Мәдениет

Қаламгер құрмет құшағында

Қаламгер құрмет құшағында

Жақында Халықаралық Тараз инновациялық институтында облысымызға белгілі қаламгер, ардагер журналист Мақұлбек Малдарбековтың «Жүрек жылытқан жылдарым» атты шығармашылық кеші өтті. Қарымды қаламгердің 70 жылдық мерейтойына орай өткен әдеби кеште оның «Өмір бәйгесінде» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

Мақұлбек Малдарбеков барлық саналы ғұмырын тілшілікке арнаған ардагер журналист. Еңбек жолын «Аq Jol» газетінде бастаған ол «Jambyl» телеарнасының дамуына да өзіндік үлес қосты. Қаламгер Мақұлбек Малдарбекке мерейлі 70 жасқа толуына орай көпшілік тарапынан лайықты құрмет көрсетілді. Тұсаукесер рәсіміне филология ғылымдарының докторы, ғалым Сәмен Құлбарақ, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев, сатирик-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы, «aulieata-media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт, қарымды қаламгер Елен Әлімжан, ардагер журналист Болат Жаппарұлы, облыстық «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков қатысты. Алдияр Түсіпов, Нұрсифат Салықова, Еркінбек Солтыбаев секілді бірқатар облыстың құрметті ардагерлері де мерейлі жиынның төрінен табылып, ақжарма тілектерін арнады. Жиылғандар кітаптың лентасын қиып, туынды авторының журналистік және адами қасиеттеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ қазақы ғұрыппен мерейтой иесіне шапан жапты. Ақын әріптесі Бақытжан Советұлы да өткен күндерден естеліктер айтты. «Жүрек жылытқан жылдарым» атты ардагер журналистің 70 жылдық мерейтойына орай өткен кеште облыстың зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер және әріптестері оның шығармашылығына кеңінен тоқталып, шын жүректен құттықтады. Қаламгердің шығармаларынан үзінділер оқылып, жазу барысындағы шеберлігі айтылды. Мерейтой иесінің облыстық газетте және телеарнада еңбек еткен жылдарынан жарқын естеліктер айтылды. Оның қазаққа кеңінен танымал көптеген қаламгерлермен дос, сырлас, замандас болғаны жөнінде ой қозғалды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ