Әлеумет

Бүгінгінің билері кімдер?

Бүгінгінің билері кімдер?

Халқымыз ертеден-ақ бірлікке ұйып, береке тапқаны бабалардан қалған өсиеттерде де айтылады. «Іргесі берік елді жау ала алмас, аузы бір елді дау ала алмас» деген. Бүгінгі қоғамда дауласқанды жауластырмай, бітімгершілікке шақыратын медиацияның алар орны айрықша. Осы мақсат аясында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істеуде. Нәтижесінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Жоғарғы соты өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Бұл тұрғыда қоғамдық бірлестіктің Орталық кеңесі «Дәнекер» пилоттық жобасын жасап, ережесін бекітті. Жобаның көздегені де медиация тәртібін басшылыққа алып, дау-жанжалды шешуде қазақ билерінің тәжірибесіне сүйеніп, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру.

Осы үдеріс аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 18 қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 7 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кіріскен. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі зор, өмірлік тәжірибеге ие ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі жақты бәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда. Аудандық, ауылдық билер кеңесінің төрағалары болып есімі елге белгілі, халық сыйлайтын, тындайтын, құрметтейтін ардагерлер бекітілді. Облыстық билер кеңесінің бастамасымен қоғамдық орындарда болатын дау-дамайлардың, келіспеушіліктің алдын алуда, оны сотқа дейін жеткізбей шешуде билер кеңестерінің жұмысын одан әрі жақсартуға мән берілуде. Облыстық билер кеңесі республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасын басшылыққа алып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал деңгейін төмендету, құқықбұзушылыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды сақтау, жастарға, тұрғындарға құқықтық және адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық-тұрмыстық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды татуластыруға басымдық берілуде. Облыстық билер кеңесі іске кіріскен алғашқы күннен бастап облыстық сотпен бірлесе отырып «Билер кеңестері жайлы ереженің» жобасы жасалды. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында талқыланып, мақұлданды. Сонымен қатар өз жұмыстарында басшылыққа алулары үшін басқа облыстарға таратылды. Ереже қабылдағаннан кейін кезекті мәселені билер кеңестерінің мүшелерін оқытуды, бұрын айналысып көрмеген істің қыр-сырымен таныстыруды қолға алдық. Бұл жұмыс 2019 жылдың қаңтар айында басталды. Облыстық соттың ұйымдастыруымен облыстық соттың үлкен залында облыстық билер кеңесі мүшелері мен аудандық билер кеңестерінің төрағаларына арналған семинар өткізілді. Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңын басшылыққа алып, жұмыстарын жүргізулері үшін 85 ардагерге «Кәсіби емес медиатор» сертификаттары тапсырылды. Барлық деңгейдегі билер кеңестері құрамының біліктілігін арттыруға арналған осындай оқулар аудан орталықтарында да өткізілді. Бірнеше ауданның, ауылдық округтің билерін бір орталыққа жинап оқыту да жолға қойылған. Атап айтқанда, осындай жиындар Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Жуалы, Талас аудандары мен Тараз қаласында өткізіліп, 400 адамға сертификаттар тапсырылды. Бұл өз кезегінде билердің дауласқан тараптарды сотқа дейін бір мәмілеге келуіне кеңінен жол ашты. Облысымызда билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үдерісі барысында шешу бағытында іргелі жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Олар аз ғана уақыт ішінде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешіп, адамдар арасындағы өзара тату қарым-қатынастың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізуде. Айта кету керек, облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен 7 алқа мәжілісі, 3 «дөңгелек үстел», 22 семинар кеңес өткізіліп, 209 азамат қоғамдық қабылдауда болды. Облыстық және аудандық баспасөз беттерінде билер кеңестерінің жұмыстары туралы 257 мақала жарияланды. Билер кеңестерінің іс-тәжірибесі туралы 3 кітап жарық көріп, жетістігі туралы жергілікті телеарналардан 6 рет көрсетілді. Облыстық билер кеңесі «Үздік би-2021» байқауын өткізді. Шерхан Мұртаза атындағы орталықта «Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізіліп, қазақ халқының дәстүрлі шешендік сөздері, халық жүрегінде сақталған құнды мұралары мен асыл қазыналарымыз жас ұрпаққа кеңінен насихатталды. Нәтижесінде облыстық, қалалық және аудандық билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігі арта түсті. Облыстық билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2019 жылы 420 дау-дамайлық істер қаралды. Оның ішінде соттан алып қаралғаны – 120. 2020 жылы 490 дау-шара шешімін тапқан болса, оның 150-і соттан алынып қаралған іс. 2021 жылы жалпы билердің көмегімен облыс соттарында 718 азаматтық іс бойынша татуластыру рәсімдері жүргізіліп, оның ішінде 322 азаматтық іс өндірістен қысқартылды. Жалпы билердің көмегімен қаралған істердің 44,8 пайызында тараптар татуласқан. Оның ішінде билердің көмегімен 100 азаматтық іс неке бұзу даулары бойынша, 60-ы жер дауы, 85-і қарыз өндіру, 77-сі міндеттемелі шарттарды орындау даулары бойынша татуласумен аяқталды. Биылғы 9 айда билердің қатысуымен 437 іс қаралған. Отбасылық істер бойынша 356 татуласу шешімі жүзеге асты. Билер кеңесі қараған мәселелердің дені азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар. Бір атап өтетін мәселе, билер кеңесінің тиімділігіне көз жеткізген сайын жұртшылықтың оған сенімі де артып келеді. Өткен мерзім ішінде билер кеңестерінің ұйымдастыруымен өңірлердегі билердің жұмыстарын насихаттау, түсіндіру, озат тәжірибелерді тарату билер кеңесінің ережелері мен мақсат-міндеттерін жеткізу үшін семинар-кеңестер өткізілді. «Дәнекер» жобасын жүзеге асырудағы аудандардағы билер кеңестері жұмысын ай сайын саралап отырмыз. Әр аймақта облыстық семинар-кеңестер өткізіліп, тәжірибелер алмасуда. Солардың ішінде билер институтын қалыптастырудағы өзіндік ізденісі бар билер кеңесінің қатарында Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлының іс тәжірибесі атап өтуге тұрарлық. 2021 жылғы 26 қаңтарда ол облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасында есеп берді. Атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, Талас аудандық билер кеңесінің кеңсесін тірек орталығы деп атау жөнінде қаулы қабылданды. Осындай шешім қабылдауға билер кеңесінің тәжірибесі себеп болып отыр. Сонымен қатар С.Әбсадықұлы «Дәнекер» қанатқақты жобасын белсенділікпен атқарып, осы істің танымдылығын арттырғаны және дау-дамайларды төмендетуге ықпал еткені үшін облыстық «Үздік Би – 2021» байқауының жеңімпазы атанды. Татуласудың балама әдістерін қолданғанда қандай оң нәтижеге қол жеткіземіз? Біріншіден, дау-дамайды сотсыз жылдам шешуге, екіншіден, уақыт пен қаржы шығынын үнемдеуге, үшіншіден, соттардың жүктемесін төмендетуге, төртіншіден, осының арқасында қоғамда азаматтар және заңды тұлғалар арақатынасында ауызбіршілік сақтауға мүмкіндік туады. «Дау мұраты – біту» қағидасын басшылыққа алып, ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы даулаушылықты төмендетуге ықпал ету мақсатында баспасөзге зор мән берудеміз. Билер кеңестерінің жұмысы туралы республикалық, облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар топтамасы тұрақты түрде жарияланып келеді. Аудандық билер кеңесінің жұмыс істей бастағанына үш жарым жыл уақыт болды. Сол аралықта 19 елді мекенде билер кеңестері құрылып, қазіргі таңда аузы дуалы, сөзі уәлі деген 60 би іріктеліп, жұмыс істеуде. Мысалы, 2022 жылы билер кеңестері 201-ге жуық дау-дамайды зерделеді, 60 іс аудандық сотпен бірге қаралды. Халық құқық қорғау органдарына беталды шағымдана бермей билер кеңестеріне жүгініп, дау-дамайды айқайсыз шешудің тиімді екенін түсінді. Соңғы жылдардағы талдау ерлі-зайыптылардың ажырасуының ауылдарда сирей бастағанын байқатты. Ауданда билер кеңесінің жанынан «Шешендік өнер мектебі» ашылды. Ашылғалы бері аудан көлемінде 6 мәрте сабақ өткізіліп, 3 мәрте шешендік сөз бен бата беруден жарыс өткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат – билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамытуды жолға қою. Он бір жылдан бергі аралықта Медиация институты өзінің дауласып жүрген тұлғаларды келісімге келтірудегі тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, осы бағыттағы көптеген бағдарлы мәселелерді анықтап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты «Медиация туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Дегенмен жұмыс барысында әлі де болса нақтылай түсетін тұстардың бар екені байқалуда. Осы орайда біздің де өз ұсынысымыз бар. «Медиация туралы» заңнамаға билер кеңестері жайлы арнайы бап қосып, «Медиатор би» деген атауды енгізу керек. Екіншіден, бүгінде елімізде 60-тан аса медиаторлық ұйым бар, олардың қатары күннен-күнге өсуде. Алайда басқа елдердегідей мемлекет тарапынан реттеуші орган жоқ. Осы жағы ескерілсе. Үшіншіден, барлық елді мекендерде билер кеңестері ардагерлер кеңестерімен бірігіп жұмыс жасайды. Кабинеттер жабдықталған. Осы ретте билер кеңесінің жұмысын жандандыру үшін материалдық көмек керек екенін айтқым келеді. Іс-шаралар өткізуге, кеңсе тауарларын алуға, электронды пошта қызметіне қаржы қарастырған жөн. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар қоғамдық ұйымдарға тендер бөлу арқылы шеше алады. Облыс аумағындағы билер кеңестерінің тұшымды жұмыстары туралы жоғарыдағыдай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірқатар атқарылған жүйелі жұмыстармен, жинақталған оң тәжірибемен қатар жұмысымызда әлі шешетін түйінді мәселелер бар. Кейбір аудандық, ауылдық билер кеңестерінің ынтасыз, ықылассыз, жігерсіз, нәтижесіз жұмыс істеп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Бүгінгі біздің жұмысымыздағы орын алып отырған осы олқылықтар мен шешімін табатын түйінді мәселелер әрдайым басты назарда болу керек, себебі алда ауқымды міндеттер, ойлар, межелер, жоспарлар аз емес. Елімізде отау құрған жастар арасында ажырасу күрделі мәселе болып тұр. Бүгінгі қоғамда әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Кеше ғана қол ұстасып қосылған жас жұбайлардың аз ғана уақыт ішінде болмашы нәрсеге бола ажырасып жатқанын көріп жүрміз. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар да дұрыс жолға қойылмай келеді. Меніңше, бұл олқылықтың орнын толтыруда аудандық, ауылдық билер кеңесінің мүшелері аянып қалмауы тиіс. Сондай-ақ бұл бастамаға аналар және әкелерден құралған кеңестер де үлес қосқаны абзал. Өз басым отбасылық мәселені мемлекет дәрежесінде қарап, нақты бағдарлама қабылдаған жөн деп санаймын. Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық, ауылдық билер кеңестері үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізулері керек. Билер кеңесінің әрбір мүшесі бітімгершілікті жақсы нәтижеге жету үшін атақты билердің бізге қалдырған өнеге-сабақтарын біліп, насихаттап, дауды шешуді негізге алып жүргендері жөн. Аудандық, ауылдық билер кеңестері жаңа талаптарға сай халық арасында дау-дамайлардың алдын алуда атқаратын жұмыстарды күнделікті ширатулары тиіс. Осы орайда өмірлік тәжірибесі мол, ел ішінде абыройлы, беделді ақсақалдарды қоғамдық жұмысқа белсенді тартып, түйінді мәселелерді жергілікті жерде шешіп отыру маңызды.

Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы