындағы кең алқап. Бұл маңды ежелден «Қозыбасы» деп атаған, қазір де солай аталады. Осы алқаптың ортасындағы алыстан қарағанда қозының басына ұқсас аласа тау – киелі Қозыбасы тауы. Аңыздағы ортағасырлық Бас (Үлкен) Ақтөбе, Орта Ақтөбе, Аяқ Ақтөбе, Ыстөбе қалалары Шу өзенінің төменгі ағысында Мойынқұм ауданында орналасқан. Осы аңыздағы қалмақ ханы өртеген Шәрі қаласының орны мен оған жақын жердегі Қойшыман қаласын 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті археологиялық экспедициясының барлау тобы тауып, есепке алды. Шәрі қаласында 1996 жылы жүргізілген қазбадан өртенген бөлмелердің орындары, 2015 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде Қазақ хандығы кезіндегі құрылыстардың, пештердің орындары және кесененің қалдығы ашылды. Сонымен қатар сол жылы Хан тауындағы Керейдің шатқалынан Қазақ хандығы кезіндегі 10 қыстау есепке алынып, «Керей қыстау» деп аталатын қыстауда қазба жұмыстары жүргізіліп, оның Қазақ хандығы кезіндегі қыстау болғаны анықталды. Аңыздар бойынша, Әбілқайыр хан Көккесененің түбінде жоңғардан жеңілген жылы (1457 жыл) қара күзде Сырдың бойын, Қызылқұмды, Мырзашөлді мекендеген бір түмен ел Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көшке ілесіп, Шуға Қаратаудан келесі бағытта асқан болса керек. Бірінші бағыт – жалғыз ағаштың бұлағында Қаратауды айналып өтіп, теріскейге шыққан, екінші бағыт – Сауысқандық (Майшы) асуымен, үшінші бағыт – Жайылма асуымен, төртінші бағыт – Жаңатас (Жаман қаратас) асуымен, бесінші бағыт – Тұрлан асуымен асқан. Шолаққорғаннан шыққан Ұлы көш Шу өзеніндегі Қызылжайма өткеліне дейін Қарқаралы жолымен (Ескі көш жолымен – М.Е.) жүрген. Жолдың осы аралықтағы бағыты Шолаққорғаннан Құмкентке, одан әрі Қосмая, Қазоты, Нарөлген, Үлкен көл шатқалдарынан өтіп, Айгене шатқалына шыққан. Одан әрі Мойынқұмнан асқан Қарқаралы жолы Шу өзенінің төменгі ағысындағы Қазыққаққан шатқалына, одан әрі қарай Шу өзенін жағалап Қызылжайма өткеліне, Қамқалыға, Тұлпарсазға, Жамбыл, Қойжарылған, Майжарылған, Хантауы тауларына, Қозыбасы алқабына жеткен. Алтыншы бағыт – Мырзашөлден шыққан көш Түйе өткелде (Шыршық өзенінің Сырдарияға құйған жеріне жақын жердегі өткел – М.Е.) Сырдариядан өтіп, Қазықұрт, Машат, Састөбе, Қаратау, Құлан, Күйік асуларымен асып Таразға жеткен. Одан әрі Мойынқұмды кесіп өтіп, Хан тауына шыққан. Қазақ хандығының құрылу мәселесін отандық тарихшылардың бірнеше буын өкілдері зерттеп келеді. Дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Тарихшылар Қазақ хандығы 1445 жылы, ХV ғасырдың 50-жылдары, 1465 жылы, 1465-1466 жылдары немесе 1470-1471 жылдардың бірінде құрылған деген пікірде. 2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын аттап өтті. Аңыздарда Қазақ хандығының құрылған жылы мен жері туралы: «Мойынқұмды қыстап шыққан қалың ел келесі жылы (1458 жылы) көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ атады», деген. Біз Қазақ хандығы 1458 жылы Шу өзеніне жақын жердегі Қозыбасы алқабына құрылды деген пікірдеміз. Қазақ хандығының құрылуына қатысты Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», деп жазған. Осы еңбектің Исфахан қаласында сақталған қысқаша нұсқасында «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан», деп, Қозыбасының орналасқан жерін нақты көрсеткен. Тарихи Қозыбасының орналасқан жері туралы отандық тарихшыларымыз бір-біріне кереғар екі пікірде. Бірінші пікір бойынша, тарихи Қозыбасы Шу өзенінің алқабында орналасқан, ал екінші пікір бойынша, Қозыбасы Алматыдан екі күндік жердегі Тарғап ауылының жанында орналасқан. «Осы екі пікірдің қайсысы дұрыс?» деген сұраққа жауапты аңыздардан іздедік. Аңыздарда Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көштің Шу алқабына келген жылы, Шудың жағасындағы Тұлпарсазда 1458 жылы Керейді хан сайлағаны, Тұлпарсаздан шығып, Шуға жақын жердегі Қозыбасыға барғаны айтылған. Осы жерде Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан» деген сөзіне баса көңіл аударған жөн. Себебі Шу алқабындағы Қозыбасы Шу өзенінен 35-40 шақырым жерде орналасқан, ал Тарғаптың жанындағы Қозыбасы мен Шу өзенінің арасы 130-135 шақырым. Біздің пікірімізше, тарихи Қозыбасы Балқаш көлі, Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары аралығындағы кең алқапта орналасқан. Бұл болжамды Хантаудағы «Хан қорасы», «Хан сатысы», «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы», «Хан оры» деп аталатын орындар толықтыра түседі. Аңыз бойынша, жаугершілік кезінде қазақтың хандары, қолбасылары биік шоқының ұшар басындағы «үлкен хан тағында» тұрып, Хан тауы, Қойжарылған, Майжарылған, Жамбыл таулары аралығын, Қозыбасы алқабын бақылап отырған. Шамасы жаңа құрылған Қазақ хандығы Өзбек хандығы мен Моғолстан арасындағы шекаралас Қаратаудың солтүстік, Алатаудың солтүстік-батыс беткейлерін, Шу-Іле тауларын, Балқаштың жағасын, Батыс Бетпақдала арқылы Сарысу өзенінің төменгі ағысына дейінгі аралықты алып жатқан болса керек. Осы орайда хандықтың құрылу тарихын айшықтап тұру үшін, оның үстіне осы мәселеге бір тоқтам болсын деп басты екі ұсыныс беремін. Бірінші, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Керей хан мен Жәнібек сұлтанның аспан асты музейін ашу мәселесі. Оны іске асыру үшін Шәрі мен Қойшыман қалаларында, Керейдің қыстауында, Хан қорасында археологиялық қазба жүргізіп, олардан ашылған құрылыстарды, Шәрі қаласындағы кесенені, Керейдің қыстауын, Қозыбасыдағы қарауыл мұнарасын қайта қалпына келтіру керек. Екінші, Жамбыл облысының Шу ауданындағы ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласын Алматы – Тараз аралығындағы туристік нысанға айналдыру мәселесі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық Ақтөбені 1974 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы зерттеп келеді. Жүргізілген қазбалар барысында VI-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген қаланың әртүрлі кезеңдерінен сақталған сарайлар, шығыс моншасы, үй орындары, су құбыры желісі, жүзім өңдейтін бірнеше шеберхана ашылды. Қаладағы қазба жұмыстарын жалғастырып, олардан ашылған жаңа құрылыстар мен бұрын ашылған құрылыстарды қайта қалпына келтірсе, ортағасырлық Ақтөбе қаласы Ұлы Жібек жолының Алматы – Тараз аралығындағы туристік нысанға айналар еді. Осы екі ұсыныс-жоба қолға алынып, іске асырылса, таяу жылдарда Жамбыл облысында бірнеше туристік бағыт ашылып, туризмді дамытуға жаңа серпін бермек.
Мадияр ЕЛЕУОВ, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры