Білім

Үкіметтік емес ұйымдар үмітті ақтайды

Үкіметтік емес ұйымдар үмітті ақтайды

Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы маңызы айрықша. Мәселен, түрлі саланы қамтитын мұндай ұйымдар өздерінің таңдаған бағыты бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар алу арқылы белгілі бір жобаларды жүзеге асыратыны белгілі. Негізінде осындай ұйымдардың күшімен қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешім тауып, қандайда бір іс немесе саланың алға жылжитыны айдан анық.

Кеше БАҚ, қоғамдық бірлестік және облыс әкімдігі денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар іспетті басқармалардың өкілдері өз ісін дөңгелетіп отырған үкіметтік емес ұйымдарды аралап, жұмысымен танысқан еді. «Жамбыл облысындағы үкіметтік емес секторының тиімді жұмысы» атты Study-тур барысында алдымен «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жұмысы таныстырылды. Өз өнімдерін нарыққа шығару арқылы отандық өндірісті дамытуға, ұлттық дәстүрді заманауи жаңғыртуға, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын тұрғындарды қолдауға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кедергісіз орта ұйымдастыруға, олардың бизнеспен айналысуына ықпал етіп отырған бұл ұйым жайлы оның жетекшісі Анар Бексұлтанова айтып берді. Анжелика Сарьян басқаратын «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қорының» да көтерген жүгі ауқымды. Қордың өзінің техникалық базасы, мамандандырылған көлігі бар. Қордың төрайымы өзінің жеке қаражатына медициналық мақсаттағы тауарларды сатып алып, оны мұқтаждарға тегін үлестіреді. Мәселен, декубитке қарсы шеңберлер, мүгедектер арбасы, балдақтар, таяқтар, жаялықтар секілді басқа да бұйымдар осы дерттің айықпас түріне шалдыққандарға өтеусіз береді екен. 2015 жылдан бастап бұл қоғамдық бірлестік дәрігерлерге, медбикелерге, психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге арналған кәсіби семинар-тренингтер өткізуді қолға алып, паллиативтік көмек негіздерін, созылмалы ауырсынуды емдеуді үйретумен айналысып жүр. Сонымен бірге онкологиялық науқастардың туыстарын да оқытады. Бұдан кейін Study-турға қатысушылар Жамбыл даңғылы бойындағы «Biznes ortalyq»-қа барды. Бұл нысанда «Жамбыл облысы іскер әйелдерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі орналасқан екен. Оның төрайымы Меруерт Лештаева ұйым жұмысы жайлы кеңінен әңгімеледі. Меруерт Қаттабайқызының айтуынша, аталған қауымдастық 1997 жылы жазда тіркелген. Өз жұмысын «Әйел және бизнес», «Әйел және жұмыспен қамту», «Қайырымдылық», «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» іспетті 5 бағыт бойынша жүргізіп отырған ұйым осы күнге дейін айтарлықтай жобаларды жүзеге асырған. М.Лештаева тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына ақыл-кеңес беру, ерекше қажеттілігі бар балаларды еңбекке баулу секілді тақырыптарда атқарылған жұмыстар жайын тілге тиек еткеннен кейін «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов сөз алды. – Біздің ұйымның басты мақсаты – ата-аналардың санасын оятып, олардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттыру, сондай-ақ жан-жақты қолдау көрсету. Біз осы бағытта облыстағы барлық мектептердің ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Сіздердің де жүргізіп отырған жұмыстарыңыздың ішінде бір бағыты біз атқаратын миссияның мақсатымен бірдей екен. Сол үшін ары қарай болашақта бірлесе тірлік істесек деген ойдамын. Ол үшін «Жамбыл облысы іскер әйелдерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен арада меморандумға қол қоюды көздеп отырмын, – деді ол. Бұдан кейін аталған басқосу «ҮЕҰ мен мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылын күшейту: мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың кепілі» атты еркін форматтағы жиынға ұласып, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев бұған дейін де нақ осы үкіметтік емес ұйымдарды аралап, олардың жетекшілерімен тілдескенін атап өтті. – Әр кез осындай маңызы бар іс-шараларға, кездесулерге тұрақты қатысып тұрамыз. Өйткені бұл менің тікелей құзыретіме жатады. Бүгінгі іс-шараның да маңыздылығы зор. «Жамбыл облысы іскер әйелдерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін осындай жаңа ғимаратқа орналастырған және біздің тақырыпқа қатысты басқосуымызға да мүмкіндік беріп отырған Меруерт Қаттабайқызына алғыс айтамыз. Осы ғимаратта алдағы уақытта да қоғамда өзекті деген мәселелер қаузалып, нәтижелі болатынына сенімдімін. Қазіргі таңда тек қана облыстық бюджет қана емес, қалалық, аудандық бюджеттерден де мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшін тиісті қаржы бөлініп, үлкен жұмыстар жүзеге асып жатыр. Оған біз куә болғандай осы қауымдастықтардың бірқатар бағыттар бойынша атқарған жұмыстары мысал бола алады, – деді Еркін Құлымбайұлы. Жиын барысында бірқатар үкіметтік емес ұйым басшылары, мүшелері сөз алып, қоғамдағы келелі мәселелер бойынша ой қозғады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ