Руханият

Майдандағы «Миша сиқыршы»

Майдандағы «Миша сиқыршы»

Жыл өткен сайын от пен оқтың арасынан аман қайтқан екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Қаншама адамды шалғындай жапырып, дүниені астаң-кестең еткен соғыста бақилық болған ардагерлерімізге тағзым етіп, ерлігін естен шығармай, дәріптеу, ал арамызда жүргендеріне барынша жағдай жасау барша қазақстандықтың айнымас парызына айналған...

Осы орайда бүгін біз өскелең ұрпақты патриотизмге, Отанды сүюге, қиындықтарға төтеп бере білуге тәрбиелеу мақсатында соғыс ардагері Мұқаш Қойшыбекұлының өнегеге толы өмір жолы жайлы оқырманмен бөліскенді жөн көрдік. 1922 жылдың 6 қарашасында Әулиеатада (қазіргі Тараз қаласы) дүниеге келген Мұқаш Қойшыбекұлы ата-анасы мен бауырларынан ерте айырылып, жастайынан жетімдіктің қамытын киеді. Осылайша бала Мұқаш балалар үйінен бір-ақ шығады. «Жетім қозы тас­бауыр – маңырар да отығар» дегендей, ол өзі құралпылас жетімектермен бірге балалар үйінде білім алды. Әр істің бір қайыры бар. Кейіпкеріміздің балалар үйінде тәрбиеленуі соғысқа дейінгі аштықтан құтқарады. Мұқаш Қойшыбекұлы сегізінші сыныпта оқып жүргенде сұм соғыс басталды да кетті. 1941 жылдың күзінде небәрі 19 жастағы азамат алғашқылардың бірі болып Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. 1942 жылдың сәуіріне дейін Әулиеата қаласының әскери бөлімінде қызмет атқарады. Атты әскерлер арнайы дайындығынан өткен Мұқаш астындағы өз атымен Тектұрмастан әскери эшелонға тиеліп, майданға аттанды. Содан мамыр айында Орел қаласының маңындағы басқыншы гитлершілерге қарсы әскери іс-қимылдарға қатысты. Соғыстың соңғы күндеріне дейін барлауда және артиллериялық бөлімдер мен бөлімшелерде зеңбірекші-нұсқаушы болды. 6-армия құрамында соғысқан Мұқаш Қойшыбеков Сталинград маңындағы шайқаста ерекше көзге түседі. Артиллериялық полкте радио операторы, хабарлама (сигнал) беруші міндеттерін атқарады. Жарты Еуропаны азат етуге қатысып, 1945 жылы Берлинге де жетті. Кескілескен ұрыс кезінде бірнеше рет жаудың үздіксіз авиациялық бомбалауы барысында әуеден түскен 200 келі бомбаның соққы толқынынан контузияға ұшырайды. Жарылған үйінді топырақтың астынан қазып алған майдандағы қарулас достары Мұқашты өмір сүру мен күресуге деген талпынысына қарай «Миша сиқыршы» деп атап кетеді. Майданда көрсеткен ерлік істері үшін «И.Сталин. За боевые заслуги Мише Койшибекову» деп ойып жазылған тапанша атаулы қарумен марапатталды. 1945 жылдан 1947 жылға дейін Кеңес әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің құрамында Бандерлер бандиттік құрамалары мен Украина және Беларусь аумағында неміс-фашист әскерлерінің қалдықтарын жою жөніндегі жауынгерлік іс-қимылдарға белсенді қатысып, 1947 жылы Қазақстанға оралады. Елге келгеннен кейін 6 айлық бухгалтерлік курсты бітіріп, Жамбыл ауданы, Амангелді атындағы колхозда қатардағы жұмысшы, есепші, кейін бухгалтер, аға бухгалтер болып жұмыс істейді. Түрлі қызмет сатыларынан абыроймен өткен Мұқаш Қойшыбекұлы 1956-1961 жылдар аралығында Жамбыл және Свердлов аудандық кадрларды қайта даярлау мектептерінің директоры қызметін атқарады. Ал 1961-1966 жылдар аралығында Свердлов аудандық даярлау кеңсесінің директоры қызметін атқарса, 1966 жылы ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бас бухгалтері, 1968-1970 жылдар аралығында Қаратау қалалық өнеркәсіп комбинатының директоры, 1970-1975 жылдары Жамбыл облысының жеміс-көкөніс базасының директоры, 1975 жылдан облыстық ОРС бастығы сияқты бірқатар лауазымды қызметтер атқарып, 1982 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. М.Қойшыбеков кез келген лауазымда өзінің іскерлігімен, жоғары жұмыс қабілеттілігімен және адами қасиеттерімен ерекшеленді. Бірқатар жауынгерлік және еңбек наградаларымен марапатталды. Ұлы Отан соғысының ардагері және еңбек ардагері М.Қойшыбеков 1997 жылы 22 қаңтарда 75 жасында дүниеден озды. Ол осы саналы ғұмырында балаларына, немерелеріне және шөберелеріне үлгі болатындай лайықты өмір сүрді. Майдангердің есімі жақын адамдардың жүрегінде және ол адал қызмет еткен халықтың жадында мәңгі қала бермек. Шапағат ӘБДІР