Жуалыдағы ауылдар 100% табиғи газбен қамтылады
Жуалыдағы ауылдар 100% табиғи газбен қамтылады
Биыл ауызсу және табиғи газ жүйесі құрылысы және автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін 28 жоба жоспарланып, оған 3,3 миллиард теңге қаралған. Халықтың тұрмысын жақсарту, елді мекендерді таза ауызсумен қамту біздің жоспардың бір бағыты. Жыл санап өңірімізде таза ауызсумен қамтылған елді мекендер саны арта түсуде. Бүгінгі таңда ауданда орталықтандырылған ауызсумен қамтылған елді мекен саны – 31. Яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда. Таза ауызсумен қамтылмаған 18 елді мекен бойынша айтатын болсақ, биыл жеті елді мекенде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарына таза ауызсу құбыры тартылуда. Тасбастау-Кәріқорған, Байтерек ауылдарында басталған құрылыс жұмыстары алдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ Ақтасты ауылындағы ауызсу жүйесіне «Жуалы Су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауызсу кіргізілуде. 2022 жылдың қорытындысымен таза ауызсумен қамтылған елді мекендер саны 35-ке жетпек. Ақтасты ауылындағы құрылыс жұмыстары аяқталса, аудандағы елді мекендердің таза ауызсумен қамтылуы 73,4 пайызды құрамақ. Бұдан бөлек, 3 елді мекенге таза ауызсу тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында да ауқымды жобалар қолға алынып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Биыл 5 елді мекенге табиғи газ кіргізу жоспарланса, бүгінгі таңда 4 елді мекенде, атап айтсақ, Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған, Ақтасты ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталып, аудандық газ мекемесінің теңгеріміне өткізу жұмыстары басталып кетті. Ал Қошқарата ауылындағы құрылыс жұмыстары өтпелі болғандықтан келесі жылы пайдалануға берілмек. Осылайша аудандағы елді мекендерді табиғи газбен қамту үлесі 45 ауылға жетіп, 91,8 пайыз құрамақ. Яғни, 9 697 аула көгілдір отынға қосылып, пайыздық үлесі 96,8-ге жетіп, 51 563 тұрғын, яғни аудан халқының 97,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көреді. Сонымен қатар қалған Билікөл аймағындағы Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қарауынан шығарылды. Аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендер 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Уақыт талабына сай көшелерді, жаяу жүргінші жолдары мен саябақтарды жарықпен қамту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл 6 көшеге жаңадан жарық жүйесін орнату көзделген. Жыл соңына дейін 272 ауылішілік көшенің 192-сі, яғни 70 пайызы жарықтандырылады. Құрылыс саласында да атқарылып жатқан жобалар баршылық. Биыл салада 28 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 26 жоба бойынша жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін 23 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға тиіс. Қалған 5 нысан алдағы жылға өтпелі. Тұрғын үй мәселесі де – билік назарында. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде – 710, тұрғын үй салу үшін жер телімінің кезегінде 3 354 адам тұр. Кезектілік мәселесін шешу мақсатында өткен жылы Б.Момышұлы ауылында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, биыл аяқталды. Ендігі жерде инженерлік-инфрақұрылымын тарту жұмыстары қалды. Ол үшін қосымша қаражат қарастырылуда. Бұл көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға биыл беру жоспарымызда бар. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 36 жас маманды, «Асарлатып үй салу» жобасымен 14 отбасын тұрғын үймен қамту көзделген. Биыл Б.Момышұлы ауылында 60 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйдің және 18 пәтерлі 3 қабатты бір үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді. Қаражат бөлінген жағдайда 2025 жылға дейін кезекте тұрған 636 адам пәтермен қамтылады. Сондай-ақ тұрғындарды жер телімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары да басталып кетті. Атап айтсақ, өткен жылы Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе тұрғын алқабынан 170 жер телімі кезектегі азаматтарға үлестірілді. Биыл үш тұрғын алқапта, атап айтсақ, Теріс, Нұрлыкент және Қосбөлтек елді мекендерінің әрқайсысынан 63-тен жер телімі беріледі. Ол тұрғын алқаптар электр желісімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда ауызсу мен газ желілері тартылуда. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылған бағыттар мен бағдарды басшылыққа ала отырып, жұмыс жалғасын таба беретін болады. Мемлекеттік жобалардың тиянақты, әрі сапалы орындалуына күш салатын боламыз.
Асхат ЖАБАҒЫ, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары