Қоғам

Жетістікке жетелейтін жеті әдет

Жетістікке жетелейтін жеті әдет

Бүгінде не көп, коммерциялық жарнама көп. Оның басым бөлігі тауарларды сатып алумен байланысты. Ал акция, жеңілдік дегендер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, көздің құртына айналғалы қай заман. Әрине, 100 теңгенің затын 50 теңгеге сатып тұрса кім алмасын оны. Міне, осылайша әр науқан мен жеңілдікке жүгіре берген адам түптің түбінде шығынға бататыны белгілі. Сондықтан жарнамаға қатты сеніп қалуға да болмайды.

Бұл мақаламызда өзіңіздің қаражатыңызды бір баланста ұстап тұру үшін Fingramota.kz сайты дайындаған уақыт пен сарапшылардың сынағынан өткен ақша ұстаудың тиімді әдеттерін ықшамдап ұсынғалы отырмыз.

1-әдет. «Бекерге шашыла берме»

Ең алдымен алға батыл мақсаттар қойыңыз. Мысалы, белгілі бір мерзімде пәтер немесе көлік алуға ақша жинаңыз. Осындай мақсаттарға қол жеткізу бір қарағанда қиын болып көрінуі мүмкін. Яғни «былай тартсаң, былай жетпейді» дегендей күмән болуы ықтимал. Бірақ ауқымды мақсаттарыңызды нақты кішігірім межелерге бөліп, әрекетке кіріскен жөн. Сонда ғана алға сеніммен жылжи аласыз. Мысалы, депозитке бірден көп мөлшерде ақша салудың қажеті жоқ. Алдымен аздан бастаңыз, сізге келіп түсетін кез келген кірістің, мысалы жалақы, бонустар, төлемдер, ақшалай сыйлықтардың және тағы басқалардың шамамен 5-10 пайызын аударыңыз. Көбірек салсаңыз тіпті жақсы. Мұның маңызы неде? Қазір әлем экономикасы тұрақсыз күйде. Егер сіз ертең кенеттен түрлі себептермен жұмыстан кетуге мәжбүр болсаңыз және біраз уақыт табыссыз қалсаңыз, онда өзіңіз бастап қалыптастырған және толықтыра бастаған резервтік қор сізге көмекке келеді. Жас кезден бастап кейінгі алаңсыз қарттығыңызды ойлаңыз. Өз болашағыңызға ай сайын немесе жыл сайын қанша ақша бөліп, жинауға дайын екеніңізді ойластырыңыз.

2-әдет. Қарыз бен несиеге жоламаңыз!

Қалай көп ақша табуға, тағы не істеуге , адамдарға қосымша табыс табу үшін қандай қызмет ұсынуға болатындығы туралы ойыңызды қайта жүйелеген дұрыс. Сондай-ақ егер сізде ақша жетпесе, онда сіз уақытша үнемдеуді, жеңілдіктер, сатылымдар және тағы басқаларды іздеуді үйренуіңіз керек. Әрине, қарызға, яғни несиеге немесе бөліп төлеу арқылы бүгінде тауар сатып алу немесе қызметке жүгіну дәл қазір оңай. Бірақ қаржылық тұрғыдан сауатты адамдар әрқашан күте тұруға бейім келеді. Әуелі жинауға және содан кейін сол затты өз ақшасына сатып алуға тырысады. Уақыт өте келе қымбаттайтын заттарға, мысалы, пәтерге немесе болашақта сіздің шығындарыңыздан да көп табыс әкелетін бизнесті дамытуға кредит алу экономикалық тұрғыдан тиімдірек. Ал тұтынушылық кредиттер табыс әкелетін заттарды сатып алуға арналмаған. Оларды адамдар әдетте киім, тұрмыстық техника, демалыс және тағы басқа қажеттілік үшін рәсімдейді. Сонымен қатар мұндай кредиттер бойынша пайыздар жоғары, яғни сізде одан да көп шығындар болады. Сондықтан кредит алудан бұрын, яғни өз еркімен қосымша қаржылық міндеттемелерді жүктемес бұрын, «иә» мен «қарсы» деген ұғымды саралап, талдап алған жөн.

3-әдет. Нақты мақсатқа жинаңыз!

Қаржыны жоспарлау кезінде алдына нақты мақсаттар қоятын және нәтижеге негізделген спортшылардан үлгі алыңыз. Егер сіз не үшін жинақтау қажет екенін, не нәрсеге және қандай мерзімде қол жеткізгіңіз келетінін білсеңіз, онда қажетті соманы жинақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Біреу ақшаны сыртына, мысалы: емделуге, сыйлықтарға, білім алуға, саяхатқа және тағы басқа ойлар жазылған әртүрлі конверттерде сақтайды. Ең дұрысы – осы мақсаттарға бірнеше депозит ашып қою. Бұл сізге қолыңызда тұрған ақшаны бір сәттік қалауыңызға жұмсамай, стратегиялық нәрселерге назар аударуға және нәтижесінде жеңіске жетуге мүмкіндік береді.

4-әдет. Өз активтеріңізді әртараптандырыңыз!

«Жұмыртқаларды бір себетке салмаңыз» – барлық уақытта өзекті, көнеден келе жатқан шындық. Әртараптандыру қаржы құралдарының белгілі бір теңгерімін болжайды. Мысалы, егер сіз депозит ашсаңыз, онда мұны бірден бірнеше банкте және мемлекет кепілдік берген сома шегінде жасаңыз. Депозитте ақшаны әртүрлі валютада ұстаған дұрыс. Егер сіз өз қаражатыңызды бағалы қағаздарға инвестицияласаңыз, онда оларды әртараптандырыңыз. Мысалы, ақшаны тек акцияларға салу шығынға батыруы ықтимал, ал егер сіз портфеліңізге облигацияларды қоссаңыз, бұл сіздің тәуекелдеріңізді теңестіріп, табыс әкелуі мүмкін.

5-әдет. Күнделікті өмірде ақылға қонымды үнемдеу қағидаларын қолданыңыз!

Мысалы, таксиге кететін шығындарды азайту үшін жаяу жүріңіз, асханаларға немесе кафелерге ақша жұмсамау үшін үйден тамақ алыңыз. Бұл тек шығынды азайту ғана емес, сонымен қатар пайдалы. Әрі ақылға қонымды тұтынудың мәні, яғни сізді қалаған затыңызды, сол жерде, сол күні сатып алмауға, эмоционалды импульстарға тәуелді болмауға үйрететін өте жақсы дағдының бірі болып табылады. Әрине, түрлі тауарлар мен қызметтерді өндірушілер өз өнімдерін басқа адамдардың қызығушылықпен сатып алуы үшін көз тартатын жарнамалар, жеңілдіктер, акциялар және басқа да «қызығушылық тудыратын» әдістерді қолданады, бірақ сіз маркетологтардың айла-амалдарына алданып қалмаңыз. Табысты және бай адамдардан үлгі алыңыз. Дегенмен әрдайым қатаң шектеулер мен пайдасыз шығындар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет.

6-әдет. Ойыңызды өзгертіңіз және пассивті кіріске ие болыңыз!

Пассивті кіріс – бұл сіздің жұмыс қабілетіңізге және өзге де жағдайларға қарамастан сізге үнемі түсіп отыратын ақша. Әртүрлі қаржы құралдарына инвестиция салу пассивті табыстың бір түрі болуы мүмкін. Егер сізде бос қаражат болатын болса, оларды жұмсау үшін бірден дүкенге жүгірудің қажеті жоқ. Ақша сізге жұмыс істеу үшін оны қайда бағыттау керектігі туралы ойланыңыз. Мысалы, ақшаны тұрақты түрде дивидендтер төлеп отыратын компаниялардың бағалы қағаздарына сала аласыз. Немесе өмірді сақтандыру жинақтаушы полисін сатып алуға болады, ол сақтандыру жағдайы туындаған уақытта сіздің ақшаңызды қорғап қана қоймай, сондай-ақ баланы оқыту, үйлену тойын жасау және тағы да басқа сияқты өмірдің маңызды кезеңіне белгілі бір сомада қаражат жинап қоюға мүмкіндік береді. Қымбат металдар, тастарға инвестициялар салу, жылжымайтын мүлік не автокөлікті және басқа да мүлікті жалға беру сияқты пассивті кіріс көздерін қарастыруға болады. Сондай-ақ болашақта сізге баға жетпес бонустар әкелуі мүмкін білім алуға, жаңа қаржы дағдыларын үйренуге де инвестициялар құюдың ұтымды шешім екенін естен шығармаңыз.

7- әдет. Қаржылық ревизияны үнемі жүргізіп отырыңыз!

Егер сіз ақшаңыздың қайда жұмсалып жатқанын білмесеңіз, онда сіздің жеке қаржылық жоспарын жасай алуыңыз да екіталай. Сіздегі шығыстардың қай баптары асып түсетінін түсіну бұл – оң өзгерістерге алғашқы қадам. Сол үшін де айына тым болмағанда бір рет өз кірісіңіз бен шығысыңызды қайта санап, жасаған саудаңызға, оңтайландыруға болатын активтеріңіз бен пассивтеріңіздің түрлеріне талдау жасаңыз, яғни неден құтылып, нені сатып, қандай шығын мен саудадан бас тартқан дұрыс. Өзіңіз пайдаланатын қаржылық қызметтердің, мысалы әлдебір банктегі салымдардың талаптарын тағы бір рет зерделеп, талдау жасаңыз.