Қоғам

Мемлекеттік тілге мән беріле бастады

Мемлекеттік тілге мән беріле бастады

Бұған дейін газетіміздің бірнеше нөмірлерінде облыс орталығындағы көптеген дүкендер мен дәмханаларда баға көрсеткіштері мен ас мәзірлерінің тек орыс тілінде жазылып келгенін сын тезіне алғанбыз.

Олардың бірқатары Заңға бағынатындарын, қателіктерін түзейтіндерін айтса, кейбірінің бізбен тілдескен әкімшілері сырғытпа жауап қайтарғанын да жазғанбыз. Ал біз кемшілігін көрсеткеннен кейін заңсыз әрекеттерін жөнге келтіргендерін газет бетінде «Нәтиже» айдарымен де жарияладық. Бір айта кетерлігі кейбір кәсіпкерлермен тілдесу барысында олардың Заң талаптарынан бейхабар екенін біліп, оны да ашып көрсеттік. Осы ретте жеке кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істейтін облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына арнайы барып, аталған мәселе жөнінде сұхбаттасқан едік. Сол кезде жалпақ жұртқа жар салып сүйіншілердей жаңалықты естіп, қуанғанымыз рас. Енді өңіріміздегі кәсіпкерлік нысандардың барлығында ақпараттық жазбалар қыркүйектен бастап мемлекеттік тілде жазылатын болды. Тарқата айтсақ, аталған басқарманың ішкі сауда және жергілікті қамтуды талдау бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев облыс орталығындағы барлық кәсіпкерлік нысандарды аралап, оларға еліміздің «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін жеткізді. – Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен кәсіпкерлер арасында ҚР «Тіл туралы» Заңның талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп бастадық. Тараз қаласындағы «Дәмді себет», «Фиркан», «Нұрислам», «Смарт», Әлеуметтік дүкендер мен «Диана» секілді ірі сауда орындарын аралап, арнайы QR код арқылы бірден Заң талабы көрсетілетін әдістемелік нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қатар сауда орталықтарының сатушылары мен дәмхана қызметкерлеріне ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заң талаптарын түсіндіріп, халыққа мемлекеттік тілде қажетті және сапалы ақпарат ұсыну керегін ескерттік. Ірі сауда орындарының басшыларымен біз тікелей жұмыс жасап отырмыз, оларға жағдайды жеткіздік. Бәрін де түсінді, өте қысқа уақыт ішінде баға көрсеткіштерін қазақ тілінде жасап шығаратын болды. Сол секілді дәмханалар да, соның ішінде «Baristacrаt» кофеханасы да ас мәзірінің мемлекеттік тілдегі нұсқасын жақын арада жазатындарына уәде берді. Алдағы қыркүйек айында Тараз қаласындағы дәмхана, дүкендерде баға көрсеткіштері мемлекеттік тілде жазылатын болады. Және тұтынушы қай тілде қайырылса, сол тілде жауап беру керегі де Заңмен міндеттелгенін баса айттық. Мемлекеттік тілді қолдану жағынан кәсіпкерлік нысандар тарапынан енді шиеленістер тумайды деген ойдамыз, ондай кикілжіңнің болмауына, алдын алуға жұмыс жасап жатырмыз, – деді Бақытжан Маратұлы. Түрлі ақпарат көздерінен Алматы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы шаһардағы барлық қоғамдық тамақтану орындарына ас мәзірінің қазақша болуын міндеттейтін ескерту жібергенін естіп жатырмыз. Яғни ас мәзірінің бөлек қазақша нұсқасы болуы керек немесе ортақ ас мәзірінде тағам атаулары мен сипаттамалары орыс тілімен қатар қазақ тілінде де жазылуы қажет және қазақ тіліндегі жазба бірінші тұруы тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарына лағман даярлайтын және өзге де асханалар, мейманханалар, кафелер, кофеханалар, сыраханалар толық кіреді. Бұл жағымды жаңалықты жазғандар әкімдіктің өзі ойлап тапқаны емес, 2021 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанының жемісі екенін айтуда. Осыған сәйкес ас мәзірінің бәрінде қазақ тілі міндетті түрде болуы тиістігін, әкімдік және прокуратура Заңның орындалуын қамтамасыз ететінін де баса көрсеткен. Біз де осы жаңалықты алға тартып, өз облысымыздың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасынан осындай жақсы бастама жасауларын сұрадық. Алайда әзірше ондай ештеңе жасалмаған. Дегенмен алдағы уақытта қолға алынуы мүмкін екен. Аталмыш басқарманың ішкі сауда және жергілікті қамтуды талдау бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаевтың айтуынша, әзірге басшылары басқа қалада тұратын дәмханаларға өзгеріс ендірту қиынға соғып тұрған көрінеді. – Қаламыздағы «Пинта» секілді басшысы басқа аймақта отырып, мұнда филиалдары жұмыс істейтін нысандарға толыққанды түсіндіру жұмысын жүргізу біршама уақытты қажет етіп тұр. Дегенмен бұл да шешілмейтін мәселе емес. Осындағы қызметкерлері арқылы жоғарғы басшылығымен байланысудамыз. Елдің Заңы бәріне ортақ және ол орындалуы тиіс. Сол үшін біз де өз тарапымыздан аянбай қызмет ететін боламыз, – деп басқарманың жауапты қызметкері күпті болған көңілімізді жайландырды. Әрбіріміз тұтынушы ретінде өз құқымызды қорғап, қызмет алатын жерлерден өз тілімізде сөйлеулерін талап етсек, туған тіліміздің деңгейін де жоғарылатуға мол мүмкіндік туатынына міне, бүгін тағы да бір көз жеткіздік. Үйренген әдетке басып, бәріне көз жұма қараудың соңы құлдырауға апарары анық. Мемлекеттік тіл – елдігіміздің бір айшығы, халықтың сарқылмас қазынасы. Оның қолданыстағы даму деңгейінің жоғарылап, мәртебесінің биіктеуі – еліміздің абыройының асқақтауы. Осы орайда бәріміздің ортақ шаңырағымыздың игілігіне негізделген мүддеге көп болып жұмыла кірісейік дегіміз келеді. Жүрген жерімізде мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап етіп, ана тіліміздің асқақтауын мақсат тұтсақ, кешегі бабалардың аманатына да, келешек ұрпақтың кемелдігіне де қиянат етпей, қамқорлық жасағанымыз болар еді.

Қамар Қарасаева