Цифрлық Қазақстан

ЗАМАНАУИ ЦИФРЛЫҚ КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

ЗАМАНАУИ ЦИФРЛЫҚ КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

«Цифрлы Қазақстан» – сандық технологияларды пайдалану арқылы еліміздің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған маңызды кешенді іс-шаралар бағдарламасы. Аталған құжаттың аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан іс аз емес. Соның бірден-бір дәлелі ретінде алғаш рет Сарыкемер ауылында заманауи үлгідегі «Халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсе» ашылып, ел игілігіне ұсынылды.

Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сүйеніш Төлеуханұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қатысты. Жаңа нысанның ашылу салтанатында алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы сөз алып, ізгі тілегін арнады. – Баршаңызды халыққа қызмет көрсету цифрлық орталығының салтанатты түрде ашылуымен шын жүректен құттықтаймыз. Халқы тығыз орналасқан ауданда осы орталықтың тигізер пайдасы мол. Өңірімізде дәл осындай заманауи 15 орталық болса, бүгін оның қатары тағы бір нысанға артып отыр. Биыл осындай цифрлық кеңсе арқылы 600 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 2 500-і электронды түрде халыққа септігін тигізді. Жыл өткен сайын қызметтің түрі көбейіп, оны пайдаланушылардың да саны артуда. Осындай орталықтар көбейіп, халыққа көрсетер қызметтің сапасы арта берсін, – деді Қ.Мәдібек. Салтанатты шарада сөз алған Сүйеніш Төлеуханұлы мен Шәкір Сұлтанхан шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде қиды. Шашу шашылған соң, шараға қатысушылар ғимаратты аралап көрді. Жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыстары туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин толығымен түсіндіріп өтті. Мұнда халық ағынын ескере келе, аймақтарға бөліну жұмыстары жүйеге қойылып, дұрыс орналастырылғандығын айтты. Яғни азаматтарға ыңғайлы болу үшін ХҚКО-да «Connection Point» деп аталатын өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдары ұйымдастырылған. Келушілер оператордың шақыруын күтпей-ақ электрондық қызметтерді өз бетінше ала алады. – Халыққа қызмет көрсететін заманауи цифрлық кеңседе орналасқан операциялық залдың дәстүрлі қызметтері көрсетілетін бірнеше аймақ қарастырылған. Мәселен, мұнда зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылар мәселелеріне қатысты әлеуметтік қызметтер, жылдамдық, жайлылық, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, қызметкерлердің демалыс, оқу бөлмелері және де құжаттарды беру аймағы бар. Жаңа жүйеде өз қызметін бастаған кеңсе алдағы уақытта аудан тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ. Филиалдың жаңа нысаны аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейді. Сондай-ақ әрбір азаматтың өзіне-өзі қызмет көрсетуі үшін жағдай жасау және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру қоғам үшін маңызды, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл. Тағы айта кететін жайт, жаңа нысанда қызмет алуға келген кішкентай балалары бар аналар үшін «Ана мен бала», «Ойын» бөлмелері де қарастырылған.

Арайлым НАРБАТЫРОВА, Байзақ ауданы