Мазасыз мамандықтың майталманы
Мазасыз мамандықтың майталманы
Кезекшілікке түскенде қауіппен бетпе-бет келуге даяр тұратын олардың жұмысы жұртшылық алғысына лайық. Тілсіз жауды тізгіндеп, суға батқанды құтқарып, сел мен тасқынға төтеп беріп жүрген төтенше жағдайлар органдарының жалақысы мардымсыз екені жанға батады. Оны жуырда Қостанай облысында болған орман өртінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Жаңа кірген жас маманға 110 мың теңге жалақы төленетіні, зейнетақы және басқа да жарналар мемлекет тарапынан түсетіні, полиция секілді пәтер жалдау үшін ақы берілмейтіні баршамызға белгілі. Осындай кедергілерге қарамастан күнелтіп жүрген күрескерлердің ісіне еріксіз таңдай қағасың. Елімізде жыл сайын құтқарушылар күні атап өтілуі де қиындығы мол сала мамандарына деген құрмет. Машақаты мол мамандық иелерінің ішінде өз ісінің майталмандары жетерлік. Оларды көпшілікке таныстыру, еңбегі мен ерлігін үлгі ету біздің міндетіміз. Сондай жанның бірі – Шу аудандық №5 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі, азаматтық қорғау прапорщигі Жандос Жұмырбай. Өртке қарсы көлікті тізгіндейтін Жандос Жұмырбай 1978 жылы Шу ауданына қарасты Шоқпар ауылында дүниеге келген. Тасты басып табаны қатқан, желдің өтінде жетілген ол осы ауылдың мектебінен білім алған. Оны тәмәмдаған соң, Алматы қаласында теміржолшы мамандығы бойынша оқуға түскен. 1999–2001 жылы әскер қатарына шақырылған Жандос Сейітқұлұлы Теміртау қаласында азаматтық борышын өтейді. Басуға тиісті баспалдақтардан өткен оның алғашқы еңбек жолы Алматы облысы Райымбек ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде басталған. Осында 4 жыл қызмет істеген ол 2006 жылдың шілдесінде туған жерге оралады. Содан бері Шу қаласында орналасқан №5 өрт сөндіру бөлімінде табан аудармай қызмет етіп келеді. Жиырма жылдық тәжірибесі бар жүргізуші жұбайы екеуі қос балапанды тәрбиелеп отыр. – Жұмыс барысында бірінші айдаған көлігім «ЗиЛ 130» маркалы техника болды. Алғашқы дабыл қағылып, шақыруға бара жатқандағы қобалжуымды әлі ұмытар емеспін. Сондағы бар ойым өрт сөндіруге кетіп бара жатқан жігіттерді аман-есен жеткізіп, жұмысқа алып келу болды. Ақпан айы болатын. Жеке сектордың құбырынан ақау шығып, шатыры өртенген екен. Жеке құрам оны ауыздықтауға кірісіп, өртті сөндірді. Жұмыстың алғашқы күндері қасымда аға жүргізуші болатын. Ол ақыл-кеңесін беріп, мен үйренгенше екі ауысымдай жанымда болды. Бұйрығымды алмастан бұрын осы істің қыр-сырын үйреніп, оқуын оқыған едік. Іс жүзінде басқаша екенін сонда түсіндім. Өйткені цистерна толы сумен тез жүргенде көлік те шайқалатынын, оны басқару оңай еместігін сезіндім. Мұның барлығының түйіні тәлімгерімнің кеңесімен тарқатылды. Содан бері жылдар жылжып ағып, зейнеттік демалыс жақындап қалғанын сезбей де қалыппын, – дейді Жандос Сейітқұлұлы қызметінің бастапқы жылдарын есіне алып. Бүгінде ұжымның ардагеріне айналып отырған Жандос Жұмырбай азаматтық қорғаудың соңғы прапорщигі. Себебі, бұдан кейін мұндай шен кейінгілерге берілмейтін көрінеді. Әкесінің киімін, жүріс-тұрысын жақсы білетін оның ұлы да келешекте құтқарушы болуды қалайды. Көрген-түйгенін жастарға үйретуден жалықпайтын сақа жүргізуші жас әріптестердің ілтипатына дән риза. Демалысында қосымша іспен айналысатын жас қырандардың жұмысқа деген ынтасы зор. Одан бөлек Отанға деген сүйіспеншілігі де ерекше. Соларды көріп өзімнің жастық шағым, осы қызметтегі алғашқы кезеңдерім есіме түседі дейді кейіпкеріміз. Үйден шыққанда аман-есен оралсам деген арманы бар кейіпкердің әрбір күні болжай алмайтын оқиғаларға толы. Басты қызметі өрт сөндіру көлігін басқару болған Жандос Жұмырбай барған жерінде үзеңгілестеріне болысады екен. Су ағызу, саты құруға көмектесу, тағы да басқа шаруалардан шет қалмайтын ол өрт салдарынан өкінішті жағдайларға да куә болған. – Жұмысқа келгенде гаражды ашып көліктің техникалық күйін тексеремін. Дөңгелегін қарап, суы мен майын көремін. Керекті жерлерін жөндеймін. Одан кейін шақырулар түсіп қалар деп диспетчер жаққа назар салып жүремін, – дейді ол өзінің жұмысымен таныстырып. Адамның адамгершілігі жақсы дос, жақсы ұстаздан екені ақиқат. Жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрген Ж.Жұмырбай өзіне септескен тәлімгерлерін жадында сақтаған. Шуға келгенде оған Тілеужан Искаков, Тілек Сәуеев, тағы да басқа қанаттастары көп көмектескен. Жетісудан келген Жандосқа көше аттарын жаттауға, басқа да тансық дүниелердің сырын білдіруде аға буын аянып қалмаған. – Бұрын көліктер бізге жол беруге асықпайтын. Қазір шұғыл шақыруларда дабылды қоссақ, көліктер шетке ығысып, бізді алға шығарып жүр. Сол үшін халыққа алғыс айтқымыз келеді. Кейде бағдаршамның қызылына тоқтауға тура келеді. Бұрын өтуге болатын. Кейін оған шектеу қойылды. Өйткені жол көлік оқиғасына ұшырауымыз мүмкін. Осы себептер оқиға орнына жетуге сәл кедергі келтіреді, – дейді ол. Құрметті демалысы таяп қалған ардагер өзінің інілерін құтқарушы болуға шақырады. Әрі төтенше жағдайларды жою саласында тер төгіп жүрген барлық әріптестерін төл мерекелерімен құттықтайды. Расында, осы салада еңбек ететін барша жандарды жүрек жұтқан деуге болады. Олардың қызметі мен қадірін соңғы оқиғалар бәрімізге түсіндірді. Сондықтан ұлыңыз, еріңіз, аға немесе ініңіз құтқарушы болса, батыр деп қолдарын қысып қоюдың еш сөкеттігі жоқ. Тілсіз жау тізгінделе берсін. Төтенше жағдайлар болмасын!
Байжан ЕМБЕРДІ, Шу ауданы