АТАҒЫ АЛЫСҚА КЕТКЕН ІСМЕР
АТАҒЫ АЛЫСҚА КЕТКЕН ІСМЕР
Жуырда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы баспасөз турын ұйымдастырып, журналистер мінген көлік Кенен Әзірбаев көшесінің бойындағы еңселі үйдің алдына келіп тоқтады. Көп ұзамай алдымыздан қолөнер шебері Захира Мырзатайқызы шығып келе жатқанда сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып қарап қалыппыз. Бізді бұрыннан жақсы танитын адамдай жылы шыраймен құрақ ұшып қарсы алып, амандығымызды сұрап, жік-жаппар болып жатыр. Амандық-саулықтан кейін бірден әңгіме тиегін ағытты. Он саусағынан өнер тамған шебердің сөзге шешен екені бірден байқалды. Әлде сұхбат беріп әбден ысылып қалғандықтан ба, кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдары, даму жолы жайлы рет-ретімен айтып берді. Біз тек мұқият тыңдап отырдық. – Негізі анам Үрзия да, әжем Қатай да, апам Рыскүл де іс тігетін айтулы шебер болған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, осылайша анамның, әжелерімнің қасында жүріп қолөнердің қыр-сырына қанығып өстім. Арада жылдар өтіп, біз де есейдік, оң-солымызды таныдық. Тоқсаныншы жылдары кәсіппен де айналысып көрдік. Пияз ектік. Бірақ түрлі себептерге байланысты кәсібімізді дөңгелетіп әкете алмадық. Бірақ ешқашан қолөнерді кәсіп көзіне айналдырамын деп ойламаппын. Күндердің күнінде базарға жолым түсті. Сөйтіп қыз жасауын сатып тұрған қырғыз келіншектердің қасынан өтіп бара жатып «қазақтың қыз-келіншектері өздері тіге алмайды, сондықтан жапа-тармағай бізден сатып алады» деп әңгіме айтып тұрғанын құлағым шалып қалды. Шыны керек, осы жағдай намысымды оятты. «Қолымнан келеді, неге айналыспасқа?» деген ой келді. Осылайша белді бекем буып, 2003 жылы қыз жасауын тігуді бастап кеттім, – дейді З.Мырзатайқызы. Он тоғыз жылдан бері түрлі қиындықтарды, кедергілерді еңсерген кәсіпкер бүгінде ісін жолға қойып, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Осы уақытқа дейін көптеген қаракөз қыздарымызды тәрбиесіне алып, бала бүркіттей баулып шығарған. Яғни қарамағында жұмыс істеген қыз-келіншектерге тек қолөнерді ғана үйретіп қоймай, отбасы мен бақытты неке құндылықтарын бойларына сіңіруге баса мән берген. Кәсіпкердің тәрбиесін көріп, тағылымын алғандардың барлығы бүгінде бір-бір әулеттің түтінін түтетіп, сүйікті жар, ардақты ана, аяулы келін болып отырған көрінеді. – Кез келген өнімнің сапасына мән береміз. Әрине, кейде тапсырыс көбейіп, үлгере алмай да жатамыз. Бірақ ешқашан базардың бағасы арзан, сапасы нашар өніміне жолаған емеспін. Әйтпесе «тапсырыс беруші қайдан біледі» деп базардың тауарын сатып жіберсем де болады. Одан кейін өнімдерімді базарға шығарған емеспін. Әлеуметтік желі арқылы да жарнамаламаймын. Тұрақты клиенттеріміз көп. Керек адам сауда орталығымызға келіп, қалағанын алып кетеді. Жуырда ғана Ресейден арнайы келіп, қыз жасауын сатып алып кетті. Америка, Германия, Түркияда да тұтынушыларымыз бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндер де жетерлік. Ал әлеуметтік желі арқылы жарнамаламайтын себебім – идеяңды ұрлайтындар көп. Мәселен, базардағы саудагерлердің көпшілігі кезінде қыз жасауының дизайнын бізден ұрлады. Сауда орталығына күн сайын неше түрлі адам келеді. Кімнің кім екенін қайдан білесің. Қызығып ұялы телефондарына суретке түсіріп жататын. Мән бермейтінмін. Сөйтсем сатып алушылар емес, сатушылар екен ғой. Осылайша қыстай үйде көз майымды тауысып отырып жасаған дизайндарым базарды жаулай бастады. Осы жағдайдан кейін тіпті суретке де түсіртпейтін болдым. Шүкір маңдай тер, адал еңбегіміздің арқасында он тоғыз жылда толағай табыстарға қол жеткіздім. Тоғыз мемлекеттің көрмесіне қатыстым. Талай марапат алдық. Төрт мемлекеттің «Ең таңдаулы адамдар» деген энциклопедиясына ендім. Алыс-жақын шет мемлекеттерден көп шақырып жатады. Өкінішке қарай көбіне бара алмаймын. Себебі уақыт тапшы. Мәселен, бір күнге кетіп қалсам, тапсырыс берушілерді ұятқа қалдыруым мүмкін. Айтылған уақытында жасауын бітіруім керек. Сондықтан жауапкершілік өте жоғары. Кәсіпті алғаш бастағанда арманым сауда орталығын ашу болатын. Бірнеше жыл бұрын ашып алдым. Түркияға, Қытайға көп бардым. Түркиялық кәсіпкерлерден үйренгенім көп болды. Мәселен, Түркияда төрт қабатты үйдің жертөлесі цех болса, бірінші қабаты дүкені, екінші қабатында оқыту орталығы болуы мүмкін. Ал төртінші қабатында отбасымен тұрады. Дәл солай үш қабатты үй соғып, жертөлесіне цехымызды орналастырып, екінші қабатында дүкенімізді аштық. Үшінші қабатында өзіміз тұрамыз, – дейді Захира Мырзатайқызы. Қолөнер шеберінің ұлттық құндылықтарды өркендету жолында ыждаһатты іс атқарып жүргені өзгелерге үлгі етуге тұрарлықтай. Сөз соңында кәсіпкер халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қолөнері жыл санап жанданып жатқанын, әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары екенін тілге тиек етті. Қол мен қиял еңбегін қажет ететін қолөнерге құштар, шеберлікке ынтызар жастардың қатарының көбеюі құптарлық-ақ қадам.
Талғат НҰРХАНОВ