ЖОЛДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН ЖАУАПТЫ МАМАНДАР БАҚЫЛАЙДЫ
ЖОЛДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН ЖАУАПТЫ МАМАНДАР БАҚЫЛАЙДЫ
Қатал сыншы қыстың хабары сезілген сайын жауапты сала мамандары жұмылған жұдырықтай қызмет істеп, қыстан қысылмай шығудың барлық қам-қарекетін жасап бағуда. Республикалық маңызы бар және де жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын күтіп-баптау жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Шыны керек, соңғы жылдары еліміздің барлық аймағында жол-көлік апаттарының саны күрт өсіп, талай адамның қаны қара жолға сіңіп, талай арман қара жолда үзілді. Әсіресе, ақ қар, көк мұзда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан қыс мезігілінде жол апаты тіпті жиілеп кететіндігі жасырын емес. Мәселен, «Күйік», «Шақпақ ата», «Қордай» асуларында қыс мезгілінде жол апаттары көптеп тіркеледі. Кей жағдайларда жолаушылардың өзі ескертулерді құлаққа қыстырмай, жолға шығып кетуінің салдары қайғылы оқиғаға әкеліп соғып жатады. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы обл ыстық фил иа лы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев облыс аумағындағы респу блик алық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы маусымға дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. – Облыс бойынша респу блик алық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1 195 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда құрамына 4 жол пайдалану бөлімі және 9 жол пайдалану пункті кіретін облыстық филиал тарапынан (491 шақырым) және «ШымкентСпецКомплекс» серіктестігімен (295 шақырым ақылы жол) күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 409 шақырымда «Меркі-Бурылбайтал» (200 шақырым) және «РФ шекарасы-Астана-Алматы» (209 шақырым) автожолында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Облыстық филиал тарапынан 5 жылу пункті және 5 өндірістік база дайындалды. Барлық 58 жол техникасының 54-і (шнекоротор – 3, КДМ – 24, автогрейдер – 9, трактор – 12, бульдозер – 2, погрузчик – 4) дайын. Қосымша 9 арнайы техниканы жалға алуға келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек 4 736 текше метр құм (50 пайыз), 1 766 тонна тұз (100 пайыз), 35 тонна көмір (100 пайыз), 32 тонна химиялық реагент (100 пайыз) дайындалды. «Тараз-Қайнар» және «Тараз-Шымкент» ақылы учаскелерінде 3 жылу пункті және 5 өндірістік база қыс мезгіліне дайындалды. Барлығы 43 бірлік жол техникасы сақадай сай тұр. Сондай-ақ уақытша қысқы жылжымалы қар ұстағыш қалқандар, жүргізушілерді хабардар ету үшін 775 дана уақытша жол белгілері орнатылды. Жол бойында 11 ақпараттық электронды табло үнемі жұмыс істеуде. Сонымен қатар іс-шаралар жоспарына сәйкес тәулік бойына диспетчерлік кезекшілік қызмет ұйымдастырылып, барлық жол учаскелеріне жауапты қызметкерлер тағайындалды. Ауа райының қолайсыз күндерінде хабарлау сызбасы, қысқы техникаларға механизаторлар мен жүргізушілер бекітілді. Қысқа дайындық жұмыстары жалғасуда және филиал тарапынан қатаң бақылауда болады, – дейді Д.Төлтаев. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков те аймақтағы жалпы пайдаланымдағы автожолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстауға дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді. Бақытжан Оразалыұлының айтуынша, өңіріміздегі жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзақтығы 3139 шақырымды құрайды. Облыстық маңызы бар – 1 756 шақырым, аудандық маңызы бар – 1 383 шақырым. 2022 жылғы 27-29 қазан аралығында басқармамен автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданған. Жалпы жергілікті маңызы бар жолдарды 2022 жылғы қараша-желтоқсан айларында күтіп-ұстауға 189 миллион теңге бөлініпті. Бұл жұмыстарға 23 мердігер ұйым тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда анықталған мердігерлермен 186 бірлік жол техникасы мен жабдықтар, 7 010 тонна құм (жоспар 10 205 тонна), 890 тонна тұз (жоспар 1 115 тонна) дайындалған. Ал аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға 93,5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Аудандарда да инертті материалдардың дайындығы аяқталуға жақын. Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, табиғат қандай тосын мінез танытса да, сала мамандары бел шеше күресуге дайын тұр. Жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ал атқарылған жұмысқа алдағы қыс сыншы.
Талғат НҰРХАНОВ