ОСК: Халықаралық ұйымдардың екі байқаушысын аккредиттеу кері қайтарылды
ОСК: Халықаралық ұйымдардың екі байқаушысын аккредиттеу кері қайтарылды
ҚР Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында халықаралық ұйымдардың байқаушыларын 20 қарашадағы кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына аккредиттеуді кері қайтарып алу мәселесі қаралды. «10 қарашада Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілі Шау Чен аккредиттеуден өтті. Бірақ ол сайлауға халықаралық бақылаушы ретінде қатыса алмайды. Осыған байланысты делегация құрамына тиісті өзгеріс енгізу қажет. Бұдан басқа, 14 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясына ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы келіп түсті. Оған сәйкес 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына аккредиттелген Ислам ынтымақтастығы ұйымы делегациясының құрамына тиісті өзгеріс енгізу қажет. Ұсыныс дипломатиялық арна арқылы алынды. Баяндалған мәліметті ескере отырып, орталық сайлау комиссиясы қаулысының жобасы дайындалды. Осы орайда Шанхай ынтымақтастық ұйымынан Шау Чен және Ислам ынтымақтастығы ұйымы атынан Шакир Махмудты халықаралық байқаушы ретінде аккредиттеуді тоқтатып, куәліктерін кері қайтарып алу қажеттілігі туындайды», - деді Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясының отырысында. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аталған қаулыны бір ауыздан қолдады. Осылайша, ОСК халықаралық ұйымдардың екі байқаушысын аккредиттеуді алып тастады.