Әлеумет

Әлеуметтік бағдарламалар – болашақтың бағдары

Әлеуметтік бағдарламалар – болашақтың бағдары

«Халық – мемлекет үшін, мемлекет – халық үшін» формуласының ізімен әрбір мемлекет өз халқының сапалы өмірі үшін барынша қолайлы жағдай жасауға жұмыс істейді. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, тың идеялар мен серпінді бағдарламаларды қабылдап, дамудың жаңа сатысына қадам басты. Мемлекеттердің осы миссиясының негізінде әлеуметтік саясат жатыр.

Мысалы Т.Рысқұлов ауданында «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша жыл басынан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жалпы 312 480 мың теңге қаражат бөлінген. Жан басына шаққандағы табыстары күнкөріс деңгейінің кедейшілік шегіне жетпейтін 748 отбасының 4320 адамына 231 950,4 мың теңге тағайындалып, төленген. Ал кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 87 429 мың теңге бөлініп, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына ай сайын азық-түлік және тоқсанына 1 рет тұрмыстық химия тауарлар жиынтығы ауданға қарасты 15 ауылдық округке таратылып берілуде. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өз алдына «Әлеуметтік бағдар ұстанған, нарықтық экономикасы бар қуатты егеменді мемлекет құру» міндетін қойды және ол жаңа қоғамдық қатынастардың қалыптасуына негіз болды. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге биылға 52 783 мың теңге бөлінді. Атаулы және мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмекке 289 адамға 31160 мың теңге қаражат қарастырылып, толық игерілді. Атап айтқанда, 15 ақпан – бұрынғы КСРО әскерлерін Ауғанстан жерінен шығарған күніне орай 88 адамға 13100 мың теңгеден, 26 сәуір – Чернобыль атом электрстанциясындағы апаттан қаза болғандарды еске алу күніне орай 20 адамға жалпы 3 миллион теңге төленді. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 121 адамға 6 060 мың теңгеден және 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай 60 адамға барлығы 9 миллион теңге берілді. Жалпы ауданда жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде 4537 азамат қайырылып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4333 азамат тартылды. Оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 50 азамат, «Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік бойынша оқытуға 1036 адам, азаматтарды онлайн оқытуға 110, ақылы қоғамдық жұмыстарға 858, «Жастар тәжірибесіне» 110, әлеуметтік жұмыс орындарына 80, «Алғашқы жұмыс орнына» 16 жас маман, «Күміс жас» жұмыс орнына 23, «Ұрпақтар келісімшарты» жұмыс орнына 2 жас маман және тұрақты жұмысқа 1942 азамат тартылып, 106 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. Жыл басынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ішінен 209 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, тұрақты жұмысқа 47, уақытша жұмыс орындарына 63 (ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 54, «Жастар тәжірибесіне» 3, әлеуметтік жұмыс орындарына 6) азамат орналасқан. Халықтың әлеуетін арттыруды көздеген бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

Мөлдір ТАСТАНБЕК, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы