Жаңалықтар

«Заңға қайшы ақпарат түзетілуде»

«Заңға қайшы ақпарат түзетілуде»

Газетіміздің биылғы 17 қыркүйектегі №37 санында тілші Қамар Қарасаеваның «Медициналық мекемелер мемлекеттік тілге неге салғырт қарайды?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада Тараз қаласындағы №2 ауруханадағы ақпараттың еліміздің «Тіл туралы» Заңында көрсетілген талаптарды сақтамай жазылғаны айтылған. Сонымен қатар онда кемшілікті ескертіп, басшылықпен тілдесуге барған журналистің 2 күн бойы күзетші мен хатшының орынсыз әрекеттерінің салдарынан ауруханаға кіре алмағаны да тәптіштелген-ді. Осы мақалаға орай аталмыш емдеу мекемесінің бас дәрігері Н.Ш.Абильдаевтың атынан редакциямызға жауапхат келген еді.

«Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы қалалық көпбейінді ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны біздің тарапымыздан қателік кеткенін растайды. Сондай-ақ аурухана мекемесінде келушілердің назарына ілінген тақталардағы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына қайшы жазылған ақпараттар түзетуге берілді. Аурухананың күзетшілері мен хатшы қыздың әрекеттері үшін кешірім сұрай отырып, оларға ескерту берілгенін хабарлаймыз. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер туындамайтынына сендіреміз», делінген аталған жауапхатта.