Қызылша алқабында қызу еңбек
Қызылша алқабында қызу еңбек
Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат. Оның өндірілу деңгейі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл – қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық мәнге ие. Тәтті түбірді өсірудің озық технологиясы, егістікті суару, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, егіс алқаптарының көлемін ұлғайту – қант өндірісін дамытудың негізгі бағыттары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген болатын. Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын арттыру міндеттерін көздейді. Бүгінде бұл бағыттар бойынша Жамбыл ауданында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды аяқтауда. Биыл ауданда қант қызылшасы 730 гектар алқапқа орналастырылды. Бүгінде оның 546 гектары қазылып, 16563,3 тонна балтамыр жиналды. Жамбылдық диқандар қызылшаның өнімділігіне айрықша көңіл бөлуде. Қызылшаның гектарға шаққандағы өнімділігін ескеріп, үстіміздегі жылы қант зауытына 11 695 тонна қант қызылшасын өткізуді межелеп отыр. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібековтен жиын-терін барысы туралы сұрағанымызда, ол: «Ауданда диқандардың ала жаздай төккен тері ақталсын деп, биыл тәтті түбірді жинауды ерте бастан бастап кеттік. Биыл балтамыр алқаптарының шығымы жақсы. Өнімділігі де жоғары. Кейбір алқаптарда өнім гектарына 500-550 центнерден айналуда. Қазір қызылшаның гектарға шаққандағы өнімділігін ескеріп, қант зауытына 11 695 тонна балтамыр өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді. Қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып Нуритдин Бегманов жетекшілік ететін «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативі және «Тастөбе» шаруа қожалығы кіріскен. Өндірістік кооператив әзірге 41 гектардан 2 399 тонна өнім жинаса, шаруа қожалық егілген 45 гектар алқаптың әр гектарынан 520 центнерден өнім алып, 1 560 тонна қызылша жинап алған. Оның 1 519 тоннасы Меркі қант зауытына өткізілген. Меркі қант зауыты жауапты науқанға дайындығын өз деңгейінде қамдаған. Қант тапшылығын болдырмау мақсатында зауыт үздіксіз жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 30 мың теңгені құрайды. Яғни қант зауыты өткізілген өнімнің тоннасына – 15 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 15 мың теңге субсидия төленеді. Шаруалар өнімді өткізуде түзілетін ұзын сонар кезектің азайғанына да дән риза.
Ильяс ҚАЛЫБЕКҰЛЫ, Жамбыл ауданы