Мәдениет

Театрлар тойы: Дәстүрлі фестивальдің деңгейі бөлек

Театрлар тойы: Дәстүрлі фестивальдің деңгейі бөлек

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Театр – өмір айнасы» атты облыстық халық театрларының фестивалі өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен өнер додасында Мұхтар Әуезовтың туындыларының желісімен қойылым қойылды. Мұндағы мақсат жазушының шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мен халық театрларының шеберлігін шыңдауға бағытталған. Сонымен қатар халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру көзделген. Өнер бәйгесіне Тараз қаласы мен облыс аудандарынан 12 халық театрының ұжымдары қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальдің бұл жолғысы Меркі ауданынан келген «Меркі» халық театры қойған «Айман-Шолпан» пьесасымен басталды. Драмалық комедиядағы әдемі юморды меркілік өнерпаздар әсерлі жеткізді. Бұдан кейін Жуалы ауданынан келген «Мыңбұлақ» халық театры «Абай жолы» романынан үзінді келтіріп, «Махаббат пен парасат» тақырыбында ақынның әрнеге тереңінен үңілген ойлылығын, махаббатын жеткізуге тырысты. «Абай жолының» үзіндісімен «Қордай» халық театры да «Махаббатсыз дүние бос» тақырыбын таңдапты. Т.Рысқұлов ауданынан келген «Б.Битанов» халық театры «Қарагөз» қойылымы арқылы бұрынғы қыз тағдырының ауырлығын ашық көрсетті. Бір-бірін сүйгеннен басқа кінәсі жоқ Қарагөз бен Сырымның қасіретін қысқа қойылымның өзінде нақты жеткізе білді. Өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болғандарын көрермендер де зор қошеметімен көрсетті. Ал «Мойынқұм» халық театры «Бәйбіше-тоқал» пьесасын сахналай отырып, халықтың «Екі сиыр – айран, екі әйел – ойран» сөзінің нақ дәлелін жеткізді. Жазушы көркемсөзбен берген оқиғаны театр әртістері өмірдегідей етіп көрсетті. Бәйбіше дүние салғаннан кейін әулеттегі билікті өз қолына алмақ болған тоқалдың жымысқы пиғылымен тағдыры тартысқа түскен қыздың, оны қорғамақ болған ағасының қаза болуымен бүтін бір шаңыраққа келген қайғының астарында іштарлық та, алауыздық та жатыр. Фестивальге Сарысу ауданынан қос театр қатысты. «Саудакент» халық театры «Абай жолы» романының үзіндісімен «Телғара» тақырыбында жас Абайдың ауылына келгендегі көрген Қодар мен Қамқаның жазықсыз жаза тартуын әсерлі жеткізді. Ақ-қарасын анықтамай жатып ауыр жаза кескен үлкендердің шешіміне налыған жас ақынның наласын саудакенттіктер шебер бейнеледі. Ал «Сарысу» халық театры М.Әуезовтың «Үш күн» әңгімесінен инсценировка жасап, «Көлбай» атымен спектакль қойды. Онда қоғамдағы бай мен кедей болып бөлінушілікті жою мақсатындағы теңестірудің тәсілдерін кейіпкерлердің өзіндік пайымымен келтірген. Басты рөлдегі Көлбай қос ағасының байлардан есе қайтаруын ас ішумен өлшейтінін ақымақтыққа балап, босағада жүргендерді төрге оздырған әрекетін әдемі әзілмен өрген. Фестивальдің екінші күнінде Талас ауданының «Талас» халық театры «Қорғансыздың күнін» сахналаса, Тараз қаласынан «Дулати жастары» халық театры «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымын қойды. Айта кету керек, «Дулати жастары» даладағы тау-тасты да, хан сарайындағы тақты да, үйір-үйір жылқыларды да, тіпті Баян сұлудың сарайдағы салтанатын да әртістер өздері бейнелеп, шебер сомдады. Бұдан біз талантты жастардың тек бойдағы қабілетін ғана емес, ізденімпаздықтарын, тапқырлығын байқадық. Соныман қатар осы күні Жамбыл ауданының «Дарын», Шу қаласының «Шу қаған» және Шу ауданының «Шу» халық театрлары өнер көрсетті. Екі күнге созылған фестивальдегі өнер ұжымдарының қойылымдарына ҚР Еңбек сіңірген артисі А.Сейілханов (төраға), ҚР Мәдениет саласының үздіктері Н.Абдуллаев, Б.Ізбасаров, Жамбыл облысы халық театрлар одағының төрайымы Э.Асылбекова, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі Б.Көпжасаров қазылық етті. – Бұл жарыс емес, фестиваль, яғни театрлардың тойы десек болады. Мұнда халық театрлары өз өнерлерін көрсете отырып, өзгелермен тәжірибе алмасады. Шығармашылық ізденістерін толықтырады. Мұндай іс-шараның жыл сайын өтуі өнерге деген жанашырлықты байқатады. Биылғы фестивальден көрермендердің театрға деген құрметін көріп, марқайдым. Халық театры дегеніміз театрда еңбек ететіндер емес, әр салада қызмет етіп жүрген, актерлікке бейімі бар азаматтардан құралған ұжым. Міне, осындай адамдардың өзіне тапсырылған кейіпкерді сомдауда аянбай еңбектенуі өнерге деген құштарлықтарын сездірді. Халық театрының құрамында кәсіби актерлер емес, әуесқой әртістер. Міне, осы жағынан алып қарағанда, өнерді сүйетіндердің баршылығы көңілді марқайтады. Бұл фестиваль Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналғандықтан жазушының туындылары сахналанды. Репертуарда бір туындыны қайталаған театрлар бар, бірақ әрқайсысы өзіндік қолтаңбасымен жеткізгенімен ерекшеленді. Ал қазылар алқасына келсек, осы салада еңбек етіп жүрген, театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар іріктелгенінің өзі әділ сараптау болғанын аңғартады. Бұл фестивальда халық театрларының өз деңгейінде екеніне көзіміз жетті. Қазіргі техника заманында театр ақсап жатыр ма деген күдік көкейде болған, бүгін олай еместігін көрдік. М.Х.Дулати атындағы университеттің «Дулати жастары» театрын ұстахана дейміз, себебі облысымыздың түкпір-түкпірінде осы салада еңбек етіп жүргендердің көбі осы университеттің "Мәдениет және өнер" кафедрасынан шыққандар. Осы «Дулати жастары» театрының бойынан актерлік ансамбльді, образдардың жасалуын, музыканың қойылуын, сөздің анық айтылуын, бүкіл актерлік шеберлікке қойылатын талаптарды көре алдық. Әрине, бұл жастар ертең аудандардағы театрларды көркейтуге барады, олардың болашақтарынан көп үміт күтеміз, – деді қазылар алқасының төрағасы Асқарбек Сейілхан. Фестиваль қорытындысында «Үздік спектакль» номинациясын «Шу» халық театры, «Үздік режиссура» номинациясын Т.Рысқұлов ауданының «Б.Битанов» халық театры олжалады. «Үздік ер адам» номинациясы Көлбай образын сомдаған Әмірғали Бақытов, «Сарысу» халық театрына берілсе, «Үздік әйел адам» аталымы Бопай образын ойнаған Нұршат Құрманбекова, Жамбыл ауданының «Дарын» халық театрына бұйырды. «Үздік эпизод» номинациясы Жарас (Меркі халық театры) және Сүйіндік образдарына («Саудакент» халық театры) берілді. «Дулати жастары» халық театры «Үздік актерлік ансмабль» номинациясының жүлдесіне ие болды. «Қордай», «Талас», «Мойынқұм», «Шу қаған» және Жуалы ауданынан келген «Мыңбұлақ» халық театрлары алғыс хатпен марапатталды. – Біз бүгінгі фестивальге «Айман-Шолпан» пьесасын алып келдік. Бұл пьесаны халық бұрынғы тұрмыстық үлгіде көріп үйренген, біз жаңаша заманауи түрде көрсетуге тырыстық. Жаңа дүние болған соң көрермен қалай қабылдар екен деген ой болғаны рас. «Үздік спектакль» номинациясын алғанымызға қарағанда, біздің жаңалығымызды көпшіліктің жылы қабылдағаны деп қуанып отырмыз. Драма, трагедияға қарағанда комедияны қою қиындау, себебі қазір халықты күлдіру оңай емес. Сондықтан «Айман-Шолпанды» таңдаған едік. Таңдауымыздың дұрыс болғанына көз жеткізгендейміз. Бүгінгі фестивальдан алғанымыз көп болды, өзге театрлардан үйренгеніміз де жетерлік, – дейді «Шу» халық театрының режиссері Мәрлен Азаматов.

Қамар Қарасаева