Жоба жүйелі жалғасуы тиіс
Жоба жүйелі жалғасуы тиіс
20 сотық жерге орналастырылған жылыжайда екі ауысыммен қызанақ және қияр егіледі. Қазіргі таңда мол өнім салған қызанақты жинау жұмыстары басталуда. Жылыжай иесі Ерғазы Сыздықбеков 20 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отырғандарын жеткізді. – Кәсіп бастауға пилоттық жобаның көп көмегі тиді. Жобамды «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы мақұлдап, кәсібімді жүзеге асыру үшін сегіз миллион теңгені 2,5 пайызбен берді. Бүгінде алған несиемізді толық жауып тастадық. «Талас-2020» кооперативі тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Үш жылдан бері өнімді Қаратау және Тараз қалаларындағы сауда нүктелері мен әлеуметтік дүкендерге өткерудеміз, – дейді Е.Сыздықбеков. Жылыжай көмірмен жылытылады. Көкөністі баптаумен айналысып жүрген кооперативтің агрономы Қанат Алдабергенов жылыжайдың жыл он екі ай жұмыс істейтінін айтты. Биыл 10 миллион теңге табыс тапқан жылыжай иесі алдағы уақытта оның көлемін бір гектар алқапқа дейін арттыруды жоспарлауда. Сондай-ақ мұнда облыс әкіміне ауылдық округтегі аталған пилоттық жобаның іске асу барысы баяндалды. Жоба аясында 197 үшаралдық тұрғынға жалпы көлемі 524,7 миллион теңгені құрайтын жеңілдетілген несие берілген. Ауылдықтар мал басын шамамен 2000-ға арттырған. «Талас-2020» кооперативі құрылып, 18 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Өткен жылы кооператив 25 миллион теңге табыс тапқан. – Әр отбасының тұрақты табысының болуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Ауылдық округ әкімдері өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп әрекет етіп, әр ауланың ахуалынан жақсы хабардар болып отыруы маңызды. Жобаның мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, ауылдықтардың тұрмысын тіктеуге күш салу керек. Жоба алдағы уақытта да жүйелі жалғасуы тиіс, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Айта кетейік, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаның екінші кезеңіне аудандағы Ойық ауылдық округі еніп отыр. Қазіргі кезде дайындық шараларының барысы қызу жүруде. Бұдан соң облыс әкімі «Қайқы» көлін, «Нұрабай» каналын және «Бөлекқызыл» суқоймасының жай-күйін көріп, өтіп жатқан су деңгейімен танысты. Аймақ басшысы қазіргі таңда су мөлшерінің мол екендігін атап өтіп, оны тиімді пайдаланып, қоймаларға барынша су қорын жинақтап алу керектігін жеткізді. Сондай-ақ Талас және Сарысу аудандары суды өзара келісе отырып, бөлісіп пайдалану керектігін баса айтты. Бұл өз кезегінде екі аудандағы шаруалардың мәселесін оңынан шешуге ықпал етпек. Аймақ басшысы Кеңес ауылдық округінің тұрғыны Мұрат Ордабаевтың 13 сотық жерге есептелген жылыжайымен де танысты. Жылыжайда шалқан мен қияр өсуде. Қазіргі таңда шалқан алғашқы жемісін бере бастаған. Жеке қаражат есебінен салынған жылыжайдың жұмысын оң бағалаған облыс әкімі мұндай кәсіптердің санын арттырып, көлемін ұлғайтудың маңыздылығын тілге тиек етті. Нұржан Нұржігітов алдағы уақытта жылыжай иелерінің бірқатар шығындарын өтеп беру мақсатында мемлекет тарапынан қолдаулар қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Мұнда аймақ басшысына ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар баяндалды. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Айта кетейік, бұған дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен 1040 кездесуі өткен десек, оның 32-сі облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған. Алдымен аймақ басшысы Кеңес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында округ әкімі Еркебұлан Тәттібай атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша есеп берді. Округ бойынша 2 елді мекен, 211 аула бар, онда 1 741 адам тұрады. 211 аула ауызсуға және 174 аула табиғи газға қосылған. 27 ауланың құжаттары рәсімделуде, жыл соңына дейін толық аяқталмақ. – Ауылдық округ бойынша жалпы тіркелген 42 шаруа қожалық бар, оның ішінде 19 шаруа қожалық заңды жұмыс атқаруда. Қалған 23 шаруа қожалық иелерімен және округ аумағынан басқа жерге қоныс аударуына байланысты қожалықтарды жауып, тиесілі жерлерін қайта айналымға қосу жұмыстары жүруде, – деді Еркебұлан Тәттібай. Өз кезегінде ауылдықтар ауызсудың сағаттап берілуі, ағын су, жолдарды жөндеу, субсидия және тағы да басқа мәселелерді көтерді. Облыс әкімі елді мекенге таза ауызсуды тәулік бойы беру бойынша жұмыс жүргізу үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ округтегі үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануда суармалы су мәселесінің маңыздылығына назар аударды. Бұл тұрғыда ауыл әкімі ұңғыма қазу жұмыстарын жүйелі түрде үйлестіру керектігін жеткізді. Жиында өзге де мәселелерге аймақ басшысы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар беріп, кейбір жайттар бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді. – Бұған дейін айтылғандай, ауылдық округ әкімдері елді мекендердегі барлық ауланың жағдайынан жақсы хабардар болып, олардың әрбірінің тұрақты табысының болуын қамтамасыз етуі керек. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдаулар бойынша жан-жақты ақпарат беріп, құжаттама жұмыстарына көмек көрсетуі маңызды. Ауылда шағын жеке инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Бұл – олардың жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі, – деді Нұржан Нұржігітов. Дәл осындай басқосу С.Шәкіров ауылдық округінде де өтті. Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі