ҚАТАРДА ДОП ДОДАСЫ БАСТАЛАДЫ
ҚАТАРДА ДОП ДОДАСЫ БАСТАЛАДЫ
Дохада кім дара шығады?
2010 жылы Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) Қатарға 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын бергелі ұйымдастырушылар чемпионатты жоғары деңгейде өткізу үшін жүздеген миллиард доллар жұмсаған. Әрине, көпшілікті Қатар билігінің аладоп бәсекесін ұйымдастыруға қанша қаржы жұмсағаны емес, командалардың деңгейі, алдағы қызыққа, драмаға толы матчтар қызықтыратыны анық. Осы орайда шетелдік футбол сарапшыларының пікіріне сүйенсек, Қатардағы мундиальдің басты фавориттері – Аргентина және Бразилия құрамалары. Испаниялық «Барселона» клубының бас бапкері Хави Эрнандестің пайымынша да жаһандық жарыста Аргентинаның айы оңынан туып, Бразилияның бағы жануы әбден мүмкін. «Әлем чемпионатына қатысатын барлық құрамаларды бақылап жүрмін. Менің ойымша, Аргентина мен Бразилия ойыншыларының өзге командалардан деңгейі бір бас жоғары. Алайда мундиальда кез келген есеп тіркелуі мүмкін. Қазіргі таңда барлық командалар теңесіп қалды. Мысалы Испания, Франция, тіпті Англия құрамаларының ойындары мықты», деді Хави «Marca» басылымына берген сұхбатында. Алайда Хавидің 2018 жылғы әлем чемпионы Францияға байланысты айтқан ойымен сарапшылар келіспейді. Өйткені Франция құрамасының бірнеше маңызды ойыншысының турнирге қатыспайтыны белгілі болды. Әсіресе «Челси» клубының жартылай қорғаушысы Н'Голо Кантенің чемпионаттан тыс қалуы Франция ұлттық құрамасына ауыр соққы болғаны анық. Құраманы өрге сүйреп, жеңіске жетелеп жүрген қарға бойлы Кантенің әріптестерінің қасынан емес, көрермендердің қатарынан табылатыны шынымен-ақ өкінішті. Лондондық клуб басшылығы Кантенің Англия біріншілігінде «Тоттенхэмге» қарсы ойында жарақат алғанын, жартылай қорғаушыға ота жасалғанын және 4 ай бойы алаңға шыға алмайтынын хабарлады. Сонымен қатар «Ювентус» клубының және Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Поль Погбаның да жолдастық кездесу кезінде алған жарақатына байланысты чемпионатқа қатыса алмайтыны белгілі болды. Сондай-ақ Люка Эрнандес, Бубакар Камара биыл әріптестеріне көмектесе алмайды. Дейтұрғанмен құрамы Карим Бензема, Килиан Мбаппе, Усман Дембеле, Антуан Гризманн, Кингсли Коман, Оливье Жиру, Эдуардо Камавинга, Преснель Кимпембе, Бенжамен Павар, Рафаэль Варан секілді футболдың жарық жұлдыздарынан жасақталған франциялықтарды фавориттер қатарынан сызып тастауға болмайды. Биылғы «Алтын доп» иегері Карим Бензема Қатардағы футбол тойындағы Аустралия құрамасына қарсы алғашқы матчта алаңға шықпауы мүмкін. «Реал» форварды Испания біріншілігі аясында «Севильямен» өткен ойында жарақат алған еді. Жарақатының салдарынан ішкі чемпионаттың бірнеше матчында алаңға шыға алмады. Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайты Қатардағы доп додасына қатыспайтын өзге де үздік 10 футболшының тізімін жариялады. Тізімнің көшбасында «Манчестер Ситидің» норвегиялық шабуылшысы Эрлинг Холанд тұр. Үштіктің қатарында швециялық шабуылшы Златан Ибрагимович («Милан») пен аргентиналық шабуылшы Пауло Дибала («Рома») бар. Аңыз ойыншы, «Барселона» клубының бас бапкері Хави айтқандай, Испания мен Англияның да Дохада дара шығуы әбден мүмкін. Бірақ футбол сарапшылары Аргентина мен Бразилияның мүмкіндігі өте мол екенін айтуда. Қос құрама да есімдері әлем жұртшылығының аузында жүрген кіл мықты футболшылардан жасақталған. Тіпті сарапшылардың сөзіне сенсек, финалдық кездесу 1:0 есебімен Аргентинаның пайдасына аяқталатын көрінеді. Жуырда «TN» басылымына берген сұхбатында Аргентина құрамасының шабуылшысы Леонел Месси ұлттық құрамадағы карьерасына қатысты ойымен бөлісіп, Қатардағы әлем чемпионаты соңғы үлкен мундиалі екендігін жасырмады. «Бұл менің соңғы әлем чемпионатым болмақ. Солай болатынына күмәнім жоқ. Биылғы маусымда өзімді физикалық тұрғыда өткен жылмен салыстырғанда жақсы сезініп жүрмін. Мундиаль алдында толқу бар. Жарыстың қалай болатынын сол кезде көрерміз», дейді Месси. Қатардағы әлем біріншілігінде Аргентина командасы бір топта Сауд Арабиясы, Мексика және Польша құрамаларымен кездеседі. Ал Бразилия құрамасының G тобында Сербия, Швейцария және Камерун командаларымен жолы түйіседі. «Goal.com» басылымының әлем чемпионатына жасаған рейтінгінде де Бразилия мен Аргентина құрамалары көш бастап тұр. Дегенмен мұның барлығы тек болжам ғана. Кімнің мықты екенін жасыл алаң көрсетеді.
Чемпионаттан шет қалған құрамалар...
2020 жылғы Еуропа чемпионы атанған Италия Қатардағы әлем біріншілігінің жолдамасын иелене алмады. Еуропа аймағындағы іріктеудің топтық кезеңінде Италия Швейцарияны алға жіберіп алып, қосымша іріктеу жарысында Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды. Еуропадан Норвегия, Түркия, Венгрия, Грекия да жолдама иелене алмады. Сонымен қатар Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы Ресей Федерациясының Украинаға соғыс ашқанына байланысты Ресей құрамасын да әлем чемпионатының іріктеуінен шеттетті. Мұнан бөлек 2022 жылғы Африка кубогының финалисі Египет құрамасы да жолдамасыз қалды. Нигерия, Алжир, Кот-д'Ивуар, Колумбия, Чили, Қытай да әлем чемпионатына қатыспайды. Украина құрамасы да іріктеуден өте алмады. Еуропа құрлығында соңғы жолдаманы сарапқа салған Уэльс пен Украина құрамалары Кардиффте кездесіп, алаң иелері Андрей Ярмоленконың автоголының арқасында 64 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Осылайша Еуропа құрлығының 13-жолдамасына қол жеткізген Уэльс Қатарда өтетін әлем чемпионатында Англия, АҚШ және Иран құрамаларымен бірге В тобында бақ сынайтын болды. Әлем чемпионатының іріктеуіне Қазақстан құрамасы да қатысқан болатын. UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) мүшесі ретінде Қазақстан іріктеуге Еуропа құрлығында ойнап, Франция, Украина, Финляндия, Босния-Герцеговинамен бірге жолдамаға таласты. Өкінішке қарай, Қазақстан бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, топта соңғы орын алды. Қазақстандық футболшылар тек Украинамен екі рет тең (1:1, 2:2), Босниямен (2:2) бір рет тең түсті. Франциядан бір рет 0:8 есебімен ойсырай жеңілді. Осылайша әзірге өзге мемлекеттердің құрамаларына жанкүйерлік етуге мәжбүрміз. Кім білсін, мүмкін енді төрт жылдан кейін Мексика, АҚШ, Канадада өтетін әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы да қатарға қосылып қалар. Жалпы Қатардағы мундиальда 32 елдің құрама командасы өзара мықтыны анықтайтын болады.