Қоғам

Аула клубының алар асуы алда

Аула клубының алар асуы алда

Саудакент ауылдық аула клубының ұжымы өздеріне артылған міндетті абыроймен атқару мақсатында аянып жатқан жоқ. Ашылғанына 12 жыл болған мекеме қызметкерлері осы уақыт аралығында талай дарындарды тәрбиелеп, қияға қанат қақтырды. Бүгінде мұнда 12 үйірме бойынша 380 оқушы қамтылған. 

Қандай жетістік болмасын оның сыртында қажырлы еңбек жатады. Бұл тұрғыда шағын ұжымның үлкен белестерді бағындырып жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Мысалы, республика көлемінде ұйымдастырылған «Қыстың ғажап бейнесі» атты байқауға қатысқан «Киім үлгілеу» үйірмесінің тәрбиеленушілері белсене өнер көрсетіп, шығармашылық дарындылығымен ерекшеленгені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Balbulaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнерге қанат қаққандар» II халықаралық өнер байқауында «Киім үлгілеу» үйірмесінің тәрбиеленушісі Мерей Ермекбай бас жүлде иеленді. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты II халықаралық өнер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша «Көркем сөз» үйірмесінің тәрбиеленушілері Аян Ақылтай I орынды иеленсе, Зере Әбілда II дәрежелі дипломды еншіледі. Ал «Би» үйірмесінің «Балауса» би тобы мен жеке орындауда Жанел Жөгібаева бірінші орынды қанжығаға байлады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, педагогтар қауымы да салған додадан шашасына шаң жұқтырмай шығуда. «Amanat» партиясы Сарысу аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Жемқорлықсыз қоғам» атты карикатура байқауында «Бейнелеу өнері» үйірмесінің жетекшілері Гүлзира Қадырова топ жарса, Ләйлә Ниязова үздік үштікті түйіндеді. Биылғы ақпан айында мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Ақпараттық-әдістемелік» бөлімнің ұйымдастыруымен «Үздік қосымша білім беру педагогы» облыстық байқауы өткізілген болатын. Қосымша білім беру педагогының кәсіби біліктілігін арттыру, жаңашыл мамандардың озық идеяларын қолдау мақсатында өткен байқауға аудандық кезеңінен жеңімпаз атанған 11 қосымша білім беру педагогы қатысты. Мамандар «Менің педагогикалық сенімім», «Білім берудегі менің инновациям», «Өнерлінің өрісі кең», «Психологиялық жағдаяттар» сияқты кезеңдер бойынша өзара бақ сынады. Міне, осы байқауда мекеменің «Шешендік өнер» үйірмесінің жетекшісі Мадияр Ишанбеков жеңіске жетіп, «Үздік қосымша білім беру педагогы» атанды. Саудакент ауылдық аула клубында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Балалар жылы аясында отбасылық құндылықтарды, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шаралар толассыз өтуде. Жуырда Қазақстан Республикасы күніне орай тоғызқұмалақтан 2007-2008, 2009-2010 және 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы аймақтық біріншілік ұйымдастырылды. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдаланып, әр сағатын ізденіске бағыттап отырған мекеме ұжымының алар асуы әлі алда деп сенеміз.

Саят ҚУАНДЫҚОВ, Саудакент аула клубының директоры, Сарысу ауданы