Жаңалықтар

Түркиялық инвесторлар қайта өңдеу саласына қарқын бермек

Түркиялық инвесторлар қайта өңдеу саласына қарқын бермек

үгінгі таңда өңірімізде бау-бақша өсіру және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша түркиялық инвесторлар ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Салада мол тәжірибесі бар «Göknur Gıda» компаниясы Түркиядағы жеміс-көкөніс концентраттарының ең ірі өндірушісі ретінде танымал.

Жуырда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері «Самұрық-Қазына Инвест» өкілдерімен бірлесіп, шетелдік серіктестеріне жобаны іске асыруға арналған жер учаскелерін көрсетті. Блоктың басқарушы директоры Еркін Жылысбектің сөзінше, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС және «Goknur Gida» ЖШС арасында инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Ал жобаның құны 90 миллион АҚШ долларынан асады және 40 мың адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Жобалық қуаттылығы алғашқы кезеңде 90 мың тоннадан астам өнімді құрайды деп күтілуде. – «Göknur Gıda» компаниясы Түркиядағы 500 ірі компанияның санатында. Компанияның меншігінде 2 500 гектар жеміс бағы, 4 өндірістік алаң, 2 биогаз зауыты, АҚШ, Еуропа, ҚХР және басқа да елдерде жеміс сақтау қоймалары бар. Сонымен қатар компания жемістер мен көкөністерді өсіру бойынша зерттеу жүргізумен айналысады. Компанияның айналымы 150 миллион АҚШ долларынан асады, – дейді «Göknur Gıda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Осман Асланали. Айта кетейік, апта сайын облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өтетін инвестициялық штаб отырысы аясында «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде қарқынды бақтар салу және жемістер мен көкөністерді өңдеу бойынша еліміздің оңтүстігінде ірі жобаны іске асыру мәселелері талқылануда. Кезекті жиынның біріне «Göknur Gıda» ЖШС директоры Осман Асланали, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Бас директоры Сәкен Әбілмажинов, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров та қатысқан болатын. Басқосуда Сәкен Әбілмажинов корпорацияның ықпалымен өңірді аралауға мүмкіндік туғанын жеткізді. – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен өңір аумағын араладық. Біз бірнеше жерге арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде нәтиже жаман емес. Бұл жобаны сәтті жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Барлық корпоративтік шешімдер қабылданды, – деді өз сөзінде С.Әбілмажинов. Ал Осман Асланали Түркия мемлекетінде «Göknur Gıda» компаниясы жетекші экспорттаушы компаниялардың бірі екеніне тоқталып, Жамбыл облысында өндірілген өнімді ішкі нарықта және шетелдерде сату жоспарланып отырғанын айтты. Жиын қорытындысында өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы түрік инвесторлары ұсынған жобаны іске асыру үшін жауапты басқармаларға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Кирилл БЕРДЕЦКИЙ, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы