Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 2140 мүгедек сайлаушылар тізіміне енгізілді

Батыс Қазақстан облысында 2140 мүгедек сайлаушылар тізіміне енгізілді

Батыс Қазақстан облысында 505 сайлау учаскесі 20 қараша күні өтетін президент сайлауына дайын, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыстық төтенше жағдайлар департаменті барлық учаскелерді тексеруден өткізіп, қауіпсіз деген тұжырымдамалар табыс етілді. Ғайса Хамидоллаұлының сөзіне қарағанда, осы аптада барлық учаскеде дауыс беруге арналған кабиналар қойылып, сайлау комиссияларының мүшелері, байқаушылар отыратын орындар белгіленді, мүгедектігі бар сайлаушыларға арналған керек-жарақтың бәрі орналастырылатын болады. «Сайлаушылар тізіміне мүгедектігі бар 2140 адам енгізілді, соның ішінде 510-ы – арбамен жүретіндер, 1282-сі – көру, 348-і – есту қабілеті нашарлар. Осы адамдардың дауыс беруіне барлық мүмкіндікті жасап отырмыз», - деді Ғ.Қапақов. Сол секілді облыста жасы сексеннен асқан 13 мыңнан астам зейнеткер (соның 7 мыңға жуығы Орал қаласында) болса, оларға да ерекше көңіл бөлінеді. Денсаулығы және басқа жағдайға байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтындарға өтініштері бойынша үйлерінен дауыс беруге мүмкіндік жасалады. Ғ.Қапақовтың айтуынша, сайлауға 3259 комиссия мүшесі тартылса, бәрі де кәсіби тұрғыда дайындық курстарынан өтіп, тиісті сертификаттарын алды. Бір айта кететін жайт, сайлау комиссиясы мүшесін мәслихаттар өз сессиясында дауыс беру арқылы тағайындайды. Оған дейін түрлі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өз кандидатураларын ұсынады.Ұсынылған кандидат сол партияның немесе қоғамдық ұйымның мүшесі болуы міндетті емес. Комиссия мүшесі бес жылға сайланады. Облыс бойынша 179 сайлау учаскесінде онлайн сервис қызметі жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ 5 учаскеде алғаш рет шағын халыққа қызмет көрсету орталығы өз қызметін атқарады. «Күні бүгін облыс бойынша сайлаушылардың 83 пайызына шақыру қағазы табысталды. Солардың 77 пайызы сайлауға келетіндігін білдірді. Сайлаушыларды ынталандыру мақсатында кейбір жерде жәрмеңке ұйымдастырылса, алғаш рет дауыс берген, отбасыларымен, балаларымен келгендерге сыйлықтар қарастырылған», деді Ғ.Қапақов. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда референдумға орай 444 мыңға жуық сайлаушы тіркелгенін жазған болатынбыз.