Деканмен бірінші кездесу
Деканмен бірінші кездесу
Иә, кішкентайынан әртүрлі шытырман оқиғаларға тап болып жүретін бала, студент болып, үлкен қалаға келгенде моп-момақан бола қалмайтыны анық. Ең алғашқы оқу күні, 1 қыркүйек. Таңғы сағат 9.30. Осы жылы оқуға түскен барлық "балмұздақтарды" білім ордасымен таныстыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал мен дәл сол күні қара басқандай ұйықтап қалыппын. Асығып, алаөкпе болып жүгіріп, әрең дегенде университетке жеттім. Келсем қыбыр еткен тіршілік байқалмайды. Барлығы ендігі өздерінің аудиторияларына кіріп кетіпті. Күзетшіден 1.3-202 кабинеттің қайда екенін сұрап, сол жаққа қарай бар екпініммен жүгіре жөнелдім. Білмедім, көзім сол кезде байлаулы болды ма, баспалдақтан түсіп келе жатқан бір әйел кісіге келіп соқтығыстым. Орта бойлы, ұзын шашы арқасына жайылған, қараторы, қыр мұрынды келген апай екен. Өте ұқыпты киінген. Қолындағы портфеліне қарап тегін адам емес екендігін бірден аңғаруға болады. Кішкентай ауыл баласымен соқтыққанда көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ол кісіден жылдам кешірім сұрап, жанталасып жанынан өтіп кеттім. Өз аудиториямды тауып кірсем, куратор лекция оқып жатыр екен. Ең алдындағы партаға жылдам отыра қалдым. Бірер минуттан соң есік тағы ашылды. Кірген кісіге қарасам, жаңағы дәліздегі мұғалім екен. Кіре сала көзі бірінші маған түсті. Кураторымыз орнынан тұрып сәлем берді де: «Танысып қойыңыздар, бұл кісі біздің факультеттің деканы», деген кезде мен ұялғаннан жерге кіріп кетердей болдым. Екі бетім домбығып, қызарған түрімді көргенде декан: «Не болды, жүгіріп шаршап қалдың ба?» деп әзілдеп қойды. Мен басымды қасып, ұялғаннан төмен қарадым. Деканмен алғашқы кездесуіміз осылай болады деп кім ойлаған?
Серіжан Темірбек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті