«Сергектен» сақтану үшін сергектік қажет
«Сергектен» сақтану үшін сергектік қажет
Қазіргі таңда «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері еліміздің Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында орнатылған. Осы жылдың соңына дейін камералар Тараз бен Түркістан қалаларында іске қосылады. Полиция департаменті ұсынған статистикаға сәйкес биылғы 9 айда Таразда 562 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Былтыр көрсеткіш 576-ны, ал бұрнағы жылы 379-ды құраған. Екі жыл ішінде апаттар 32 пайызға өскен, апаттардан зардап шеккен адамдар саны 535-тен (2020 жылы) 788-ге (2022 жылы) дейін ұлғайған. Өлім жайттары 2 есеге (24-тен 11 адамға) төмендегенімен, жалпы облыс бойынша жол-көлік оқиғалары жылдан-жылға өсіп отыр. Ал қоғамдық орындардағы қылмыс саны былтыр Тараз қаласында 1 284-ке жеткен. Халқы бар болғаны 350 мыңнан асатын шаһар үшін бұл орасан зор көрсеткіш.
Сан түрлі қылмыстың ашылуына себепкер
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол апатының көпшілігіне жол жүрісі қағидаларын сақтамау және тәртіптің тиісті деңгейде болмауы себеп көрінеді. Жолда тәртіп сақтасаңыз алаңдаудың еш қажеті жоқ. Бұған қоса қазір қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту өткір мәселе болып тұр. Тараз қаласы тұрғындары да өздерін қауіпсіз сезінгісі келетіні анық. Сол себепті қоғамдық орындарда, қаланың қылмыс жасалуы ықтимал аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату көзделіпті. «Сергек» кешендеріндегі бейнебақылау камералары жолдың жүріс бөлігін ғана емес, оның маңайындағы аумақтарды да түсіреді. Камералардан алынған барлық ақпарат ситуациялық орталыққа жіберіледі. Қолға алынған бұл бастама барлық тұрғындардың көңілінен шыға ма, жоқ па оны уақыт көрсетер. Алайда «Сергек» камераларының арқасында Өскемен қаласында жоғалған қыз табылып, көлікті өртеп жіберген қылмыскер ұсталып, пәтер сатып алу кезінде зейнеткерді алдап кеткен алаяқтың қолға түскені туралы әңгімелер бәріміздің жадымызда. Осы жылдың тамыз айында полиция қызметкерлері есірткінің астыртын зертханасын да анықтап үлгерді.
Айыппұл салынарда жағдай зерделенеді
«Сергек» интеллектуалды қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің бұқаралық секторымен біріктірілген. Сонда осы тұста «Жасанды интеллект пен адам арасындағы өзара әрекеттесу алгоритмі қалай жүзеге асырылады?» деген сұрақ туындайды. «Сергек» камералары жылдамдықты, көліктің бағдаршамның қызыл түсіне өтуін, тоқтау сызығын кесіп өтуді, қиылыс алдында дұрыс емес қатарға тұру (тоқтату сызығына бірнеше метр қалғанда қайта ауыстырылу) және тыйым салған жерде тоқталуын тіркейді. Заңбұзушылық жағдайлар автоматты түрде анықталады. Содан кейін құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат әкімшілік полиция қызметкеріне жолданады. Дәл осы мақсатта тек фотосуреттер ғана емес, бейнежазба да жазылады. Өйткені жүргізуші төтенше жағдайды болдырмау үшін жедел жәрдем көлігін алға жіберіп немесе басқа себептермен жол жүрісі қағидаларын бұзуы мүмкін. Полиция қызметкері жүргізушінің кінәлі екеніне сенімді болса, ол айыппұл салу туралы шешімді өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы растайды екен. Айыппұл төлеу туралы ұйғарым келсе, құжатты https://erap-public.kgp.kz (Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің бұқаралық секторы) сайтынан жүктеп алуға болады. Авторизациядан өту үшін ЭЦҚ қажет. Әкімшілік құқықбұзушылықпен келіспеген жағдайда көліктің иесі ұйғарымда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалып немесе шағымды әкімшілік полиция өкілдеріне қағаз түрінде апарып не электронды үкімет порталы арқылы жолдай алады.
Бұл Қытайдың жобасы емес
Бұл сауал көпті толғандыратынын жоғарыда атап өттік. Ендеше алыпқашпа сөздің ақиқатына келсек, барлық айыппұлдар жергілікті бюджетке түсіп, кейін қала қажеттілігіне жұмсалады. Мемлекеттік мекемелердің заңдық және банктік реквизиттері бұйрықтардың түбіртектерінде көрсетілген. Сонымен қатар еліміздің қоғамдық қауіпсіздік саласындағы басты ІТ жобасы қай елдің туындысы?! Білетін болсаңыз, "Сергек" бұл тек темірден жасалған техникалық құралдар, яғни камералар, серверлер, деректерді тасымалдау құрылғылары ғана емес. Бағдарламалық жасақтама осының негізінде жасалған. «Сергек» жобасы – 100 пайыз қазақстандық жүйе, бағдарламалық жасақтама және алгоритмдерді біздің жергілікті IT мамандар жасаған. Барлық деректер серверлері де Қазақстан аумағында орналасқан, яғни ешқандай Қытай не басқа елдің жобасы емес. «Сергек» кешенін орнатушы "Sergek Group" компаниялар тобы өкілдерінің айтуынша, жүйені іске қосу оңай шаруа емес. Ең әуелі заңнамада белгіленген рәсімдерден өту қажет. Аппараттық-бағдарламалық кешеннің әрбір бірлігі ҚР заңнамасына сәйкес тексеріледі. Сертификатсыз, тексерусіз мемлекеттік органдар кешеннің жұмыс істеуіне жол бермейді. Бекітулер мен рұқсаттар алынып, кешендер сертификаттаудан өтіп, төтенше жағдайлар учаскелері мен қаланың қылмысқа бейім аймақтары анықталады. Осыдан кейін жеке инвестицияның көмегімен сатып алынған жабдықтар белгіленген аумақтарда орнатылады. Әр кешен конфигурациялау, калибрлеу және сынаудан өтеді. Қазір осы үдерістер жүзеге асу үстінде. Барлық процедуралар аяқталғаннан кейін ғана полиция бөлімшесі «Сергек» жүйесін іске қосады. Жүйенің іске қосылғаны туралы азаматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар болады. Сол кезден бастап жол ережесін бұзған жүргізушілер айыппұл арқалай бастайды.
Айбар Таласбек