Сайлау-2022: Таразда дауыс беру қалай жүріп жатыр?
Сайлау-2022: Таразда дауыс беру қалай жүріп жатыр?
Бүгін елімізде дауыс беру учаскелерінде Президент сайлауы басталды. Тараз қаласында да дауыс беру барысы қарқынды өтіп жатыр. Сайлауға үзіліссіз келіп жатқан халықтың көңіл күйі де көтеріңкі екенін байқадық. Қаламыздағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназиясында орналасқан №36 сайлау учаскесінде тізім бойынша 2 253 сайлаушылар бар. Аталған №36 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жамиля Туребекованың айтуынша сайлауда заң талаптары қатаң ескерілді. – Барлығы «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңына сәйкес өткізіліп отырған дауыс беру ісінде сайлаушылардың барлық конституциялық құқығы сақталатын болады. Сайлау комиссиясының жұмысын бақылауға қоғамдық бірлестіктерден, саяси партиялардан өздерінің сенімді өкілдері келіп қатысуда. Халық таңертеңнен толассыз келіп жатыр. Ең алғашқы болып Баетов Мақсат Манатбекұлы есімді азамат келді. Ел болашағы үшін өз таңдауын жасаған алғашқы сайлаушыға арнайы сыйлық табыс етілді, – дейді Жамиля Мавлетовна. Сайлауда жасы 18-ге толған азаматтар да келіп, алғаш рет дауыс беріп, қуанышпен қайтып жатты. Солардың бірі – Ақнұр Серік. – Бүгінгі науқанның маңызы зор. Себебі тұрғындар еліміздің болашағы үшін жұмыс жасайтын Президентін сайлап жатыр. Мен өз таңдауымды жасадым. Көпшіліктің дауысымен сайланған Мемлекет басшысы елімізді көркейтіп, дамыту үшін күш-жігерін жұмсайды деп сенім білдіремін, – дейді Ақнұр Алмасқызы. Бұл учаскелік сайлаушылардың арасында облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов та бар. Ал ең жасы үлкен сайлаушы Ділдаш Ишанбекова апамыз 83 жаста. Сонымен қатар бүгінгі Президент сайлауында қаладағы көпбалалы аналар да, мүмкіндігі шектеулі адамдар да үлкен белсенділікпен дауыс беруде.