Жаңалықтар

«Алғашқы күні адасқаным-ай»

«Алғашқы күні адасқаным-ай»

Жомарт ЗҰЛПЫХАР, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

– Өзім туып-өскен Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейін үздік бітірдім. ҰБТ-дан 113 балл алып, заңгер мамандығы бойынша оқуға түсуге қызу дайындықта жүрдім. Ол кезде үш оқу орнына тапсыруға мүмкіндік беретін. Бұйырғаны болар деп Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне және Қазақ гуманитарлық заң университетіне емтихан тапсырдым. Нәтижесі қалай болар екен деп қобалжып, алаңдап жүргенімде грантқа оқуға түскенімді газеттен оқып, қатты қуандым. Бірақ нақты қай университетке түскенімнен әлі хабарым жоқ. Егер Алматы болса, алыс туыстарымның үйіне жатамын, ал Астанаға түссем өз туған ағамның қолында тұрамын деген ниетім бар. Содан не керек, Астанадағы өзім қатарлас ініме университеттердің алдындағы стендтен қай университетке оқуға баратынымды біліп берші деп өтіндім. Туысым көп күттірмей: «Құтты болсын! ЕҰУ-ға грантқа түсіпсің ғой» деп сүйінші сұрап хабарласты. Ай, жүрегім жарылардай қуанғаным-ай. Еліміздің нөмірі бірінші білім ордасына оқуға түсу нағыз мақтаныш, үлкен жетістік қой. Қызықтың бәрі 1 қыркүйек күні басталды. Оқудың алғашқы күнінен бастап университетте отыру қажет. Өз тобыңмен, кураторыңмен танысуың керек. Алғашқы күннен жауапсыз көрінбейін, ұстазым мен курстастарыма жақсы әсер қалдырайын деп «сықиып» киініп алып, іштей танысуға дайындалып, жүрегім алып-ұшып, аталған білім ордасына да жеттім. Елдерден сұрап жүріп, заңгер мамандығы бойынша оқуға түскен студенттер қайда жиналып жатқанын біліп алдым. Аудиторияға кіріп, көңілім жайланып отырмын. Куратор оқуға қабылданған студенттермен тізім бойынша жеке-жеке танысып жатыр. Он адам өтті, менің есімім аталмады, жиырма адам, әлі шақырмады, елу адам, тыныштық. Аудиториядағы барлық студенттерді атап өтті, мен аң-таңмын. Шыдай алмай апайдың қасына бардым. «Сіз мені ұмытып кеткен жоқсыз ба?! Бір қателік кетті-ау деймін, менің есімім аталмады», дедім. Апайым аты-жөнімді сұрағаннан кейін «Жоқ, сіз секілді студент бізге түспеген», деді күлімсіреп. «Апыр-ай,ә, грантқа оқуға түскенім шын ба, өтірік пе?» деп ойланып қалдым. Аудиториядағылар «адасып кеткен студент екен» деп қыран-топан күлкіге басты. Мен тұрмын өзгенің қорасына кіріп кеткен бөтен қойдың күйін кешіп. Анық-қанығына көз жеткізейін деп стендті қайта тексеріп шықсам, Еуразия ұлттық университеті емес, Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға қабылданған екенмін ғой. Шыға сала ініме хабарласып: «Адамды ұятқа қалдырмай, дұрыстап қарамайсың ба?» деп ұрысып жатырмын. Осылай оқудың алғашқы күнінен қызықты әрі ыңғайсыз жағдайға тап болғаным бар. Бірақ шүкір деймін, өзім білім алған оқу ордасы – заңгерлердің ұстаханасы атанған алдыңғы қатарлы білім ошағы. Сол жерден алған білімімнің арқасында бүгін ел таныған азамат атанып отырған жайымыз бар. Аталған университетте кейін магистратуралық білім алдым. Оны бітірген соң сол университетте 2 жыл көлемінде 400-ге жуық болашақ заңгерлерге 5-6 пәннен сабақ беріп те шықтық.