Жаңалықтар

Сұлуынан жылуы» маңызды

Сұлуынан жылуы» маңызды

Тарихы терең Тараздың көркі күннен-күнге көз тартып, шығыстық үлгіде бой көтерген түрлі ғимараттар көрген жанның көңілін марқайтатын дәрежеге жетті. Мәселен, Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Алайда сырттай сүйсінткен сұлулығын қайтейік, пайдалануға берілгелі ішкі «жыры» бітпей-ақ қойды. Нақтырақ айтсақ, орталық жылу жүйесіне қосылмаған ғимараттың адам демімен жылынып тұрғанына биыл төртінші жыл. 

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан 4 нысан (облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Көрме залы», Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы) облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының теңгерімінде. Аталған басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қыркүйек айында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына 2, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына – 3, облыстық тарихи-өлкетану музейіне – 3 және «Көрме залына» 3 стабилизатор алынып, барлығы 11 стабилизатор орнатылып, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Нысан ішін жылыту мақсатында орнатылған алты агрегаттың қаражаты биылғы бюджет есебінен үнемделіп қарастырылса, қалған 5 агрегатты алуға (әрқайсысының бағасы – 650 мың теңге) облыстық бюджеттік комиссияға өтінім беріліпті. Алайда, әу баста күн энергиясынан қуат алады деген идеямен салынған ғимараттардың бүгінде күннен энергия алатын панельдерінің ешқайсысы қосылып тұрған жоқ екен. Себебі, іске қосатын маман тапшы көрінеді. Тағы бір себебі, құрылғыларды қосу үшін қосымша құрылғылар алу керек болып тұрған сыңайлы. – «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» дегендей, біз осы нысанды пайдаланушы болғандықтан ішкі жылу мәселесі турасында келеңсіз жағдайды бірнеше жылдан бері айтып келе жатырмыз. Дегенмен биыл облыс әкімі тарапынан сең қозғалып, жауаптылар мен тиісті адамдар келіп, көріп, тексеріп кетіп жатыр. Нысанның жылы немесе суық болуы қыстың қандай болатынына байланысты. Алғашында күн энергиясын пайдаланамыз деп жоспарланған. Негізі бұл пайдалана алсақ өте тиімді және пайдалы. Өйткені күн көзінен алынатын энергия арқылы жарық және жылу мәселесін де шешуге болады. Барлық бөлмелерде ішіне май құйылған радиаторлар орнатылған. Радиаторлар электр қуаты­мен жұмыс істейді. Қуатты күн­нің көзінен алады. Әрі радиаторлардың өзіндік артықшылықтары көп. Тіпті телефон арқылы басқарылатын жүйесі де бар. Ол арқылы бөлме температурасын реттей аласыз және өзі автоматты түрде жеткілікті электр энергиясын алады. Қызғанда энергия көзін өзі бұғаттай алады. Сонымен қатар қазіргі пайдаланылып жүрген радиаторлардың көбінің ішінде су болады. Соны қайнату арқылы жылу шығарады. Ал бұлар май арқылы жылынады. Оның екі түрлі артықшылығы бар. Біріншіден, ішіндегі қызған май өз бойында суға қарағанда жылуды көбірек сақтап тұра алады. Яғни аяқ астынан электр қуаты өшкен жағдайда да өз қызуын жоғалтпай, суымай тұрады. Екіншіден, май су сияқты мұз болып қатып қалмайды. Токқа қосылмай қалған жағдайда да жарылмайды. Міне, бұл біздің нысандарға қойылған радиаторлардың әу бастағы ойластырылған пайдалы тұстары. Биыл облыс әкімінің қолдауымен қондырғылар қайтадан іске қосылып жатыр. Бірақ оның қаншалықты жылу беретінін алдағы қыста көреміз. Егер біз орталық жылу жүйесіне қосылсақ, тіпті жақсы болар еді, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев. Ал қалалық құрылыс бөлімінің қызметкерлері қазіргі таңда жылу мәселесі түбегейлі шешілгенін, ондағы ғимараттардың жылуы үздіксіз бақылауда болатынын айтады. – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан ғимараттардың жылу жүйесі бүгінге дейін шешімін таппаған мәселе болатын. Тіпті кейбірінің жылу батареялары істен шыққан. Алайда бүгінгі таңда сол нысандарды салған мердігер компания шақырылып, олар жылу жүйесі мен күн батареяларын орнату бойынша жұмыстарын істеді. Ондағы күн энергиясынан қуат алатын 126 батареяның 76-сы қайтадан қалпына келтірілді, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Ғалымжан Қайпов. Өкінішке қарай мәселе қалалық құрылыс бөлімінің берген ақпаратындай шынайы болмай тұр. Өйткені мердігер компания – «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеген батареялар қайтадан күйіп кетіпті. Ал көркем сурет галереясындағы мамандар ғимараттың іші ет сақтауға болатындай суық екенін айтып зар қағуда. Тіпті облыстық халық шығармашылығы мекемесінің қызметкерлері қабат-қабат киімдерін шешпей отырса да тоңазытқышта отырғандай күй кешіп отырғанын айтады. Біз толық мән-жайды білу үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейтжан Ілияспен тілдесіп көрдік. – Мұндағы нысандардың сыртқы формасы бірдей болып бой көтергенімен бәрін бір мекеме салмаған. Мәселенің бәрі осы жерден шығады. Мысалы, қазіргі таңда біздің музейдің іші жылып тұр. Мұнда қойылған батареялардың бәрінің күйгендері қалпына келтірілді. Қазіргі таңда барлығы жұмыс істеп тұр. Ал бұл батареялардың күйіп кетуінің себебі неден десеңіз, былтырғы жылы біз бұл батареялардың қалай іске қосылатынын толық білмегендіктен, токқа қосқанда бірден күйіп кетіп отырыпты. Өйткені бұл батареялардың стандартты қабылдайтын электр қуатының күші 220 кВт-қа арналса, бізге келіп тұрған электр қуатының күші 250 кВт екен. Яғни жоғары кернеулі токқа қосылған батареялар күйіп кетіпті. Сонымен биыл біз қосымша стабилизатор сатып алып, қайтадан іске қостық. Қазір қалыпты жағдайда істеп тұр. Музейде жылу жағынан еш мәселе жоқ. Өйткені күйіп кеткен батареяларды да осы музейді салған «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеп берді. Ал енді мәселе қай жерде десеңіз, біздің музейге қарасты «Көркем сурет» галереясында болып отыр. Өйткені оны басқа мердігер компания салған. Оларды да шақыртып, көрсетіп, батареяларды қайтадан іске қостырған. Алайда ол қайтадан күйіп кетіп, істен шықты. Енді ол мәселені шешудің жолы – музейдің құрылғыларын іске қосып берген «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін шақыру. Өйткені олардың маманы жеткілікті көрінеді. Әрі солар жөндеп, іске қосып берген батареялар күймей, жақсы істеп тұр. Жалпы қазір музейдің ішіндегі «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеп, іске қосып кеткен 40 батарея толығымен істеп тұр. Ал «Көркем сурет» галереясындағы 5 батарея жұмыс істеп тұр, 25-і күйіп кеткен, – дейді С.Ілияс. «Егер орнатылған құрылғылардың тиімділігі жоғары болса, онда бүкіл халықтың қуанышы болмақ. Ал егер жылдағысы жылда күйіп, не жылу бере алмай, не жөнделмейтін болса, онда мұндай замануи техникаға рақмет. Елмен бірге орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, тыныш отырғанымыз абзал» дейді ондағы түрлі мекеме мамандары. Біздің де тілек сол. Қаламыздың ажарын ашып тұрған «Көне Тараз» кешенінде бой көтерген жаңа ғимараттар қайтадан көнеріп кетпесе екен дейміз.

Шапағат ӘБДІР