Білім

МЕНЕДЖМЕНТ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

МЕНЕДЖМЕНТ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазіргі кезде елдегі кәсіп-орындарға халықаралық стандарт­тарды пайдалану, соның ішінде, әсіресе, сапа менеджменті жүйесі бойынша 9000 стандарттар топ-тамасын жаппай енгізу мәселесіне мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Оның айқын көрінісі менеджмент жүйелері бойынша халықаралық стандарттарды қолданудың барлық алғышарт­тары жасалуында. Мәселен, кәсіпорындарда қажетті заңнамалық база құрылып, мемлекеттік қолдау тетіктері анықталды. Сонымен қатар, менеджмент жүйелерін әзірлеу, енгізу жөнінен тәжірибе жинақталып, менеджмент жүйесін даярлап енгізу және сертификат­тау бойынша білікті кеңесшілер мен сарапшы-аудиторлар тобы қалыптасып, көптеген кәсіпорын басшылары халықаралық стан-дарттарды, соның ішінде сапа менеджменті жүйесін енгізудің пайдасы мен қажеттілігін то-лықтай түсіне бастады. Бүгінде дүние жүзінде ме-неджмент жүйелеріне талаптар белгілейтін бірнеше стандарт бар. Оларға ІSO 9000 (сапа менедж-мент жүйелері немесе СМЖ), ИСО 14000 (экологиялық ме­недж­мент), ОHSAS 18000 (өндіріс қауіпсіздігі және денсаулық сақтау), HASSP нормалары және ИСО 22000 (тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі), SA 8000 (әлеуметтік және этикалық менеджмент) стандарт топтамалары жатады. Техникалық реттеу және мет­рология комитетінің мәліметіне сүйенсек менеджмент жүйесі бойынша сертификаттаудан өткен кәсіпорындар саны 2010 жылдың бірінші мезгілінде төмендегідей болды: ИСО 9001 – 2662 ИСО 14001 - 193 ОHSAS 18001 - 135 ИСО - 22000 - 43 Жоғарыдағы мәліметтерге қарағанда кәсіпорындар СМЖ енгізу мәселесіне артықшылық бе­ретіні байқалады. Алайда, эколо­гия, денсаулық сақтау, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауап­кершілігіне т.б. қатысты менедж­мент жүйелерін ескермеу кәсіп-орын жұмысын толыққанды ете алмайды. Себебі, СМЖ кәсіп-орынның жалпы менеджментінің бір ғана бөлігі болып табылады. Жалпы, менеджментке сонымен бірге “Қаржы менеджменті”, “Қызметкер менеджменті”, “Ин­новациялық менеджмент”, “Хорлар менеджменті”, “Ақпарат­тық қауіпсіздік”, “Өндіріс қауіпсіздігі және еңбекті қорғау” т.б. менеджменттер қамтылады. Біздің елдің кейбір кә­сіп­орындары бірнеше халық­аралық стандарт талаптарына сәйкесетін менеджмент жүйелерін енгізу жөнінен алғашқы қадамдар жасай бастады. Халықаралық стандарт­тар­дың құрылымы оларды ме­неджменттің бірлескен жүйесіне (интеграциялық жүйеге) бірік­тіруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезеңде дүниежүзілік тәжірибеде интеграцияланған менеджмент жүйесіне (ИМЖ) негізінен сапа менеджменті, экологиялық ме­неджмент, өндірістік қауіпсіздік және денсаулық сақтау менедж­менті, әлеуметтік жауапкершілік менеджменті қатарлы менедж­менттер қамтылуда. Сапа менеджменті жүйесін енгізген кәсіпорындар соған қоса біртіндеп басқа менеджменттерді енгізу арқылы немесе барлық менеджмент жүйелерін кешенді түрде біріктіре отырып толықтай интеграцияланған менеджмент жүйесін (ИМЖ) құруды жүзеге асыруына болады. Интеграция­ланған менеджмент жүйесін құру ИСО 9000 стандарттар топтамасы қағи­даларына негізделуі тиіс. Яғни интеграцияланған менеджмент жүйесін енгізудің базалық қағи­далары ретінде үрдістік және жүйе­лік тәсіл, басшының озықтығы, қызметкерлерді тарту (жұмылдыру) принциптерін негізге алу қажет. Менеджмент саласы бойынша Еуропа мен Америка компанияла­рының тәжірибелеріне қарағанда компания өзінің менеджмент жүйесіне ИСО 9001 стандартын біріктіре отырып ұйымның барлық іс қызметін қамтыған менеджмент жүйесін құра алады. Бұл дегеніміз, шын мәнінде интеграцияланған менеджмент жүйесінің негізі болып табылатын жаппай сапа басқару қағидасын жүзеге асыру деген сөз (TQM – Total Qualіty Management). TQM-нің ИСО 9000 стан­дарттар топтамасынан негізгі айырмашылығы оның сапаны арт­тыруда белгілі бір деңгейге жеткен кәсіпорын үшін бейімделгендігінде. Ал ИСО 9000 стандарттар топтама­сының мақсаты сапаны қамтамасыз етудің алғашқы кезеңдерін (дең­гейін) бағындыру болып табылады. Сапаны жаппай басқару кез келген мекемені басқарудың жаңа тәсілі. Ол кәсіпорынның барлық қызмет­ке­лерін қатыстыра отырып, тұ­тынушы талаптарын қанағаттан­дыру арқылы ұйым қызметкелері мен қоғамға тұтастай пайда кел­тіруге бағытталған. Интеграция­лан­ған менеджмент жүйелерін енгізу кезінде жүйеге қамтылатын әрбір стандарт мазмұндық және тәжіри­белік жетістігімен ерекшеленетін­дігін ескеру қажет. Сондықтан олардың талаптарын орындай отырып, кәсіпорын өз бағдарлама­сының кем дегенде ең төменгі ден­гейін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие бола алады. Интеграцияланған ме­неджмент жүйесінің келесі ар­тықшылығы егер кәсіпорын өндіруші болатын болса, сонымен қатар халықаралық стандарт талап­тарын толықтай орындай алса онда ол кәсіпорын әлеуетті тапсырыс беруші үшін неғұрлым беделді де тартымды болып саналады. Себебі, ол кәсіпорынға сапа менеджменті стандарттарымен қоса экологиялық стандарттар мен өндіріс қауіп­сіздігінің стандарттары енгізілген. Бұл дегеніміз, кәсіпорын ұжымы­ның қоғамдық жауапкершілігінің жоғары екенін айғақтайтын көрініс болып табылады. Аталған менедж­мент жүйесін енгізу нәтижесінде көзделген мақсаттар жүзеге асуы тиіс. Егер олай болмаған күнде оның себептерін анықтау қажет. Мүмкін, стандарттарды енгізу үрдісі дұрыс жүргізілмеген болар немесе қандай бір себептерден біріктірілген менеджмент жүйесінің тиімділігі төмендеген болуы мүмкін. Сондықтан кәсіпорын өз мақсатын жүзеге асыру жолында, яғни нарықтағы бәсекелестік қабілетін арттыру жолында қомақты табыстарға жету үшін ең әуелі жасандылықтан аулақ бола отырып, шынайы ынта-жігерімен, дұрыс іс-қимыл жасағанда ғана өз мақсатына жете алады. Менеджмент жүйесін енгізіп, оның нәтижелілігін арттыруда басшылықтың рөлі аса жоғары болып табылады. Білікті басшы кәсіпорынның болашақ межесін айқын болжай отырып, нақты идея­ларды жоспарлау арқылы олар­дың орындалуына ұжымның бар­лық мүшелерін тартып, жұмылдыра алады. Бұл жерде, әсіресе, адами фактордың маңыздылығына баса назар аударылуы тиіс. Егер басшы адам өз қызметкерлерінің жағ­дайын жақсартуға көңіл бөлмесе онда оларға сапаны жақсарту жө­ні­нен қатаң талап қоя алмайды. Тіпті қойса да оның орындалуы ойдағыдай бола бермейді. Себебі, ұжым ішінде көңіл-күйі орташа, жұ­мыс нәтижесіне деген қызығу­шы­лығы мен ынта-жігері жеткі­лік­сіз жұмысшы, қызметкердің жұмыс өнімділігі де мардымды болмайды. Сапа менеджменті жүйесінің негізін қалаушылардың бірі доктор Джуранның ұстанымы бойынша сапа тұтынушыға бейімделу және қызметкерлерді қанағаттандыру дәрежесімен айқындалуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда кәсіпорынның алдына қоятын стратегиялық мақсаттары тұтынушымен тығыз қарым-қатынас орнату, инновация енгізу, шығынды азайту, сапаны арттыру арқылы бәсекелестік бәйгесінде алға озу болып табылады. Кәсіпорынның мақсаты мен міндетін айқындай отырып ұзақ мерзімді жоспар, бағдарламасын әзірлеуші ретінде ұйым жетекшілері менеджмент жүйе­сін әзірлеу, енгізу және үздіксіз жақ­сарту жұмыста­рына қатысты жеке ба­қылауды жүзеге асы­рады. Бас­шы­­лық тап­сы­рыс беру­шілер­мен, өз әріп­тестерімен және қалың жұрт­шы­лық­пен қарым-қатынаста болып, ұйым қыз­метке­рлерін ын­та­лан­дыру, қолдау, кә­сіпорын іс-қимылына жаңа­ша өзгерістер енгізу қатарлы өзекті іс шараларды жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, ұйымның мақсаты мен даму ба­ғытының біртұтастығын қам­тамасыз ету, ұжымның ішкі тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызу, өз іс-әрекетімен басқаға үлгі бола білу сияқты қасиеттер басшы адамның бойынан табылуы тиіс. Ол үшін басшы тұлға өзін әрдайым дамытуға көңіл бөлуі қажет. Қандай да бір өнімнің немесе қызметтің сапасы оның өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, өнім өндіру немесе қызмет көрсету идеясының алғаш туындауынан бастап оның жүзеге асып тұтыну­шының пайдалануына дейінгі аралықта қалыптасатынын ескерсек айналымның әрбір кезеңіндегі үдерістер өнім (қызмет) сапасына әрқилы дәрежеде әсер ететінін түсінуге болады. Сондай үдерістерге мысалы, нарықты зерттеу, шикізат немесе дайын өнімді берушілермен (өткізушілермен) жұмыс жасау, құжаттарды басқару, кәсіпорынды метрологиялық қамтамасыз ету, кә­сіпорын қызметкерлеріне жетек­шілік жасау, тағы сол сияқтылар жатады. Сондай үдерістердің бар­лығын бір қатаң жүйеге келтіріп, барлық қателіктер мен кемші­ліктерді, ақаулар мен ауытқуларды кәсіпорын жұмысының барлық сатыларында ең төменгі деңгейге жеткізу менеджмент жүйесінің көздеген негізгі нысанасы болып табылады. Сапа менеджментінің жүйесі қандай да бір жаңа технологияны енгізбей-ақ, арзан шикізат, мате-риал пайдаланбай-ақ тек қана ұйымдастыру шараларын оңтайлы жүргізу арқылы өнімнің (қызмет­тің) өзіндік құнын азайтумен қатар, сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бәсекелестік қабілетті арттырып, нарықтағы жағдайды бекемдейді. Нәтижесінде, кәсіпорынның экономикалық күш-қуаты артып, жұмыскерлердің ең­бекақысын өсіруге, жұмыс жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік туады.

Сапарова Гульмира Сабыровна, Менеджмент кафедрасының аға оқытушысы