Сайыпқыран сарбаздар сап түзеді
Сайыпқыран сарбаздар сап түзеді
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және әскер қызметінің беделін көтеру, жастардың бойына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы подполковник Рамил Тартыков, «Жамбыл облысының интернационалист-жауынгерлік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кемир Ізбасаров, «Жамбыл облысы бойынша Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, запастағы подполковник Рысмағамбет Жүсіпов қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды. Еркін Құлымбайұлы өз сөзінде жастардың арасындағы патриотизмді оятуға және жастарды отансүйгіштікке баулуға күш салу керек екендігін айтып, сарбаздарға сәттілік тіледі. Іс-шара барысында алғашқы әскери дайындық кафедрасы студенттерінің АК-74 автоматын шашып-жинау көрсетілімі, 85395 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің «Дефиле» қойылымы және «Айбын» әскери жасағының орындауында қоян-қолтық айқас қойылымы көрсетілді. Сондай-ақ патриоттық әндер шырқалып, әскер қатарына шақырылушылар мен олардың ата-аналары шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Айта кету керек, биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 40-шы «Отар» әскери базасына 45 жамбылдық жас аттанды.
Шапағат ӘБДІР