Жаңалықтар

Отпен арпалысқан оғландар

Отпен арпалысқан оғландар

Халық «Тілсіз жау» деп ауызекі тілде сипаттама берген от пен су, түрлі дәрежедегі табиғи және техногенді апаттар кейде құнды мүліктермен бірге адам өміріне де қауіп төндіріп, тіпті оның соңы өкінішті жағдайларға ұласып жатады. Мұндай жайсыз оқиғаларды соңғы уақытта құлағымыз жиі шалатыны жасырын емес. Ал мұндай дүлейге қарсы күрес жүргізетін мекеме – облыстық төтенше жағдайлар департаменті екені айтапаса да түсінікті.

Сәт сайын сан түрлі оқиға бойынша апаттың алдын алу, болдырмау, жою жолында қауіппен бетпе-бет келетін мамандардың ерлігі өлшеусіз. Оның ішінде облыстың өртке қарсы қызмет жүйесін сөз етер болсақ, өзінің қайсарлығымен, батылдығымен көзге түсіп, халықтың абыройына бөленген азаматтар жетерлік. – Өрт сөндіруші мамандығы ең қауіпті мамандықтардың бірі. Өйткені табиғи апат немесе адамдардың қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамауынан пайда болатын өрт оқиғасы кезінде тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соқпайды. Мұндайда қауіппен бетпе-бет келіп, тілсіз жауға тойтарыс беруде ептілік, біліктілік, жүректілік секілді қасиеттер өрт сөндірушілерге ауадай қажет. Біздің жігіттер төтенше жағдай кезінде ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге барын салады. Нағыз қауіп осындай сәтте туындайды. Өртті тез сөндіру үшін маман әркез физикалық тұрғыдан қай нәрсеге болсын дайын тұруы қажет. Біздегі мамандар осындай талапқа сай әрі өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын жетік біледі. Негізінде тұрғындар үнемі қауіпсіздік шараларын сақтанып жүрсе, жазатайым оқиға орын алмаса, күніміз тыныш өтсе, біз үшін – үлкен жетістік. Жалпы осы салада ата-бабасынан бері қарай еңбек етіп келе жатқан өрт сөндірушілер әулеттері арамызда көп. Тарқата айтқанда, Ахметбековтер, Архабаевтар, Шайкрамовтар, Бешли-оглы, Алашбаевтар, Ережеповтер секілді өрт сөндірушілер әулетінің аты көпке мәлім. Сонымен қатар өрт сөндірушілердің мәртебесін көтеруге сүбелі үлес қосып жүрген жастар да бар. Мысалы, биік ғимараттың жоғарғы қабатынан секірмекші болған қыз баланы құтқарған Азамат Көпбосынов, суға ағып бара жатқан жасөспірімді ағыны күшті терең өзеннен алып шыққан ағайынды Елнұр, Ернар Архабаевтар және жанармай бекетінде май құю барысында өртке оранған жүк автокөлігін аулаққа сүйреп алып барып, өртті сөндірген Ғани Керімбай секілді «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты жігіттердің әр ісі өзгеге үлгі. Өткен жылдары Байзақ ауданында өрттен туындаған жарылыс кезінде ерлікпен қаза болған жауынгерлердің есімдерін жұрт мәңгілік есте сақтауға бекінуі өзгенің өмірін өз жанынан артық көрген оғландарға деген халықтың шексіз құрметі деп білеміз. Міне, осындай батырлардың барлығы сын сағаты соққанда көзсіз ерліктерге барып, ел алдында өз міндеттерін абыроймен орындағандар. Олардың есімдері өрт сөндіру саласының тарихында алтын әріптермен жазылып, тасқа басқандай халық жадынан шықпасы анық, – дейді өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімінің бастығы Жомарт Бекболат. Осы орайда біз үлкендердің жолын жалғап, антына адалдық танытып, өзінің кәсібін абыроймен атқарып жүрген бірқатар жастар туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Мәселен, Меркі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Арман Таубеков те өзгеге үлгі боларлық жан. Ол 1991 жылы Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында әкесі Жаныс пен анасы Қалбүбінің шаңырағында дүниеге келген. Ауылындағы орта мектепті аяқтаған Арман 2010-2013 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды. 2016-2021 жылдар аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласындағы Н.Исанов атындағы университетте «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алған. 2015 жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне қарасты Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде осы саладағы алғашқы еңбек жолын бастайды. Қазіргі уақытта Меркі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінде қызметін жалғастыруда. Ол қызметке орналасқанына көп уақыт өтпесе де көптеген өрт оқиғалары мен төтенше жағдайларды жоюға қатысып үлгерді. Соның біріне тоқталсақ, 2020 жылы «101» телефон нөміріне Меркі ауданы, Жамбыл ауылындағы дәмхана жанында орналасқан автокөліктерге газ құю бекетінде өрт шыққандығы, оның соңы жарылысқа ұласқандығы жөнінде хабарлама түседі. Соған сәйкес оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер шұғыл түрде өртті жою жұмыстарына кіріскен. Дәл осы өрт оқиғасында өзінің кәсіби шеберлігімен өзгелерден ерекшеленген Арман Жанысұлы жанындағы Әділхан, Бекнұр есімді кілең сайдың тасындай іріктелген жігіттермен бірге өмірлеріне төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, қызыл жалынды ауыздықтап, бірнеше жанды ажал тырнағынан арашалауға септіктерін тигізген. Бұл тек Арман қатысқан бір ғана өрт оқиғасы емес. Олардың әрқайсысын еске алар болсақ, тізім тізбектеліп кете беретіні анық. Қызығынан қиындығы басым осы саланың қызметкерлері ішінде, яғни ұжым арасында Төтенше жағдайлар қызметімен құрдас, өзінің еңбексүйгіштігімен, кәсібилігімен көзге түскен жастың бірі – Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Алмат Пралиевке де арнайы тоқталып, еңбегі жайлы аз-кем толғануды құп көрдік. Ол 1995 жылы Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Бүгінде бір ұядан түлеп ұшқан бауырлары сан салада жемісті еңбек етуде. Алмат өзі туған ауылындағы А.Герцен атындағы №29 орта мектепті аяқтап, 2011-2014 жылдар аралығында Тараз қаласындағы «Парасат» колледжін «Автоматтандырылған байланыс жүйесі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Оқуын аяқтаған соң Жуалы аудандық спорт және туризм бөлімінде бағдарламашы лауазымында еңбек атқарады. 2015 жылы Арайлым есімді арумен шаңырақ көтеріп, бүгінде Нұрислам, Арсен, Мұхамедали есімді балалардың әкесі атанып отыр. 2016 жылы Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші лауазымына жұмысқа қабылданған. Онда 2 жылдан астам қызмет атқарған Алмат Нұрғалиұлы кейін Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөліміне ауысқан. Өрт сөндіруші болып қызмет атқарған жылдары Алмат әріптестерімен бірге бірнеше жанды ажал тырнағынан арашалап қалған. Сондай-ақ Жуалының қар аралас, ақтүтек бораны кезінде Күйік асуындағы тілсіз жаумен тайталасу, жолда қалған адамдар мен көліктерді күртік қардан сүйреп шығару, аяғы ауыр әйелдерді ауруханаға жеткізу, тұрғын үйлердегі өртті сөндіру, тұрғындармен бірге өрт оқиғасына жол бермеу, апатты болдырмау мақсатында жүргізілген шаралардың басы-қасында Алмат жүретін. Осы тектес алдын алу жұмыстары барысында аянбаған кейіпкеріміз кейіннен өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі жетіспегендіктен лауазымын ауыстырып, көлік жүргізушісі болды. Алматтың мойнына өрт сөндірушілерді өрт оқиғасы немесе төтенше жағдайлар орын алған аумаққа дер кезінде әрі дін аман жеткізу, су беру және су жайылған аумақтан су сору секілді жұмыстар артылады. Ол аталған лауазымда да қызметке кір келтірмей, міндетін зор жауапкершілікпен атқарып, ұжым арасында үлкен беделге ие болып келеді. Біз болашақта Алмат секілді елін сүйіп, еңбегін адал атқарған азаматтардан үлкен үміт күтеміз. Тағы бір батырымыз – Жанболат Әкетай. Ол да 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданының Жақсылық ауылында туған. Әкесі Нұрлан пошта саласында қызмет етсе, анасы Алтынай аудандық аурухананың зертхана бөлімінде қызмет атқаруда. 2001-2012 жылдар аралығында Жанболат Нұрланұлы жергілікті Ш.Уалиханов атындағы орта мектепте білім алып, одан әрі 2012-2016 жылдары (сол кездегі атауымен) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол өз жұмысын 2016 жылы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» Қордай, Меркі аудандарында қарауыл бастығы лауазымы бойынша бастаған. 2019 жылдан бері Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылының №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқаруда. Қызметке орналасқанына көп ұзамай-ақ, яғни 2018 жылы Жанболат Эльвира есімді арумен отбасын құрып, бүгінде Нұрислам, Әлинұр, Нұржігіт есімді ұлдарды тәрбиелеуде. Әрине, ол түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою бойынша көптеген іс-шараға қатысқаны белгілі. Дегенмен солардың ішінде біреуіне тоқтала кетейік. 2022 жылдың 26 қыркүйегінде түс мезгілінде «101» нөміріне Луговой стансасы, теміржол маңында орналасқан шаруа қожалықтан өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Жанболат бастаған өрт сөндіруші-құтқарушы жігіттер оқиға орнына шұғыл жеткенде, шаруа қожалықтағы шөп жинайтын орын мал азығымен қоса өртеніп жатқанын және сол маңдағы автотехникаға арналған түрлі сипаттағы майлардың да қызыл жалынға оранғандығын анықтап, жедел түрде өрт сөндіру, құтқару жұмыстарын қолға алады. Осылайша Жанболат өзінің әріптестерімен бірге «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып атқарған кәсіби жұмыстарының нәтижесінде өрт оқиғасы орнынан сыйымдылығы әртүрлі 5 резервуар және 9 бөшке автотехника майлары өрттен тыс жерге шығарылады. Бағымызға орай, зардап шеккендер болған жоқ. Міне, маманның жедел әрекет етуінің арқасында қызыл жалынның одан әрі таралуының жолы кесілді. Олардың ширақ қимылына тәнті болған аталған шаруа қожалығының қожайыны бейнеүндеу арқылы өзінің шынайы алғысын білдіріп, ол жөнінде жазылған мақала бүкіл ғаламтор желісінде тарады. Ол бұған дейін де түрлі сипаттағы өрт оқиғалары мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді атсалысып жатыр. Атқарған еңбегіне орай Жанболат жоғарғы басшылықтан түрлі деңгейдегі марапаттарды иеленген. Атап айтар болсақ, 2015 жылы курсант болып жүрген кездің өзінде-ақ Астана қаласында Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылған әскери парадқа қатысқан белсенділігі үшін арнайы төсбелгімен және «Үздік құтқарушы» төсбелгілерімен марапатталған. Жанболат секілді халқына адал азаматтарымыздың елге сіңірер еңбегі әлі алда екендігін біз жақсы білеміз. Елімізде осындай өз қызметіне жауапты, мамандығын шын сүйетін оғландарымыз көп болсын. Жалпы өрт сөндіру саласының қай қызметкерін алып қарасаң да кілең қауіп-қатерге дес бермес, ержүрек, батыл, өз ісін жетік меңгерген мамандар. Бір таңғаларлығы, олар күнде өзге адамдардың батылы жете бермейтін өмірге қауіпті ерлік істер жасап жүрсе де қарапайымдылықтарынан бір айныған емес.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің баспасөз хатшысы