Әлеумет

Төл теңгенің тарихы тереңде

Төл теңгенің тарихы тереңде

Елдің елдігін, мемлекеттің егемендігін айшықтап тұратын құндылықтың бірі – ұлттық валюта. Теңге – біздің заңмен белгіленген, Ата Заңмен қорғалған ақша бірлігіміз. Яғни төл валюта – теңгеміз біздің барлық тұрғыдан азат, тәуелсіз ел екенімізді білдіреді. Өйткені қолданыстағы ақша құралы өзгенің валютасына байланған елдің болашағы қашанда бұлыңғыр болатыны сөзсіз.

Тарихқа зер салсақ, Ұлы дала жерінде не заман тумады, нешеме мемлекет, қаншама қағанат өмір сүрді. Бір-біріне көз алартқан жаугершілік заман сауда-экономикалық қатынастарға да әсер етпей қоймады. Былайша айтқанда, мемлекеттердің ауысуымен қазақ даласына ақшаның да түр-түрі келіп-кетті. Бүгінгі төл валютамыз теңгенің де жолы оңай болмаған. Жетпіс жылдай КСРО құрамында болып, рубль аумағында ақша саясатын жүзеге асырып келдік. Тоқсаныншы жылдардағы инфляция деңгейі 2000 пайыздан асып кеткен рубльдің көсегемізді енді көгертпейтіні белгілі еді. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сабанға айналған рубльдің аумағынан шығу да оңайға соқпады. Сондықтан азаттық ала сала еліміз өзінің ұлттық валютасын айналымға енгізу ісімен шындап кірісті. Оған дайындық екі жылға созылды. Тек 1993 жылдың 12 қарашасында ғана «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Заң қабылданып, артынша үш күннен кейін, яғни 15 қараша күні республика аумағында теңге айналымға енді. Осылайша төл теңгеміз қаржылық тәуелсіздігіміздің айнымас символы болып экономикалық-саяси сахнамызға көтерілді. Жалпы теңге ұғымы сонау ХV ғасырға тән. Зерттеу деректері сол заманда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен күміс монета қолданыста болғанын нақтылап берді. Қазіргі теңгеміздің атауына тоқталарда осы дерекке көбірек назар аударылған. Ал қазіргі теңгенің пайда болу тарихы 1992 жылдан басталады. Сол жылы теңгенің алғашқы нұсқалары дайындалып, 27 тамыз күні Ұлттық банк теңге купюраларының тұңғыш үлгілерін бекітті. Сол кездегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жеке тапсырмасымен Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов сынды отандық суретшілер теңгенің алғашқы дизайнын жасап, Англияда қазақ валютасының портретін бекітті. Айта кетерлігі, бұл жұмыстардың бәрі Алматы қаласында өте құпия жағдайда жүргізілді. Тіпті бұл құпиядан аталған дизайнерлерден бөлек, Президент және оның төңірегіндегі бірді-екілі басшы адамдар ғана хабардар болды. Алғашқы теңге Лондонда, "Harrison & Sons" фабрикасында шығарылды. Өйткені ол кезде елімізде ақша басатын фабрика болмаған. Осылайша теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шығып, ол сол кездегі ел астанасы Алматыға емес, облысымыздың орталығы Тараз қаласына Лондон қаласынан ұшақпен тікелей жеткізілген. Бояуы кеуіп үлгермеген алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалған. Сөйтіп, Жамбыл жерінен пойыздармен еліміздің барлық аймағына таратылған. Бұл туралы Ұлттық банктің Жамбыл филиалында сол кезде еңбек еткен сала ардагерлері біраз жыл бұрын журналистерге әңгімелеп берген-ді. Олар тәулік бойы банк филиалының қоймасында ұйқысыз ақша санаумен және оны буып-түйіп, вагондарға артумен айналысқан. Міне, теңгенің қолданысқа енуінің қысқаша тарихы осындай. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалған. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Дегенмен еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілген-ді. Теңге алғаш қолданысқа енгізілгенде тек 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттардан тұрды. Кейін қаржылық айналымның артуынан және инфляцияның әсерінен әр жылдары 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 теңгелер пайда болды. Бүгінде теңгенің ең жоғарғы банкноты 20 000 теңгеге жетті. Бүгінде әлемдік бәсекеде теңгеміздің сапасы да көпшілік елдің купюраларын артта қалдырады. Қорғаныш нысандарының жылдан-жылға жетілдірілуінің нәтижесінде теңгенің полиграфиялық қасиеті әлемдік деңгейге көтерілді. Нақтысын айтқанда, теңге әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарында тұр. Әлемдегі ең әдемі ақшалардың да көш басында тұр. Оған 1000, 5000 және 10 000 теңгелік купюралардың үш жыл қатарынан – 2011, 2012 және 2013 жылдары "Әлемнің үздік валютасы" номинациясын иеленгені дәлел. Сондай-ақ 2007 жылы Ұлттық банктің 2006 жылғы үлгідегі сериялары Халықаралық валюта қауымдастығының жылдың ең үздік жаңа сериясы үшін берілетін жүлдені жеңіп алған. Теңге жеңіп алған мұндай табысты жүлделерді көптеп айта беруге болады. Қысқасы, өз ақшамыз өзімізден, яғни «Қазақстан теңге сарайынан» шыққалы бері бүгінде Ұлттық банк мұндай байқауларға 2000 жылдан бастап тұрақты түрде қатысып келеді. Осы күнге дейін төл валютамыз дизайны мен технологиялық ерекшеліктері жөнінен 23 марапатқа ие болған. Бұдан бөлек теңгенің сапасын арттырумен қатар, алтын-валюталық резервін толтыру, валютаның экономикалық нығаюын қамтамасыз ету тұрғысынан да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ендеше теңгеміздің әлемдік ауқымда да тұрақтылыққа табан тіреп, нық орныға беретініне сенімдіміз.