Әлеумет

Бу ма, у ма? Электронды темекі елді алаңдатуда

Бу ма, у ма? Электронды темекі елді алаңдатуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының тұрғындары­мен кездесу барысында жастардың электронды темекі мен энергетикалық сусындарға құмартуы ұлт болашағына төнген үлкен қауіп екенін атап айтқан еді.

Президент өз сөзінде: «Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай. Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», деді.

«Құлақ естігенді көз көрді»

Расында да болашағымызды бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін. «Электронды темекі» демекші, жақында көзге оғаш көрінетін бір оқиғаның куәсі болғаным бар. Жұмыстан қайтып келе жатқан бетім еді. Қоғамдық көліктен түсуім тиіс діттеген жерім «Аса» ықшамауданындағы «Қайқармет» аялдамасы. Автобустан түсіп, сәл ғана жүрген соң назарым еріксіз «Табачный мир» деп аталатын темекілер дүкеніне ауды. Шағын ғана бутиктің ішінде электронды темекінің сан алуан түрі самсып тұр. Өкініштісі сол, дүкен ішінде өрімдей қыздар өріп жүр. Өзара «Одноразка» деп атайтын бірреттік пайдаланымдағы қауіпті затқа әлі оң-солын ажыратып үлгермеген нәзікжандылардың әуестенгенін көргенде жүрегім ауырды. Ол шылымқұмарлар арасында бірреттік атауға ие болғанымен, бағасына қарай бір данасын адам мың мәрте пайдалана алады екен. Десе де қаракөздеріміздің қасына барып, аз-кем әңгімеге тартып, тілін тауып, темекіні неге шегетіндерін сұрадым. Бойжеткеннің бірі «мода» десе, екіншісі «темекіге қарағанда зиянсыз» деп жауап береді. Бірақ мұның мүлде олай емес екенін үйде көрген тәртібін түзде естен шығармайтындар жақсы біледі. Жүрек шымырлатар көріністі көргеннен кейін ойымды сансыз сұрақтар торлады. «Кәмелет жасқа толмаған балалардың бұған әуес болуының себебі неде?», «Мұны жастарға, оның ішінде бұрымдыларға кім үлгі етіп, кім насихаттауы мүмкін?» деген сұрақ сананы сансыратады.

Елдегі жағдай мәз емес

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жақында ғана Қазақстанда жүргізген зерттеуіне иек артсақ, 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде 3 есе өсіпті. Мұндай деректер Денсаулық сақтау министрлігі ашық талқыға шығарған арнайы тұжырымдамада көрсетілген. «Қазақстанда электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану қарқыны жоғары. Ол барлық жерде жастарға қолжетімді бағада сатылады. Әрбір азық-түлік дүкенінде сатылатын вейптердің бағасы 2000 теңгеден аспайды. Ол жастар үшін қолжетімді. вейпті 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен тыйым салынады. Алайда кодекстің қолданыстағы нормасы темекі өнімдеріне тыйым салу және темекі өнімдерін ашық көрсету бөлігінде орындалмайды және оны кәсіпкерлер елемейді. Ал ДДҰ-ның мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жасөспірімдер арасында ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір мәрте болсын қолданып көрген. Бақылаусыз кеткен істің насырға шауып бара жатқанын байқаған министрлік өз тарапынан мәселенің шешімі ретінде жасөспірімдер мен балаларға электронды темекі сатуға, тұтынуға және вейп айналымына шектеу қоятын норманы жетілдіруді ұсынды. Бір қызығы, бұл тауарлардың дүкендерде ғана емес, әлеуметтік желілерде де саудасы қызып тұр. Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. Мәселен, «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы электронды шылым сатумен айналысатындардың қарасы көз сүріндіреді. Аталған онлайн сауда Қазақстанның кез келген қаласында бар деуге болады. Оның құны 2 200 теңгеден басталады екен. Тіпті тапсырыс берушіге аяғын жерге тигізбей тегін жеткізу қызметі де қарастырылған.

Қауіпті ермек қайдан келген?

Электронды темекі алғаш 2003 жылы шығыпты. Электронды темекіні патенттеген – қытайлық фармацевт Хон Лик. 2004 жылы Хон Лик Қытай нарығында, сосын халықаралық деңгейде осындай өнім шығаратын және сататын алғашқы адам болды. Темекінің құтысы кішкентай, иісі шықпайтын болған соң әлем бойынша жастардың оған әуесі артып, шылымның шырмауына біртіндеп түсе бастады. Түрлі тәтті иістер қосылғандықтан барлығы жаппай сатып алуды дағдыға айналдырды. Бірақ «Вейпингтің» кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына, тіпті оның соңы кісі өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін АҚШ-та вейп пайдаланғандардың ауруға (өкпенің ауыр кеселіне) шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркеліп, 50 адам қайтыс болады. Осыдан кейін 2019 жылы электронды темекілерге қарсы күрес қолға алына басталды. Ал 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекіге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға түбегейлі тыйым салынды.

Зиянды затқа әуес оқушылар көп

Электронды темекінің зияны жайлы қанша айтылса да бізде шылым шегетіндердің саны азаятын емес. Керісінше, оның түрлі дәммен «Вейп», «IQOS» (айкос), «Снюс», «Паучи» секілді сан алуан түрі сатылуда. Ата дәстүрімізде жоқ, жаман әдет біздің ұлтқа қайдан келді? Жасанды шылымның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін жастардың білгені жөн. Түтінсіз темекінің кең тараған бір түрі – «Снюс». Мамандардың айтуынша, оның құрамында никотиннің мөлшері темекімен салыстырғанда бірнеше есе көп. Мәселен, 1 дана темекіде – 1,5 миллиграмм болса, «снюста» – 20 миллиграмнан 250-ге дейін болуы мүмкін. Ал «паучиды» еріннің астына салып тартады екен. Айта берсек, бұл заттың адам өміріне тигізер залалды зияны көп. «Жасанды шылым қауіпсіз бе?» деген сұрақтың жауабына осыдан-ақ қанығуға болады. Санасы қалыптаспаған балалар «ваучерлердің» түрлі дәмі мен түтініне қызығып шегеді. Бірақ қызығушылықпен шеккен дүние кейін тәуелділікке әкеліп соғады. Темекіге бейімделу кезеңінің бірі – жалындаған жастық шақ. Адамның қызығушылығын арттырып, құмарлыққа тез үйрететін де осы кез. Санаңды улап, шылымға үйір қылып жіберетіні шүбәсіз екенін біле тұра осы жолмен жүргендер азаймай тұр. Жігерлі кезеңде, ой-өрісін дамытатын шақта өміріңді арзан қызығушылықпен өткізсең, егде жасқа келгенде сан соғып, өмірің өкінішпен өтері хақ. Бұл қазаққа бөгде елден келген жат қылық. Өзгенің қаңсығын таңсық көруге бейім тұратын жастардың еліктеушілігінің соңы қоғамды осындай тығырыққа тіреп отыр. Ең жаманы, ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Өйткені электронды темекі шегіп келген баланың үстінен иіс шықпайды. Бәлкім, содан болар, ұлдар «Снюс», қыздар «Айкосты» далада емін-еркін шегіп жүре береді. Тіпті «Soveren» шеккенше, осыны пайдаланған дұрыс» деп баласының бетінен қақпайтын ата-аналар да кездесіп жатады екен.

Дәрігерлер не дейді?

Электронды темекі жеткіншектерді сырт пішінімен желіктіріп, хош иісімен еліктіруде. Ал жас жеткіншектер өте аңғал. Бүгін әуестік көрген ермектері ертең өмір бойы зардапқа ұрындыратынын түсінбейді, білмейді. Олардың ағзасы никотинді тұтынған сайын мұндай зиянды әдеттерге тез үйреніп алады. Бұл дегеніміз қатерлі ісіктің пайда болуына алып келіп, есірткіге тәуелді етуі де әбден мүмкін екенін айтады мамандар. – Электронды темекі – ішінде сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізетін темекінің бір түрі. Қыздырылатын табак қарапайым темекіден де қауіпті. Электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Бұған дәлел ретінде, Қырым федералды университетінің ғалымдары электронды темекіден немесе вейптерден шығатын бу өкпе тінін бұзатынын дәлелдеді. Тіпті никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған «электронды темекінің зияны аз» деген пікірді жоққа шығарады. Электронды темекі, вейптер – өзіңізді алдау. Табак өндірушілердің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Елена Ли. Аталған дәрігердің айтуынша, ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағынаны білдіретін вейптердің құрамында глирецин, пропиленгликоль, ароматты қоспалар бар. Бұл қоспалар вейп апараты ысыған кезде реакцияға түсіп, адамның денесінде зиянды 31 қосынды түзіледі. Қоспалардың ең қауіптісі диацетил деп аталады. Диацетил вейпті қолданатын адамдардың 75 пайызының жағдайында облитерациялық бронхиолит, қалыпты өкпе тінінің дәнекер тінмен орын басуы секілді өзгерістерге ұшыратады екен.

Психологтың пайымы

Ең жаманы, ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Баласының ашуланшақ болып кеткенін өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне балап жүре береді. Ал бұл уақытта никотинге бойы үйренген жеткіншек одан да күшті әсер ететін заттарды қолдануы бек мүмкін. Мектеп жасындағы балалардың зиянды әрекетке әуес болып бара жатқандығына мектеп мұғалімдері де алаңдаулы. – Қазіргі уақытта мектептегі күрделі мәселелердің бірі – оқушылардың электронды темекіге әуестігі болып тұр. «Бұған қай жастағы балалар әуес?» десеңіз, электронды темекіге жасөспірімдер арасында 7-11 сынып оқушылары көбірек қызығушылық танытады. Олардың қазіргі жасында физикалық және психикалық-эмоционалдық тұрғыдан өзгерістер болып, сол сәтте балаларда еліктеу пайда болады. Мінез-құлықтары өзгереді. Өздерін үлкен сезінгісі келіп тұрады. Осылайша электронды темекіні тұтынып жүрген бала бірте-бірте оған тәуелді болып қалады. Одан кейін ақырындап кәдімгі шылымға әуестенуі де мүмкін. Бұл мәселе бойынша ұстаздар мен ата-аналар балалармен көп жұмыс жасауы тиіс деп есептеймін. Олардың жасында тез ашушаңдыққа бой алдыру, еркелік басым болады. Бір жағынан күнделікті ұстап жүрген ұялы телефоннан да талай бәле келіп жатыр. Ол да психикаға үлкен әсер етеді. Ермек көріп ойнап жатқан ойындарына дейін атыс-шабыс. Олардың небір қызылды-жасылды еліктіргіш зат көрсе елігетін уақыттары осы шақ. Осы тұрғыда ата-аналардың бір кінәсі баласымен көп сөйлеспеуі. Керісінше, кейбірі балаларына «бар, теледидар көрші», «телефоныңды ал да, ойыныңды ойнашы» деп жатады. Ата-анадан жылулық, дұрыс тәрбие көрмеген бала не істейді? Айналасындағылардың істеген ісіне қызығып, соны қайталайды. Тіпті ата-аналар шылымды өздері де тұтынбай, балаларына үлгі бола білсе, оның зияны туралы сөйлесе алар еді. Отбасы мүшелері балалардың көзінше тым болмаса темекі тартпауы керек. Ұстаздар да мектепте темекісіз саясатты қолданғаны жақсы. Сонда жастарды зиянды әдеттен арылтуға болады. Әкенің мықты тәрбиесі, бір шытқан қабағы, ананың дұрыс ақыл-кеңесі бала қанша еліктесе де мұндай зиянды әрекеттерге бармауына сеп бола алады, – дейді Әлихан Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының психологы Тынар Асадилова. Психолог маманның айтуынша, жасөспірімдер электронды құрылғыларды жиі пайдаланудың салдары қандай зардапқа әкеліп соқтыратынын ұғына бермейді. Бір-екі жылдан кейін пневмония, бронхит, тіпті қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін екенін де ойламайды. – Балаңыздың электронды темекіні пайдаланатынын байқап қалған жағдайда қызбалыққа жол бермеңіз. Байыппен отырып балаңызды бұл әрекетке не итермелегенін сұраңыз. Қызығушылығы уақыт өте келе сан соқтырарлық жағдайға әкелетінін түсіндіріңіз. Айқайға басып, жекіп сөйлеп, темекі шегуін бірден тоқтатуды талап етпеңіз. Сіздің міндетіңіз – баланың психологиясына негативті әсер етпей дипломатиялық жолмен жұмыс жасау, вейпке неге әуестенгендігінің себептерін анықтау. Ашық түрде сөйлесу. Бәлкім, бала стресті жағдайда жүрген болар. Өзін қатарластарының алдында мықты екендігін көрсету үшін қолданатындар да бар. Бойындағы үлкендерге деген наразылықты бумен басатындар да бар. Сондықтан ең алдымен баланың ойын тыңдаған жөн, – деп сөзін жалғады Т.Асадилова. Психологтың ойына зер салсақ, ол жастармен бетпе-бет отырып, ашық сөйлескен абзал екенін меңзейді. Ата-ананың балаға көп көңіл бөліп, бірге уақыт өткізгені, оны тыңдауы шарт. Әйтпесе «қол тимейді» деп жүргенде перзентінің түздегі қылығынан хабарсыз қалатыны анық. Ал жаман әдет жастарды бір баурап әкетсе, одан арылу оңай емес. Жастардың ел ертеңі, ұлт болашағы екенін ойласақ, қамсыз отыра беруге болмайды. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда пайдалырақ екенін дана бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен.

А.Бекенқызы