ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – ЖАСТАР НАЗАРЫНДА
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – ЖАСТАР НАЗАРЫНДА
Эколог В.Вилнитистің айтуынша, қоқыс қалдықтарын тұрмыстық жағдайда сұрыптауға машықтануға кем дегенде 10 жылға жуық уақыт кетеді. Латвия тұрғындары қоқысты түрлі контейнерлерге салуға әу баста құлық танытпағанымен, кейін түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шыны, пластика, қағаз қалдықтарын бөліп тастауды әдетке айналдыра бастаған. 2000 жылдары басталған бұл бастама қазіргі таңда үйреншікті үрдіске айналыпты. Балабақшадан бастап, мектеп, ЖОО-да да тиісті түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырған. Әрбір бүлдіршін сұрыптаудың экология үшін маңызды екенін жастайынан құлағына сіңіріп өседі. Яғни «Тәрбие талбесіктен», демекші, егер әр отбасы тұрмыс салтында, бала тәрбиесінде Латвия секілді Еуропа елдерінің тәжірибесін ескеретін болса, қоғамда экологиялық мәдениет жаңғыра түсер еді. Әрине, барлық жауапкершілікті ата-анаға артып қоюға тағы болмайды. Тиісті құзырлы мекемелер де бүгінгі күннің өзекті мәселесіне немқұрайды қарамай, өз үлестерін қосқаны абзал. Сол мақсатта облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жыл бойы тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, өңірімізде «Экологиялық мәдениет» бағыты аясында барлығы 10 811 адамды қамтыған 621 іс-шара өткізілді. Жастар ресурстық орталығында «Жастар бастамаларын қолдау» бөлімі ашылған болатын. Бөлімнің ұйымдастыруымен экология мәселесіне қатысты екі ауқымды іс-шара өтті. Сондай-ақ еріктілеріміз «Эко карта» экологиялық тазалық жобасын бастады. Жобаның мақсаты – қаланың қатты ластанған жерлерінің экологиялық картасын құру. Осы орайда картаның көмегімен сенбіліктер ұйымдастырылғандығын айта кеткен жөн. Бірінші сенбілік үш бөлімге бөлінді. Тараз қаласындағы Д.Қонаев көшесінің маңындағы үйлердің бірінші учаскесінде 20 ерікті 6 қап қоқысты жинап, 2 аялдаманы тазартты. Екінші нүкте – «Самал» ықшамауданындағы тоғай. 20 ерікті 8 қап қоқыс, 50 дана пластикалық баклажка жинады. Үшінші нүкте «Жасыл ел» еңбек жасағына берілді. Екінші сенбілік те үш бөлімге бөлінді. Бірінші учаске – «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы «Қайқармет» базары. Онда 20 ерікті 10 қап қоқыс, 15 пластикалық көкөніс жәшігі, 27 дана картон жинады. Екінші нүкте – «Салтанат» ықшамауданындағы базар. 10 ерікті 6 қап қоқыс жинады. Үшінші орын «Жасыл ел» еңбек жасағына берілді. Аталған іс-шарада инновациялық топ мүшелері Эко картаның эскизі мен дизайны бойынша кеңес өткізді. Үш нұсқа ұсынылып, біреуі таңдалды. Таңдалған опция брошюра түрінде болады. Негізгі бетте жоба туралы мәліметтер жазылады, сонымен қатар қаланың ластанған жерлері нөмірленеді. Екінші жағына тазалау кезінде жиі кездесетін қалдықтардың суреттері беріледі. Сонымен қатар «Birgemiz: Taza аlem» экология мен қоршаған орта саласындағы волонтерлік қызметті дамыту жалпыұлттық жобасы аясында «Sanaly urpaq» жобасы жүзеге асты. Жоба аясында «Аю» және «Ел-Дария» балабақшаларына барып, экологиялық сауаттылықтарын арттыру мақсатында бүлдіршіндерге теориялық және практикалық сабақтар өткізіп, тапсырмалар берілді. Жоба нәтижесінде балалардың бойында эко-мәдениет қалыптасып, балалар экологиялық таза өмір жайлы түсінік қалыптастырды. Мұнан басқа да жастардың ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылды. Экология – өмір, экология – болашақ. Оны қорғау, келеңсіз жағдайлардың алдын алу – өмір мен болашаққа жасалған қамқорлық. Сондықтан экология, қоршаған орта мәселесіне атүсті қарамау қашанда негізгі міндет, басым бағыт болуы тиіс.
Арайлым АБДУАЛИЕВА, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры