Жаңалықтар

Ақтөбе облысында азаматтық қоғам өкілдері сайлауда байқаушы болады

Ақтөбе облысында азаматтық қоғам өкілдері сайлауда байқаушы болады

Бүгін «Партиялық емес байқау орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының штабында «Партиялық емес байқау орталығының 2022 жылғы 20 қарашадағы ҚР Президентінің сайлауында қоғамдық байқауға қатысуы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. Жиында «Партиялық емес байқау орталығы» облыстық филиалы штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев пен штабтың құқықтық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі, заңгер Айжан Досова орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстарын айтып берді.

Оның айтуынша, алдағы сайлауда Ақтөбе облысында 502 сайлау учаскесіне аталған орталықтың байқаушылары қатысады. Қазір байқаушылар саяси науқанға жан-жақты дайындалып жатыр. «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық штабы биылғы жылдың 1 қазанынан бастап жұмыс жасап келеді. Штаб құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, сарапшылар және белсенді азаматтар кіргізілді. «Партиялық емес байқау орталығының» облыстық штабы өңірдің барлық сайлау учаскелерін байқаушылармен қамтуды жоспарлап отыр. Біз Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы Заңнамаға сәйкес адал және әділ өтетініне сенім білдіреміз, — деді штаб төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.