ЖУРНАЛИСТІҢ «ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЫ»
ЖУРНАЛИСТІҢ «ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЫ»
Жуырда журналистің «Жүректегі жазулар» атты публицистикалық туындылары мен мақалалары жинақталған кітабы оқырманға жол тартты. Кітап жалпы «Ұшқыр қалам іздері», «Жұлдызды жылдар жарығы», «Сырлар, сырлар», «Қаламгер жайлы толғаныстар» сынды төрт бөлімнен тұрады. Жазушының саналы ғұмырында көрген, білгендерінен сыр шертетін кітап оқырмандарын өзінің иріміне тартып отырады. Әрі әр шығармасы қысқа-қысқа болғандықтан оқуға да, ой қорытуға да өте ыңғайлы. Қаламгердің кітаптағы «Жұлдызды жылдар жарығы» бөліміндегі «Жер сілкінісінің алдын алуға бола ма?»деген мақаласын оқып, құнды шығарманың уақыт өткен сайын бағасы арта беретінін түсінесіз. Адамзат болжап болмайтын табиғи апаттың алдын алу қай елдің болмасын мемлекеттік парызы. Бүгінгі заманда бұл маңызды. Жазушы өзінің мақаласында қай жылдары қатты жер сілкінісі болғанын және одан қалай сақтануға болатынын терең зерттеп жазған. Жазушы адам жанының инженері болуы тиіс десек, Әбділда Сәрсенбінің шығармаларында қоғамның сыздаған жарасын, адамның ішкі наласын жазатын тұстар көп-ақ. Журналистің «Тасбауырлар» деген мақаласында ата-анасын қарттар үйіне апарып тастаған жастар туралы сөз болады. Бұл бүгін де, ертең де көнермейтін тақырып әрі қазақ қоғамына келген бір қасірет. Міне, соны мақаласы арқылы айшықтаған қаламгердің парасатты пайымдары бүгінгі ұрпақты бір сәт ойландыратыны анық. Өмірдің өзімен өзектес «Жүректегі жазулар» кітабы оқырманына олжа сыйлайтынына біз сенімдіміз.
Шапағат ӘБДІР