МАЙЛЫКӨЛ. ТӨРТІНШІ ФЕРМА. КІТАПХАНА
МАЙЛЫКӨЛ. ТӨРТІНШІ ФЕРМА. КІТАПХАНА
Біздің елде аңыз-әңгіме өте жиі айтылатын. Әулиелі мекеннің бай тарихынан сыр шертетін, ақынжанды, кеудесі алтын сандық қариялардың аузынан шыққан әрбір сөзге құлақ түріп, үнсіз отырып тыңдайтынбыз. Қазір ғой, осы айтып отырған сөзіме кейбіреулер құдды бір ертегіні еске алып отырғанымыздай әсерде болуы мүмкін. Талас-Үшарал ауылындағы бір ғана үлкен мешіттің тарихына үңілсеңіз, кезінде атақты арабтанушы ғалым, Бас муфти болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің зерттеу еңбегінде айтылғандай, ол қазақ жерінде алғаш тұрғызылған мешіт болып саналады. Тарихи мәні бар бұл мешітті ХІХ-ХХ ғасыр тоғысында атақты Сапақ датқа бас болып, иманды қазақ бауырларымыз Самарқанд пен Ташкенттен хас шебер, зерлі сәулетшілерді шақырып, замандар ғимаратын салдырған. Содан бері арада қаншама жылдар өтті. Қар жауып, су ақты. Саяси дүрбелеңдер артта қалды. Көгілдір көктемде ләйлек құс ұя салатын бұл мешіттің бір тасы үгілген жоқ, тас кірпіші сынбады, адамдар тәу ететін киелі орынға айналды. Біз де өспірім кезімізде әке-шешемізге ілесіп барып, Құран Кәрім аяттарының құдіретін Алла үйінде естігенбіз. Ал мұндай мешіт ол кезде Әулиеата өңірінің өзінде санаулы ғана болатын. Ең еңселі мешіттің сулы әрі нулы, құм қойнауына сұғынатын жазиралы осы жұрт жерінде болуы бір таңғажайып оқиға еді. Сондықтан да облыс орталығынан 151 шақырымда жатқан Үшарал мешітін, көк күмбезі мен асқан шеберлікпен қиюластырған, өрнекті қабырғасын көруге алыс-жақыннан арнайы адамдар келіп, кетіп жататын. Ол кезде кім ойлаған, бұл күндері осы мешіттің жобасын сызып, зәулім салтанаты мен көркін түзген жанның кім екенін білгіміз келеді. Кім болса да Алла разы болсын! Ал мешітті салдырған адам кім дейсіз бе? Сапақ Жаншуақұлы деген би кісі, датқа дәрежесінде қызмет атқарған. Өзі заманында қатты сыйлаған Тоқберген датқа мен Жалаңбас батырдың, одан әріде Ұлбике ақынның, атақты Саңырық батырдың ізін қуып, аманатына адалдық танытқан адам. Тағдыры күрделі, қайшылықты дәуірде өмір сүрсе де қайсар мінезді адам туған елінің зердесінде сақталған. Биыл оның саналы ұрпақтары Түгіскен ауылының төрінде Сапақ бабамыздың еңселі ескерткішін тұрғызды. Мұны ұрпақтар алғысы десек те болады. Міне, балалық шағымнан бері от басы, ошақ қасында емес, аузы дуалы ортада, тарихи жазбаларда ерекше әңгіме болып жүретін бір жайтты айттым. Қасиетті Талас пен Аса өзенінің мөлдір суына шомылып, Астаукөл мен Манас жазығында, Майлыкөл жағалауында, Бекпенбет талы алқабында тай-құлындай тебісіп, ойнап, қунап өскен бала достарымды ешқашан ұмытқан емеспін. Майын тамызып, қайта-қайта Майлыкөл деп отырғаным, «Түгіскен» кеңшарының 4-ші фермасы болатын. Атақ-даңқы алысқа жайылған Түгіскен үлкен ауыл болса, Майлыкөл соған жалғасып жатқан әжептәуір елдімекен. Қазір де солай. Біз – Майлыкөлдің балаларымыз. Сыныптастар жұбымыз жазылмай, бір-біріміздің үйімізге қонып жүре беретінбіз. Түні бойы ұйықтамай, бәріміз жазда масахана құрған тапшанда, қыста жылы там үйде қатар-қатар жатып, жұлдыздар жарығымен таң атқанша сырласып, әңгімелесетінбіз. Жалықпай қиял-ғажайып ертегі айтамыз, оқыған кітаптардан қызықты әсерді бөлісеміз, әлемде болып жатқан оқиғалар жайында ой бөлісеміз. Бәсіре тай мен жалды құнан аттардың шабысын баптап, өз әлімізше мақтан етеміз. Кекілін өріп, құйрығын түйген сәйгүліктер бір тұстан шыға келетіндей армандаймыз. Қайран да қайран, ашық пейілді Досан – Досымхан Шардарбеков көркем кітапты өте көп оқитын зерек бала еді. Әкесінің інісі Несіпбек Шардарбеков ағай әдебиеттен сабақ беріп тұрғанда «Тәте, мен ол кітапты оқып қойғанмын» деп айтып, бәрімізді күлдіретін. Сөйтсек, Досан үй кітапханасындағы кітаптарды шетінен оқып, тәтесімен пікірлеседі екен. Диспуттарда, шығарма жазуда, викториналық ойындарда тапқыр, білімпаздығымен алдына жан салмайтын. Алайда томпиған бала досымыз үлкен өмірде әдебиетші емес, полиция мамандығын таңдады. Ерекше қайратты, дәйім адал Дүйсенбай Жұмабаев, жылы жүзді сары бала Дүйсен Сыпабеков, бала кезінен аңшылыққа құмар, ақкөңіл мінезді ағайынды Өмірбек мен Жұман Күзенбаевтар, бір үйдің балалары Наят пен Ром Жаманқұловтар, қазақшасы мен орысшасы бірдей, оқу озаты Сайлау Момынұлы Ыдырысовтардың әрбірінің бойындағы адалдық пен бауырмалдық, шынайы, пәк достықтың асыл қасиеттері бұрқырап, атойлап тұрушы еді. Көзі жайнап, сұлу күлімдейтін Сайлау дос туралы айтқанда, оны «Момынұлы» деп жазған себебіміз бар, біздің бәріміз туу туралы куәлікте аталарымыздың тегімен жазылғанбыз ғой, ал, ол соған қарамастан «Момынның баласымыз» деп айтқанды ұнататын. Шындығында, оның әкесі Момын жәкеміз бен Жаңыл апамыздай жалғыз ұлының бала достары үйіне келгенде ұлан-асыр той жасап, алақанына салып, қонақ күтетін жандарды көрген емеспіз. Асыл, қимас жандар еді?! Біздің Майлыкөл балаларымен Қали Омаров, Серік Маширов, Ұзақбай Сәдуақасов секілді орталықта тұратын құрдастар да тонның ішкі бауындай араласып, жолдас болды. Кейін есейген шақта да көп жігіттермен жолдастық байланысымыз үзілген емес. Алыста жүрсек те бір-бірімізге тілеуқор болдық. Менің балалық шағымнан ферма клубынан апта сайын кино тамашалау мен Майлыкөлде Сәния Әбуова әпкеміз ұстайтын кітапханаға жиі бару, кіп-кішкентай, қырық-елу адам әзер сиятын клубқа жоғары сынып оқушыларының спектакль қоятыны секілді оқиғалар жадымда жаңғырып тұрады. Шағын сахнадан бас бухгалтер Мырзатай Жұмаділов ағамыз ғанибет өлең оқитын, көпбалалы ана Патшайым апамыз ән салатын, жас мұғалім Мәжит Ағыбаев қоңыр даусымен халық әндерін шырқайтын, ферма меңгерушісі, алып балуан болған Асылхан Мырзатов ақ тілектер айтатын. Ауданнан концерт қояды, халық театрынан келген әртістер «Асфальт жолда жүру оңай, ал, оны салу қиын» деген шумақтары бар өлең-жыр айтатыны есімде қалыпты. Жылдар жылжып, айлар өтіп, жолымыз түсіп ауылға барғанымызда, біздің балалық шағымызда Талас өзені Түгіскен ауылының ортасын қақ жарып, тасқындап ағатын, Майлыкөлде су шалқып, толқын әкелетін, айнала өзеншелер, аққу ұшып, қаз қонатын, аң-құс өріп, қамыс-құрақты өзендерден қиқулап ән салатын десем, бүгінгі жас ұрпақ мұндай табиғат ғажайыптарына сенбейді-ау деймін. Олар сенбейді. Қыс мезгілінде қалың қатқан көк мұз үстінде, Қарағұл мен Майлыкөлде бүкіл бала-шаға коньки теуіп, ересектер арасында шайбалы хоккейден ауыларалық жарыстар өтетін десем ше?.. Қазір шөлейт, құмдауыт жерде бәкене шеңгел өсіп тұр. Өмір өзгерген, әр жерден шөлге шыдамды кәрі қарағаштар қалқайып көзге шалынады. Әйтсе де бейнет жасаған адамдардың ізі қалған. Оны ұмытуға болмайды. Айтпақшы, бастауыш сыныпта жүріп, «Қазақстан пионері» газетіне бір мақалаң шықса, бір мезгілде республиканың түкпір-түкпірінен жүздеген баладан танысу хаты келетінін айтсам, қалай болар еді? Хат жазып, хат күтіп, қызықты құштарлықпен өмір сүрген көкөрім оқушылардың көкжиектері кең, ұшқыр ойы мен армандары алыста болған шығар. Бұл да бір дәуренді шақ еді. Бай тарихы бар «Түгіскен» орта мектебінде біздің әулеттен Пәрімбек ағам, Пәтия әпкем және Акбар ағамыз оқыдық.Үйдің үлкендері Дүрия әпкем мен Әбдір ағам көрші ауылдағы «Үшарал» орта мектебінен тәлім-тәрбие алған. Ағалары мен әпкелерімнің құшағында, ыстық қамқорлығында еркелеп өскеніме шын бақыттымын. Бір тәттіні артық жесем де жанашыр бауырларыма қарыздармын. Бізді ардақты, ақылды ата-анамыз солай өсіріп, тәрбиелеген. Мектептегі жиналыстан ылғи да көңілді оралатын аяулы анам мені әкеме «Мұғалімдер кішкентай баламызды сабағын кілең беске оқиды» деп айтты деп мақтаған кезде аққұба өңді, сұңғақ бойлы, мейірімді әкемнің басымнан сипап, құшырлана иіскейтін сәтін әлі күнге дейін сағынышпен еске аламын. Мурманскіде әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеп қайтқан Әбдір ағамның жары, жеңгеміз Орынша Аманжолова да шын кітапсүйер жан болып шықты. Әлі күнге шейін, жетпіс бес жасында көз майын тауысып кітап оқиды. Әжесі кітап оқиды, ал, немерелері ше? Ауылымдағы қарашаңырақта ескі кітаптар сөреде жиылып, жаңа кітаптар толықтырып тұрғанын көрген сайын қызығамын. Ара-арасында менің де жазған кітаптарым бар. Соноу алпысыншы жылдардың бел ортасынан беріде 4-сыныпта оқып жүріп «Тілші бала» атанғаным, кейін «жас журналист», «белгілі журналист» деген атқа иелік етсек, журналистика ме н қо ға мд ық ө мі рд е азд ы-кө пті қайраткерлік абыройымыз көпшілікке мәлім болса, соның түп-тамырын өскен бақытты ортам мен балалық өмірімнің сәулелі кезеңдерінен таба алатын сияқты әсердемін. Ал қаршадайынан бастап тынымсыз еңбек ету ауыл балаларының бәріне тән нәрсе. Біз де қой бағудың кезегі келгенде мал бақтық. Жыңғыл шауып, отын бұтадық, шөп ордық. Кірпіш құйып, үй салдық. «Т-40» тракторын айдадық. Мектепті бітірген соң Алматыға барып, университетте оқысақ деп армандадық. Студент Пәрімбек ағам Алматыдан әдеби кітаптар жіберіп тұрса, сонда қызмет еткен Пәтия әпкем болса, өзі ауылдан астанаға оқуға алып барған... Менің Тараз қаласында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Дүрия әпкем құтты үйіне арнайы амандасуға барған сайын бір тағылымды ойға кенелтеді. Зердесі өте мықты әпкем әдемі әңгіме үстінде біздің жеті атадан бергі, төркінді әулеттен тарайтын ұрпақтарының, оның балалары мен қыздарының, немерелері мен шөберелерінің азан шақырып қойған аттары мен жасына дейін шамалап, жаңылмай, термелеп айтып отырады. Жақын-туыс ағайындардың есен-саулығын сұрап, жөн-жосығынан хабардар етеді. Балалық шағымыздан есте қалған ерекшелік дейтіндей түрлі қылықтарымызды, өткен жылдардан қызықты естеліктерін де әңгімелейді. Мына заманда! Бәрі де сағыныштан туындаған әңгіме. Зейін қойып, тыңдап қайтамын. Ағайын-бауырларының, сүйкімді сіңлілерінің жақсылықтарына ағыл-тегіл қуанып, шүкіршілікпен айтқанына шексіз риза боласың. Қазақтың әпкесі барлық уақытта осындай үлгі болу керек деп ойлаймын. Бүгінгі Түгіскен түлеген. Киелі туған жер. Заманына қарай жаңғырған. Егемен еліміздің саналы ұрпақтары өсіп, өнуде. Дәулеті мен сәулеті бар. Алға жетелейтін игіліктері көп. Мен ежелден еңбексүйгіш, адал, абыройлы жерлестерімді әрдайым мақтаныш етемін. Әлбетте, туған ауылым туралы айтып, жазғанымда, соноу Ақсай жазығында, қырмызы қырдың көкмайса жайлауында кілең бозбаланың бас қосып, періште көңіл құрдастарыммен бірге жүйрік тұлпар мініп, қиқу салып жарысатын, көкпар тартып, кең дала төсін дүбірлеткен күндер секілді айшықты, қымбат кездерді жүректен өткізіп, айта жүреміз. Тәрбие сөзі жас ұрпаққа керек. Еліміз өркендей берсін, ардақты ағайын! Туған жердің қадірінен асқан ешнәрсе жоқ!