Бүгін - Халықаралық зағиптар күні
Бүгін - Халықаралық зағиптар күні
Бүгін - Халықаралық зағиптар күні. 1745 жылдың 13 қарашасы күні Францияда, Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог - Валентин Гаюи дүниеге келді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы дата Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды. Бүгінде облысымызда көзі көрмейтін шамамен 2000-ға жуық адам бар. Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне 85 жыл толып отыр. Аталған бірлестіктің облыстық филиалында 320 адам тіркелген. Ағымдағы жылы облыста 687 көзі әлсіз көретін жандар шипажай-курорттық емделуге жолдама алса, 922 адам мемлекет тарапынан мүгедектігіне байланысты оңалтудың түрлі техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етілді. Зағип жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және облыстың қоғамдық, мәдени өміріне белсене қатыстыру, шығармашылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік беру арқылы кеуде қуанышын сыйлау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бүкіл қоғам болып мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – біздің баршамыздың азаматтық міндетіміз! Барша көзі әлсіз көретін азаматтарды атаулы мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Еркін Келесов, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы